Жеңіс тұғырында – «Аспан симфониясы» қойылымы

9 Қараша 2015, 10:00

«Цирк өнері» номинациясы

Елорданың рухани байрағына айналған «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі мәресіне жетіп, жеңімпаздарын анықтады. Шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктерді іріктеген өнер додасы биыл «Классикалық музыка», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы», «Цирк өнері», «Спорттық сәнді би» номинациялары бойынша өтті.

Осы аталған номинациялардың арасында «Цирк өнеріне» тоқталар болсақ, фестиваль 4-5 қараша күндері Астана циркінде өтті. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен келген сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейден келген 16 команда бақ сынады.

Байқаудың бірінші күні Астаналық цирк өнерпазы Әбдібек Айзада цирк шымылдығын «Жар-птица» қойылымымен ашты.

– Бүгін алғаш рет үлкен сахнада өнер көрсеттім, – дейді 11 жастағы Айзада Әбдібек. – Менің ата-анам цирк саласында еңбек етеді. Мен де әке-шешемнің өнер жолын жалғастырғым келеді. Кішкентайымнан үнемі циркқа келіп, түрлі трюктарды көріп жүрдім. Өнер саласында оңай ештеме жоқ, қайта цирк өнерінің қиындығы менің қызуғышылығымды шыңдай түсті. Әуелі түрлі үйірмелерге қатысып, жасым өскен сайын цирктағы дайындығымды күшейте түстім. Менің өнердегі ұстаздарым – Хорлан мен Жұмат Жанмырзаевтар. Бүгін алғаш рет «Шабыт» жастар фестивалінде өнер көрсеттім.

Айзада цирктің аспан төрінде тербеле өнер көрсетті. Ол мектепте де үздік оқушы екенін атап өткеніміз жөн.

«Биікте күрделі қимылдар орындап, өнер көрсету қорқынышты емес пе?» деген сауалымызға Айзада: «Жоқ, мен үшін еш қорқыныш болған жоқ. Мен сәл қобалжыдым, алайда әрбір қимылымды еш қателіксіз орындауға тырыстым», – деп жауап берді.

«Цирк өнері» байқауына Макинск қаласынан келген «Оригинальные жонглеры», Тараз қаласынан келген «Балауса» циркі, Қырғыз мемлекеттік циркі, Қарағандылық Қали Байжанов атындағы «Жас жүректер» концерттік бірлестігі, Астана қаласының «Балдырған» халықтық циркі, Қарағанды қаласының «Браво» сайқымазақтар халықтық театры, Ресейдің Новосибирск қаласынан келген «Невисимость» арт-студиясы, Шымкент қалалық «Оңтүстік-Цирк» мемлекеттік мекемесі, Алматы қаласының Қазақ мемлекеттік циркінен келген өнерпаздар бақтарын сынады.

Қырғызстан Мемлекеттік циркі атынан шыққан Мұратбек қызы Алымхан көрермендерге «Кор-де-валан» нөмірін ұсынды.

– Мен «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне үшінші рет қатысып отырмын. Мен де ата-анамның жолын қудым. Ол кісілер бар өмірін цирк сахнасына арнаған Қырғызстанда өте танымал өнерпаздар. Мен 4-курста оқимын мамандығым «Туризм». Болашақта цирк өнері мен осы туризм саласын өзара байланыстырып, дамытқым келеді. Себебі, өнер жолында жүргендіктен біз көп гастрольдік сапарларға шығып тұрамыз, конкурстарға қатысамыз, – дейді Алымхан.

   

«Цирк өнері» номинацисы бойынша Гран-при атағын Бурашев Серік жетекшілік ететін Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік циркінің өнерпаздары жеңіп алды. Талантты акробаттар «Аспан симфониясы» атты қойылымды жоғары дәрежеде орындады.

І орынды «Оңтүстік-Цирк» өнерпаздары Ернұр Оспанов пен Карина Шманько қанжығасына байласа, ІІ орын Бішкек қаласынан келген Қырғызстан Мемлекеттік циркінің намысын қорғаған Чинар Мадімқұловаға бұйырды. ІІІ орынды Тараз қаласынан келген «Балауса» театрының әртістері қанжығалады.

 


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

 

 

Бөлісу: