Жазықсыз жапа шеккен Санжар Асфендияров

2 Шілде 2015, 12:08

Санжар Жағыпарұлы – жан-жақты даярлығы бар, жазба деректерді терең білген, әмбебап тарихшы, ғалым.

Санжар Жағыпарұлы – жан-жақты даярлығы бар, жазба деректерді терең білген, әмбебап тарихшы, ғалым. Ол жазған еңбектерді тақырыптық жағынан жіктер болсақ, оның творчестволық ізденістеріне діннің шығу себептері, көшпелі шаруашылық, ұлттардың пайда болуы, тілдің рөлі, ұлт-азаттық қозғалыстары, «Қазан революциясының», республика партия ұйымының тарихы, ұлттық мәдениетті өркендету жолдары секілді қадау-қадау мәселелер арқау болғанын байқаймыз. Ол 1928 жылы жарық көрген «Исламның шығу себептері» атты еңбегінде жаңа қалыптаса бастаған Ислам мен кейінгі кезеңдегі Ислам арасындағы принципті айырмашылықтар бар екенін дәлелдеуге тырысты. Кейінірек, 1930 жылы осы мәселеге қайта айналып соғып, ислам дүниеге келген қоғамның әлеуметтік экономикалық құрылымын шаруашылықты материалистік тұрғыдан сипаттады.

Қандай тақырыпта қалам тартса да, ол өзіне дейін жарық көрген еңбектерді, ондағы ұтымды жақтар мен кемшіліктерді көрсетіп, кәдеге жаратып отырды, пікір таластырды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталатын С.Асфендияровтың ғылыми-зерттеу еңбектерінде қазақ халқының өткен тарихы негізгі орын алады. Оның ең бағалы ғылыми еңбегі – «Қазақстан тарихы» 1935 жылы жарық көрді. Бұл еңбек біздің эрамызға дейінгі ІІ ғасырдан 1917 жылға дейінгі қазақ елінің тарихын қамтиды. Оның «Причины возникновения Ислама» (Самарканд – Ташкент, 1928) деген еңбегінен кейін 1935-1936 жылдары «Қазақ тарихының очерктері», «Шығыстың ұлттық революциялық қозғалыстар тарихы»  деген кітаптары жарық көрді.

С.Асфендияров П.Кунте екеуі бірлесіп дайындаған «Прошлое Казахстана в источниках и материалых» деген екі томдық жинағы да 1935-1936 жылдары жарияланды.

Автордың тағы бір құнды кітабы «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс». Бұл ғылыми еңбектің негізгі маңызы – патша өкіметінің қазақ жерлерін отарлау саясатының бетпердесін жеріне жеткізе ашатынында. Осындай жазықсыз жаладан, ақиқатсыз тағылған айыптан басты арашалап алу мүмкін емес еді. Сол бір қаралы күні Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық және мұғалімдер институтының директоры Бекжанов мынадай бұйрық шығарды:

«Выписка из приказа по Алма-Атинскому государственному педагогическому и учительскому институту имени Абая. (№1-218 от 20 сентября 1937 года) Сего числа считать уволенным из института Асфендиярова Санжара Жапаровича, как разоблаченного врага народа. Декану исторического факультета тов. Адильгерееву предоставить мне план мероприятий о ликвидации последствий вредителькой работы Асфендиярова на историческом факультете.  Директор института Бекжанов»

(«Қазақстан мектебі, 1980,№2»)

Кеше ғана ағаларының қаламынан шыққан мақаланы, еңбектерді іздеп жүріп оқитын шәкірттері М.Ақынжанов, С.Әбішев, К.Әбдірахманов, И.Сариев, З.Бұлақбаев, М.Мұхаметжановтар 1937 жылғы 29 қыркүйекте «Казахстанкая правда» газетіне «Японский шпион в роли историка» деген мақала жазады. Бұл мақалада олар өздерінің ұстазы, профессор С.Асфендияровты қаралайды.

Санжар Асфендияров сол нәубеттің құрбаны болып кеткенімен, халқы оны ұмытқан жоқ. Абзал азаматты кеш болса да жаладан арашалап алды. Ол 1958 жылы 26 мамырда ақталды. 1989 жылы Алматы медицина институтына С.Асфендияров есімі берілді.

Тарихтың, халықтың алдында ешбір кінәлары жоқ, қаскөй саясаттың құрбандары болып кеткен мыңдаған аға-бауырларымызды мезгіл-мезгіл еске түсіріп отыруды, бүгінгі ұрпақты имандылық пен ізгілікке, ұлтжандылық пен парасаттылыққа баулудың ақ жолы деп бағалауымыз керек.

Қуғын-сүргін құрбандары

Қазақ тарихында даңқты беттермен қоса, қанмен боялып, отпен өртенген тұстар да аз емес. Шыңғыс шапқыншылығынан бастап халық небір нәубетті бастан кешірді. Қай заманда болсын, бір халықты бағындыру, мойынсұндыру үшін қолданылған ең тиімді тәсілі – оны бассыз қалдыру болатын. Ең бірінші кезекте оның көсемдерін, оқымысты білгірлерін құртуға тырысады. Қаймағын сыпырып алған сүттің тез ашып, іритін секілді «бассыз» қалған халық та жылдам көндігеді. Кеңес мемлекеті де осындай тәсілді қолданды. Кеңес өкіметі орнаған 1917 жылдан бастап саяси сүргін бірнеше кезеңде белең алды. Қазақстан үлкен империяның эксперименттер өткізетін полигонына айналды. Голощекин патша отаршылдығын кеңестік тәсілмен пәрменді түрде жүргізген Қазақстандағы «Кіші Сталин» еді. Патшалық Ресейдің екі ғасыр бойы іске асыра алмаған. Коммунистік жүйе он-ақ жыл ішінде жүзеге асырды.

Қазақстанда саяси қуғын-сүргін үш толқын болып өтті. Бірінші толқын қазақ зиялыларының ең жетекші тобын, әсіресе, Алаш қозғалысының көсемдерін жалмады. Әлихан Бөкейхановтан басқалары түгелге жуық тұтқындалды. Олардың ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Досмұхамедов, Тынышбаев, Ғаббасов, Ермеков, Әуезов сынды қазақтың жайсаңдары.

Қуғын-сүргіннің бірінші толқынының екінші иірімі 1930 жылдың күзінде болды. Ең әуелі Абайдың немере інісі Кәкітайдың баласы Даниял Ысқақов, Уәлихан Омаров, Алдарбек Үмбетаев, ұмағали Тілелин, әйгілі заңгер Жақып Ақбаев, Мұхтар Музин, Сейітқазы Қадырбаев, Әбдіхамит Ақбаев, Әшім Омаров, Батыс Алашорда басшысы – Халел Досмұхамедов, ғалым Жұмахан Күдерин, ең соңында қазақтың тұңғыш математика  саласының профессоры Әлімхан Ермеков тұтқындалды. Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов үлкен көрегендік жасап, «Ашық хат» жазып құтылды. Екінші кезекте тұтқындалған 44 адамның сотталғаны сотталып, мерзімін өтегеннен кейін елге оралғанмен, бірде-бірі қайтадан әлеуметтік қоғамдық тірлікке араласпады.

1937 жылдың сұрықсыз келбеті әдебиет майданында осылай көрініс берсе, қоғамдық, әлеуметтік саладан үн-түнсіз қаратылғандарды түгендеп жатудың өзі оңай емес. Қазақстанда «Қызыл қырғын» кезінде оқыған, білімді 105 мың адам тұтқындалып, 22 мыңы атылып кетті. Бүгінде біз 30-жылдардағы және 40 жылдардың бас кезіндегі жаппай жазалаулар кезінде 40 мыңға жуық адам республиканың көрнекті қайраткерлері, интеллигенция өкілдері, коммунистер мен партияда жоқтар зардап шеккенін білеміз. 1937-1938 жылдар саяси репрессияның шарықтап, шегіне жеткен кез болды. Алматыда 1937 жылы 705, 1938 жылы 985 адам атылды. Ақпанда (1938) Мемлекеттік қауіпсіздік комиссары Реденстің (Сталиннің бажасы) «рұқсат етемін» деген қарарымен күніне 37-39 адам атылған. Бұл сірә аздық етсе керек, Наурыздан бастап күніне 53-54 адамнан атылған екен. КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының Алматы қаласында 1938 жылдың ақпанында өткен көшпелі сессиясының үкімі бойынша 39 азамат 28 ақпанда атылды.Олардың ішінде: Санжар Асфендияров, Ғабдолла-Хакім Бөкейханов, Сүлеймен Есқариев, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Сейітқали Меңдешев, Сұлтанбек Сыдықбеков, Қадылбек Сарымолдаев, Қайсар Тәштитов, Шәкир Юсупов сияқты елдің кемеңгер ерлері бар.

1938 жыл – қазақ халқының тарихындағы сойқанды, зұлмат, асқан қаралы кезең. Олай дейтініміз, ату жазасы жалдың аяғына дейін толастамай, қынадай жүріп жатты. Ол қанды қырғын тек Алматы емес, басқа жерлерді де жайлады, тіпті 1939 жылға дейін жалғасты.

Кейін белгілі болған дәйектерге сүйенсек, оларға тағылған айыптар, негізінен, төмендегідей: Алдына Кеңес өкіметін құлату, КСРО-дан Қазақстанды бөліп алу, Қазақ буржуазиялық мемлекетін құру мақсатын қойған, Кеңеске қарсы ұлттық террористік арандатушы және бүлдіруші-зиянкестік, оңшыл-троцкистік контрреволюциялық ұйым жұмысына қатысқан; сол ойды жүзеге асыру үшін троцкийшілдермен, оңшыл контрреволюциялық ұйыммен байланыс жасап, бір блокқа кірген Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов басқарған орталықтың тапсырмаларын орындаған.


Тілеу Көлбаев, Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері.

Қазақстан-заман 2010 жыл

Бөлісу: