Жазушы Зира Наурызбаеваның кітабы Кореяда жарық көрді

10 Шілде 2023, 18:23 902

Астанада мәдениеттанушы, жазушы Зира Наурызбаеваның Кореяда басылған киіз үй туралы кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Кітап Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі жанындағы Азия мәдениеті орталығының дәнекер болуымен жарық көрген. Салтанатты шараға жас оқырмандар мен ата-аналар және Азия мәдениеті орталығының қызметкерлері қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі 2023 жылы 11 шілдеде Астана қаласында «Аңыз-ертегі өнері» Азия комитетінің 15-кеңесін өткізуді жоспарлаған. Бұл кеңестің мақсаты елдер арасындағы материалдық емес мұра бойынша тәжірибе алмасу болып табылады. Бүгінгі жарық көріп отырған кітап осы келелі кеңестің бастамасы болмақ.

Қазақтың ұшан-теңіз мәдениетін, салт-дәстүрін өзімізге ғана емес өзгеге де насихаттап, ұлттық құндылықтың болашаққа арқауы үзілмей жетуіне дәнекер болып жүрген ғалымның бірі – Зира Наурызбаева. Қазақтың киіз үйі жайлы жазған кітабының Кореяда жарық көруі – халқымыз жаратқан биік өркениеттің әлем елдері алдында мойындалуы.

Мен бұл кітапханаға қазақтың дәстүрі бойынша құр қол келмейін деп «Бату мен достарының алтын тостағанды іздегені» атты кітабымды ала келдім. Бұл Лиля Калауспен бірге жазған циклді кітаптар. Жақында Американың Amazon publishing баспасында жарық көрді. Азия туралы кітаптардың рейтингінде бірінші орында тұр. Дәлірек айтсақ, кітаптың электронды нұсқасы бірінші орында. Бұл өте керемет жетістік, өйткені Amazon-да миллиондаған кітап бар, біз Қытай, Үндістан, Жапония, Корея, Араб әлемі және т.б. жазушыларымен бәсекелесеміз, - деді Зира Наурызбаева.

Қазақ мифологиясының терең қатпарын көрсете білген кітап әлем оқырманының назарын аударғаны әдебиетіміз үшін үлкен жетістік, мол қуаныш.

Ал бүгінгі жобамыз қызықты басталды. Маған осыдан 1,5 жыл бұрын Азия мәдениеті орталығынан хабарласып бізге Қазақстандағы архитектуралық керемет туралы кітап жазып берсеңіз деді. Сосын көп ойландым. Әуелі еске Қ.А.Ясауи кесенесі түседі. Бірақ біздің негізгі архитектуралық шедевріміз – қазақтың киіз үйі. Ол өте озық ойдың туындысы. Қазіргі Англия корольы болған Чарльз ханзада 90 жылдары Алматыға келіп бір сағаттай мұражайдағы киіз үйде отырыпты. Өзінің мамандығы архитектор екен. Шыққаннан кейін «Бұл нағыз шедевр! Бас иеміз!» деп кетіпті. Еуропа ХХ ғасырда тапқан тәсілдерді біздің ата-бабаларымыз пәленбай мың жыл бұрын жасап кетті. Бұл кітапты жазуда маған ең қиыны барынша қысқа жазу болды. Оның үстіне киіз үйді өмірінде көрмеген кореялық балаларға түсінікті болуы керек. Сосын кореялық суретші Джонг Мёнг Пиль мырза келіп киіз үйдің қыр-сырымен танысты. Қалай тігіп, қалай жығатынын көрді. Өмірінде алғаш рет атқа мінді. Қазақ мәдениетімен тереңірек таныс болған суретші осы кітапқа әдемі суреттер салған екен, ризамын! Қазақтың үйі туралы кәріс суретші сурет салып, Кореяда кітабым шыққанына қуанып жатырмын, - деген Зира Наурызбаева Кореяның мыңдаған жылдық тарихы бар сурет өнерінеде тоқтала кетті.

Қазақ халқы жасаған ғажайыптың бірі – киіз үй. Оның қыр-сырымен жете танысқан сайын керметі жарқырап ашыла түспек. Бүгін кәріс балалары таң-тамаша болып оқып жатса ертең күллі әлем халқы аңтарылып қарайтыны сөзсіз.

Бүгінгі ісшараға себеп болған Мәдениет және спорт министрлігі. Корея мемлекетімен тығыз байланыста болу аясында балалармен жақсы бір кездесу ұйымдастырайық деді. Бұл – Қазақстанның мәдениетін, халқымыздың салт-дәстүрлерін кітап арқылы насихаттау. Танымал жазушы Зира Наурызбаевның қазақтың киелі киіз үйі туралы кітабы таныстырылып, балаларға үлестіріп, үлкен сыйлық жасап жатыр. Бүгінгі тұсаукесер ертең Ұлттық кітапханада өтетін «Аңыз-ертегі өнері» атты ауқымды ісшараның бір бөлімі болып табылады, - деді Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің меңгерушісі Гүлбадан Сақтапқызы.

Азия мәдениеті орталығының ғылым және ақпарат басқармасының директоры орынбасары Ли Чжонг Ран мен аталмыш басқарманың кураторы Ким Хо Сан кітаптың шығуы туралы, көшпенділер мәдениетіне деген Кореялық балалардың түсінгі жайлы ойларымен бөлісті.

Біздің Азия мәдениеті орталығы Азия мәдениетіне байланысты мәліметтерді жинау, зерттеумен айналысады. Біз тек Кореяның ішінде ғана емес басқа елдерге де осы кітаптарды таратамыз. Сондықтан корей тілінен бөлек ағылшын, орыс, т.б тілдерде де шығады. Кейбір кітаптарымыз қазақша және корей тілінде аударылды. Көшпенді мәдениеті бір жерде тұрақтап қалмайды. Бір күннің ішінде үйді тігіп, артынан жығып көшіп кетуге болады. Осы жағынан біздің балаларға өте қызықты көрінеді. Отырықшы мәдениетінен ең үлкен айырмашылығы да осы. Біз үшін үйді өзімен бірге алып жүру деген түсініктің өзі таңғаларлық. Бұған дейін біз Қазақстанмен бірлесе отырып «Жыл басы қалай анықталды?» деген кітапты шығардық. Мысалы, Кореяда да, сіздерде де ескіше жыл санау бар. Кейбір жануарлардың аттары ұқсамайды. Мысалы, бізде айдаһар жылы бар, сіздерде ұлу жылы. Корей балалары соны естігенде бұл бізде ғана емес басқа елдерде де бар екен ғой, бірақ оларда осылай аталады екен ғой деп түсінеді. Балалардың басқа мәдениетке деген көзқарасын қалыптастыру үшін осындай жұмыстар атқарып жатырмыз және соған қуаныштымыз, - деді Азия мәдениеті орталығының қызметкерлері.

Қазақ мәдениетіне әлем елдері қызығушылық танытып жатқаны біз үшін де қуаныш. Осындай кішкене баспалдақтар арқылы біз биікке көтерілеміз. Сол биікке жеткен күні қазақтың қандай ғажап өркениет жаратқанына өзіміздің де, өзгенің де көзін жеткізетін боламыз.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: