Жайық өзенінің деңгейі әлі де көтеріледі – министрлік

18 Мамыр, 02:38 819

Елімізге Ресей Федерациясы аумағынан су келіп жатыр. Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейі – 561 см, Атырау облысының Махамбет ауылында – 1002 см, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Жайық өзенінің деңгейі одан әрі көтеріледі деп күтілуде. «Қазсушар» мекемесінің жергілікті филиалының мамандары тасқын суын өткізу жұмысын жалғастыруда.

Батыс Қазақстан облысының төрт ірі су қоймасы 95%-ға толды. Олардың барлығы штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Аймақта су тасқынының екінші кезеңі жалғасуда.

Ақмола облысындағы екі ірі су қоймасы 99%-ға толы. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде су тасқыны аяқталды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 2 ірі су қоймасы 95%-ға толы. Есіл өзенінде су тасқынының екінші кезеңі жалғасып жатыр.

Ақтөбе облысындағы екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 95%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді. Өңірде су тасқыны аяқталды.

Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші 85,5%. Аймақта су тасқыны жалғасуда.

Абай облысындағы Шүлбі су қоймасы 64%-ға толды. Аймақта су тасқыны жалғасуда. Ертіс каскадының барлық су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Қарағанды облысындағы 3 ірі су қоймасы 99,7%-ға толы. Олардың барлығы штаттық кесте аясында жұмыс істеп тұр. Өңірде су тасқыны аяқталды.

Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 92%. Екі нысан да штаттық кестеге сай жұмыс істейді.

Су қоймаларында «Қазсушар» мамандарының кезекшілігі және су шаруашылығы жағдайының мониторингі жалғасуда. Су қоймаларына жиналған тасқын суы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану үшін жіберіледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: