17 Қараша 2016, 11:08
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», - дейді халық нақылы. Оны қалай дәріптесең де артықтық етпейді дегенге келеді бұл сөз. Кіндігімді кескен жер, кісі болып өскен жер, туған жерге табаным тигеніне бүгін үшінші күн. Көк аспанда қалқыған бұйра бұлттар болмаса, салқын самал есіп бүгін күн райы жайма-шуақ болып тұр.
Жасыл жайлаудағы әр сайға тігілген ақбөз үйлердің алдында асыр салған ауыл балаларынан басқасы тынымсыз тіршіліктің таусылмас күйбеңіне мойын ұсынып, міндеттеріне кіріскен.
Алтай қазақтары төрт жағынан кісі бойындай төрт қазық орнатып, үстіне балапан қарағайдан қатарлата тізіп, оның үстіне кәдуелгі шиден тоқылған шыптаны жазып, құрт жаюға арнап «өре» жасайды. Өренің қаймана қазақтың тұрмысына енгеніне қанша заман өтті екен?! Белі қайсып әлі тұр. Немерелері ойынға кіріскенде, әжесі жұмысқа кірісті. Кешегі қайнатып алған қазан толы құртын кептірмекке өре ағашқа жайды.
Ақ сабаның ақ жарма құрты, сап-сары мәйек ірімшік міне бұның барлығы еш қоспасыз жайлаудың жасыл өнімі. Бала күнімізде осындай өреге жайылған мол дастарқанға аспаннан түйіліп келген кезқұйрық рұқсатсыз құртқа төніп, іліп әкеткенін талай қызықтаған едік. Кезқұйрық деген кезбе ұрыдан сақтану үшін анамыз өреге айна тастап немесе қарақшы тігіп қоятын. Сол кездегі қаптап жүретін кезқұйрықтан бұл күндері біреуін де кездестіре алмадым. Мүмкін басқа жаққа ауып кеткен болар, қоршаған орта өзгерді ғой.
Әжесінің ақ жарма құртын құшырлана жеп отырған мына балақайлар кезқұйрық сынды қара құстан да қомағай көрінді. Екі-үшеуін қалтаға, қалғанын қолға алып кеміріп отыр. Балаға жарасымды қылық.
Айтпақшы, бұлар жай отырған жоқ. Кең жайлаудағы кинотеатрда отыр. Біздің кезімізде осылай бір топ бала жинала қалғанда бұзау тайыншаға мініп, болмаса көк шыбықты ат қылып жазық даланы жалпағынан басып шауып жүретін едік. Бұлар қалада өскен қазақтың қара домалақтары. Үйшігінен ағытылған қозыдай оқу маусымы аяқталысымен жазғы демалысқа келген беттері. Жүректері алып ұшып, балаларды саф ауа, жасыл желекке бөленіп тұрған тамылжыған табиғат аясына алып келген ата-аналардың бар мақсаты - қаладағы қаптаған қалың қытай жұртынан бір сәтке болса да алыстатып, қаймағы бұзылмаған ата-баба тұрмысын терең түсінсін дегені.
Осындай көріністің ортасында жүріп, кейде қиялыма бір сәт ерік беремін. Қазақ жұрты мекендеген әр шаһардың сыртында жайлауы бар ұлттық ауыл құрылса ғой деп қиялдаймын. Қазақ ауылының иісі аңқыған сол лагердегі балдырғандар төл құшақтап, табиғатпен етене араласар еді. Ол үшін арнайы мамандар даярлаудың қажеті шамалы. Мұндағы қазақтарды кигіз үйімен бірге көшіріп әкеліп, көк жайлаудан орын берсе болғаны.
Қамшының сабындай қысқа өмірдің бір күні осылай өте шықты. Жарқырап атқан алтын күн өз міндетін орындағандай ұясына қарай асыға жылжып бара жатты. Ымырттанып кеш кірді, ойын қуған оншақты бала үйді-үйіне тарасты. «Ойын бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» демекші, кейбіреуі үлкендердің әмірімен тас үйшікке бұзау қамады.
Жасыл жайлаудың жайлымына тойған мама сиырлар желіні жер сызардай қораға қарай мөңіреп келеді. Шалғышын шалып, шелегін қолына алған әжесі немерелері қамаған бұзауларды бір-бір идіріп, сирдың желінінне жабыса кетті. Қазақи тағамның қасиеті осы қара-ала сиырлардың желінінен бастау алады.
Күндіз аяқталмай қалған ойынның жалғасын кешкілік балалар жалпақ тастың үстінде жалғастырды. Әдеби шығармаларда көп айтылатын кешкі ауыл көрінісін тура осы арадан тапқандайсың. Сиыр сауып отырған әже, тас үстінде ойнаған немере, жотада отырып әңгіме тиегін ағытқан ақсақалдар барлығы көне қазақи тұрмысты көз алдыңа әкелгендей.
Бала кезімізде ересек балаларға ілесе алмай талай рет көз жасымыз көл болған еді. Мына қара домалақты да ересектер ертпей қалдырып кетті. Қылығына қарап күлкім келсе де бір кездегі балалығым көз алдыма көлбеңдеп, енді қайтып келмейтін алтын сәттер екенін ойласам көңілім алабөтен күй кешеді.
Жалпақ таста жалғыз қалған тентек ұл бір сәт осы тастардың баурайында қалған балалығымдай елестетті.
«Сыңғырлатып ақтарсам сырымды бір,
Сағынышқа балқиды бүгінгі жыр.
Уақыт ұрысына тоналдың-ау,
Қайта айналып келмейтін құлын ғұмыр» - деп, бір ақын жігітіміз жырлағандай, балалық шақты мәңгі сағынуға болар, бірақ армандауға келмес.
Жарқынбек ЖҰМАДІЛ
Жалғасы бар...
Ескерту: Суреттерді автордың рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады!