Жайдарман – ол өнер емес, өмір – Есен Елеукен

8 Қараша 2022, 11:26 4262

«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукенмен сұхбат

8 қараша – Халықаралық КВН күні. Мереке қарсаңында El.kz ақпараттық-танымдық порталының тілшісі «Қазақстан КВН Одағының» Президенті, көпшілікке танымал «Жайдарман» жүргізушісі Есен Елеукенмен тікелей жолығып, сұхбаттасып қайтты.

- Жайдарман үлкен рухани-мәдени қозғалысқа айналды. Жастар контентін тәрбиелеудегі орны қандай деп ойлайсыз? Осы жөнінде анализ жасап көрдіңіз бе?

- Рухани-мәдени – деген үлкен ұғым. Мен Жайдарманға олай баға бермес едім. Жайдарман – ол өнер емес, өмір. Жайдарманшылар өзінің айналасындағы, қоғамда орын алып жатқан оқиғаны әзілге салу арқылы көрсетеді.

Ал жастар контентіне келер болсам, белгілі бір деңгейге дейін жақсы ойнаған жайдарманшылардың контенті дұрыс болады. Бірақ әлеуметтік желінің біз білмейтін заңдылықтары бар. Шетелдегі жобаларға еліктеп, оған сәл өзгеріс енгізу арқылы сахнаға шығарып, өзінше тез танымал болғысы келетіндер де кездесіп жатады. Әрине бәріне бірдей баға бере алмаймын.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіде оқырмандары көп жайдарманшылар бар. Әркім өзінің еңбегіне лайық жемісін көреді.

- Жайдарманға мемлекеттік қолдау қажет пе?

- Қолдау көрсету деген міндетті түрде қаржылай көмек беру керек деген ұғым емес. Мысалы, Астана қаласында қанша ғимарат бар. Барған кезде бағасы аспанмен бірдей болып тұрады. Сондықтан әкімшілік жағынан ұйымдастыруға қолдау көрсетілетін болса, жақсы болар еді.

Кейде көрермен тарапынан «Неге мынадай дүниені жасамайсыздар?» дегенді естіп жатамыз. Бірақ біреу қаржыландырып, мынандай дүние жаса десе, тапсырыс арқылы істеледі ғой. Ал өзін-өзі қаржыландырып, жасап жатқан дүниесіне риза болмай, басқасын сұрау әбестік болар.

- Жайдарманның кемшіл тұстарына тоқтала кетсеңіз.

- Елдің болашағы жастарда дейміз. Барлығымызды тәрбиелейтін ол – орта. Бес ғалыммен жүрсең, ғылыми танымың артады, білімің кеңейеді. Жақсы дүниелер көрген сайын адамның жансарайы байып, рухани кемелдене түседі. Ал нашар адамдармен аралассаң, өзіңіз де бір күні олардың біреуіне айналасың. Яғни бізге жақсы ортаны қалыптастыру қажет. Жастар жайдарманды көру арқылы ой қалыптастырып, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Сонда мәдениет қалыптаса бастайды. Мәдениет дегеніміз, тек әдемі киіну ғана емес, дұрыс сөйлеу, жақсы дүниені қабылдай білу. Мұның барлығы Жайдарманнан көрініс табады.

- Жайдарманнан жастардың бірнеше буыны түледі. 2000 жылдардағы жайдарманшылар мен бүгінгі жайдарманшылардың болмыс бітімі, өмірге деген көзқарасын қалай бағалайсыз?

- Ол тек Жайдарманға емес, барлық салаға да қатысты. Бастапқы кезде идея үшін жүрген жастар болды. Ал қазір әр жайдарманшы не істеп, не қоятынын, алдағы уақытқа құрған жоспарын 5-ке біледі. Бізге келіп жатқан жастардың көбісі болашақта жоба ашқысы келеді. Сондықтан сол кездегі әншілер, заңгерлер, студенттер бәрі өзгерді. Яғни қоғам қандай Жайдарман да сондай.

- Жайдарманда танылып, кейіннен театрға айналған ұжымдар бар. Олармен байланысыңыз қалай?

- Ежелгі гректе театр қойылым есебінде қабылданды. Қазір театр әртістерді дайындайтын орын дер едім. Оны дипломы бар мамандар ашса болады.

Бүгінде әзіл-ысқақ театрында жүрген «Өнер қырандары», «Назар аудар» сынды топтар жұмыс істеп жүр.

- Қазақ және орыс тілді КВН-шілерді бір сахнаға шығаруға көзқарасыңыз қалай?

- Қазақша білмейтін, сөйлемейтін қазақтарды жек көретін едім. Қазір қоғам екі тілді. Бұл өте қиын жағдай. Біз ақпарат алу жағынан қалып келе жатырмыз.

Жақында «JaiBattle» атты бір жоба аштым. Оның бір ойынында танымал блогер Бейбіт Әлібеков қазылар алқасының бірі болды. Жайдарманшылар қазақстандық журналисті, ал Бейбіт жайдарманшыларды танымады. Бұл бір ғана мысал. Кейіннен олар бір-бірін әлеуметтік желіге салғаннан соң оқырмандар екеуін де тани бастады. Біз бір-бірімізді түсініп, қоғамды ортақтастыру үшін осындай қадамға бардым. Уақыт өте келе бұл үрдіс жойылады. 

- Ел ағалары Жайдарманда салмақты, салиқалы әзілдер аз дейді. Бұл туралы не айтасыз?

- Бізге салмақты әзілдерді ғана айту міндет емес. Салиқалы әзілдерді айтатын топтар бар. Оның барлығы бір бағытты ғана таңдай алмайды. Әзілде таңдау болуы керек. Мысалы, маған мәні бар әзілдер ұнайды. Бірақ барлық команда ондай бола алмайды. Ең бастысы адамның таңдауы, әзілдің бағыты бар. Соны ақырындап шығару қажет. Әзіл деген бірсарынды болмауы тиіс.

- Қазір жайдарманшылар стендапқа көп басымдық беруде. Бұл заманауи технологияға еру ме, әлде жаңашылдық па?

- Стендап Америка құрама штатынан шыққан. Бізде де стендапқа шығып, әзілдеуге тырысатындар бар. Бірақ әлі де болса оның деңгейін көтеру керек. Әзілі жетпей бара жатқан жерінде аузына келгенін айта салатындарды түсінбеймін. Стендап елімізде әлі өз қалпын таба алмай жүрген сияқты көрінеді. Уақыты келгенде бір ізге түседі деп ойлаймын. Себебі оған сұраныс бар.

- Сапалы әзілдер қалай шығады?

- Ол – білімнен шығады. Барлығы білімді болса, сапалы, қойылым, кино шығады. Ғылым дамыса, дұрыс экономика, түрлі дүниелер пайда болады.

Қоғамның даму деңгейі төмен, біз де солай әзілдейміз деуге болмайды. Егер әзілдерді бақылаудан өткізбесек, олар бұдан да төмен болып, жүгенсіз кетер еді.

- Халықаралық КВН күні келе жатыр. Біздің елдегі КВН әлемдік деңгейге көтеріле алды ма? Оның қазіргі қоғамдағы орны қандай? Қырғызстандағы, Ресейдегі жайдарманшылармен байланысыңыз қалай?

- Қазақстаннан шыққан Жайдарман командаларының халықаралық КВН одағында орны бар. Қазақтардың қалай әзілдейтінін барлығы біледі. Елімізден чемпион, кубок иегерін алған КВН-шілер бар.

Биылғы жылдан бастап, геосаяси жағдайға байланысты жайдарманшылардың Ресейге барып КВН ойнауына түбегейлі қарсымын. Соғыс болып жатқан елге әзіл айтуға барғанымыз дұрыс емес.

Ал Қырғызстанда жайдарманшылар жоқ, онда «Тамашоу» деп айтылады. Ош қаласында «Көңілді жігіттер» деген жоба бар, сол жерде жиналады. Қырғызстанмен өте жақсы қарым-қатынастамыз. 5 қазан күні өткен Жайдарманда Ош қаласынан келген команда өнер көрсетті.

Жалпы тек Қырғызстан ғана емес, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Дағстан, Башқұрстан, Татарстанның жергілікті өз ана тілінде ойнайтын өнерпаз жігіттермен тығыз қарым-қатынастамыз. Көпшілігі ақыл-кеңес сұрап тұрады. Мүмкіндігінше көмек беремін. Себебі ол жақтарда КВН жолға қойылу үстінде. Ал біздің елде Жайдарман жолға қойылды.

- YouTube каналында «Есті подкаст» деген сұхбат жүргізесіз. Каналды ашқаныңызға қанша уақыт болды?

- Бала күнгі арманым – спорт журналисі болу болатын. 3-4 жыл бұрын «Бұл шетелде жақсы дамыған. Неге шығармайсыздар?» деп айтып жүрдім. Сөйтіп, өзім жақсы көретін, ішкі жан-дүнием қабылдай алатын жұмысты бастап кеттім. Бір күні подкаст жазу туралы шешім қабылдадым. Біреуі, жақсы қабылдаса, екіншісі, «Сөз саптауыңыз дұрыс емес. Не үшін шықтыңыз?» дегені де болды. «Ешкім мені қаржыландырып жатқан жоқ. Ешкімнің уақытын алмаймын» деп жауап беретінмін. Білімді, білікті, белсенді спикерлерді шақырып, сұхбат алдым. Содан кейін оларды телеарналар шақыра бастады. Танымал емес мықты тұлғалар бар. Оларды көтеру қажет.

Елімізде салалық видеоконтент өте аз, жоқтың қасы десе болады. Ресейде ондай мыңдаған бағдарлама бар. Тіпті қарапайым көлікті жөндеу туралы видео іздесең, шықпайды. Кімнің қолынан келеді, кімнің жағдайы бар, сол жасай бергені дұрыс. Себебі көрермендерге видеоконтент өтімірек. Олар дәстүрлі БАҚ-ты іздей бермейді. Сондықтан танымал, қоғамда өз орны бар журналистердің міндетті түрде жеке каналы болуы тиіс. Әзіргі халық негатив ақпаратты көбірек оқиды. Бірақ салалық ақпараттарды аз қаралым болса да шығара берсек, ертең жетістікке жетеміз. Яғни саннан сапа шығады.

- Елде орын алып жатқан саяси жағдайларға қалай баға бересіз? Сайлаудан не күтесіз?

- Сайлау әдеттегідей өтеді. Өзім елімізде өткен әр сайлауға қатысып, дауысымды беремін. Кейде Штабта да жүріп, қоятын сұрағымды қойып, айтқым келген дүниені жеткіземін. Өз бетімізді ашпай, шындықты айтпай, өзгермейміз. Қазіргі билік мүмкіндік беріп отыр. Егер қарсы болсаңыз, қарсымын деп жазып кетіңіз. Себебі дауысты санаған кезде мынанша адам қарсы екен деген ой қалыптасады. Сол кезде билік ойлана бастайды.

Байқаушылардың мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Сайлау барынша ашық өтетін болса, адамдар қатысады. Бұл өте күрделі процесс. Мысалы, Батыс Еуропада референдумды жиі өткізіп тұрады. Бізге де осы мәдениетті қалыптастыру керек. Бұл бір-екі күнде орындалатын іс емес. Оған уақыт қажет және сол үшін жұмыс істеу керек.

- Әділетті Қазақстанды қалай құрамыз? Жаңа Қазақстанның тұрпатын қалай танимыз?

- Сайлау өтіп, 7 жылдан кейін басқа Президент келетін болса, халықта сенім пайда болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағдарламасында біршама ауқымды мәселені қозғады. Енді оның орындалуы қалай болмақ? Оны орындау тек билікке ғана емес, барлығымызға байланысты.

Біз тамыр-таныс арқылы жұмысқа тұруды немесе мәселені шешуді қалыпты жағдай ретінде есептейміз. Шындығында, дұрыс емес құбылыс. Кадрдың кәсібилігіне, креативтілігіне мән беріп, жұмысқа қабылдау керек. Әр салаға кәсіби мамандар келген кезде ғана дамудың жолына түсеміз.

Елге сөзін жеткізе алатын, айтқанын жүзеге асыра алатын тұлғалар келіп жатыр. Бірақ енді олар тез шаршап қалмаса екен дейміз. Қалыптасқан жүйені өзгерту, осы бағытта жұмыс істеу оңай емес.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ажар Лаубаева
Бөлісу: