Жайдарбек Күнғожинов: Каскадерлікке «жанып» тұрған жігіттерді ғана аламыз

15 Сәуір, 17:00 1025

Каскадер - қызығы мен шыжығы қатар жүретін қауіпті мамандық иесі. Nomad Stunts халықаралық кәсіби каскадерлер тобының көшбасшысы Жайдарбек Күнғожинов El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне бұл салаға қалай келгені жайлы сыр шертіп, дублер болудың қиындығы мен артықшылықтары туралы баяндап берді.

Күнғожинов - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан каскадерлер ассоциациясы мен кинематографистер одағының мүшесі, трюк қоюшысы, каскадер, актер. Ал Nomad Stunts - жер-жаһанға танымал әрі Голливудта ерекше сұранысқа ие каскадерлер командасы.

Команда мүшелері 2020 жылдың қараша айында әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» премиясын иеленген еді. Аталмыш марапат ең үздік каскадерлерге табысталатын «Оскар» сыйлығы іспеттес маңызға ие.

Бүгінде Nomad Stunts Тимур Бекмамбетов, Сергей Бодров, Ридли Скотт, Саймон Уэст сынды әлемге танымал ең үздік режиссерлармен жұмыс жасайды.

Сондай-ақ команда мүшелері 2019 жылы Rammstein тобының белді мүшесі Тилль Линдеманның Steh Auf әнінің бейнебаянын түсіруге қолғабыс етті. «Мулан» анимациялық фильмінің желісі бойынша түсірілген кино картинаның жұмыс процессіне де етене араласты. Фильм - Disney жобаларының ішіндегі ең қымбаты. Ол 290 млн доллар бюджетімен кассалық рекорды жаңартқан болатын. Алайда бұл - Nomad командасының алғашқы шетелдік жобасы емес. Бұған дейін отандастарымыз «47 ронинов», «Неудержимые 2», «Конан-Варвар», «Храбрые перцем» және «Марко Поло» сериалын жасауға көмектескен-тін.

Жайдарбек Күнғожинов - Шығыс Қазақстан облысың тумасы. Ауыл баласы кішкентайынан ат құлағында ойнап ер жетті. Еңбек жолын да ат үстіндегі каскадер ретінде бастады. Айта кету керек, ол бұл кәсіпте шамамен 20 жыл еңбек етуде. Осы уақыт аралығында «Моңғол», «Көшпенділер», «Жаужурек мың бала», «Дневной дозор» фильмдерінде бой көрсетіп, атақты Сильвестр Сталлоне, Арнольд Шварценеггер, Джейсон Стэтхем, Киану Ривз және Джет Лимен бір киноға түсті. 

El.kz:Асқан батылдық пен тәуекелділікті талап ететін каскадерлік мамандығына қалай келдіңіз?

Жайдарбек Күнғожинов: Үш ағайынды болып, еңбек жолымызды цирктен бастадық. Циркте аттармен жұмыс жасап, ат үстіндегі акробатикамен айналыстық. Екі ағам Мәскеуде жұмыс істеп жүрді. Көп ұзамай мен де әскерден соң Мәскеуге келдім. Дегенмен Кеңес одағы ыдырағанда аттарымызды қалдыруға мәжбүр болып, өзіміз елге оралдық. Аттарды қайтару мәселесін ойластырып жүргенімде, өзге мемлекеттерден ұсыныстар түсе бастады. Осылайша түрлі халықаралық фестивальдарға қатысып, ат үстіндегі акробатикадан қола, күміс, алтын медальдармен қанжығамызды майладық. Уақыт өте цирк әртісі ретінде барлық сый-сияпатқа қол жеткізгенімді түсініп, басқа бағытқа ауысу қажеттігіне көз жеткіздім. Сөйтіп 2000 жылы цирктегі жігіттердің басын қосып, каскадерлікке бет бұрдым.

El.kz: Каскадер жұмысында көпшілік көзге көріне бермейтін қиыншылықтар болады. Осы тұрғыда айтарыңыз бар ма?

Жайдарбек Күнғожинов: Әрине, қиындықтар бар. Біріншіден, жарақат алу қаупі жоғары. Мәселен, кей жобаларда дайындық уақыты аз беріледі. Кейде тіпті аяқ астынан жаңа тапсырмалар шығып, жұмыс барысы қиындай түседі. Бірақ үнемі намысқа салып, берілген тапсырмадан бас тартқан емеспіз. Басты рөлдерді Натали Портман мен Джеймс Франко сомдаған «Храбрые перцем» түсірілімі барысында жасалатын трюктер алдын ала келісілген еді. Алайда бір жеті қалғанда режиссер жоспарға өзгеріс енгізіп, салдарынан жарақат алған едім. Немесе трюктерді өзі орындамақ болған актерлардың орнына соңғы сәтте дублер шығып жатады. Осы тектес қиындықтар үнемі орын алады. Бірақ біз үшін бұл - үйреншікті жағдай.

El.kz: Nomad Stunts каскадерлік командасын құру идеясы қайдан келді? Бұл ойыңызды жүзеге асыру көп уақытты қажет етті ме?

Жайдарбек Күнғожинов: Каскадерлік команданы 2000-жылы жасақтадым.Дисциплинасына ерекше мән бере отырып, трюктарын ойластырып, қол астыма 9 жігітті топтастырдым. Атпен шабу, төбелес, отқа жану, құлау сияқты трюктарды көрсете бастадым. Толыққанды үйреніп кетуіне 5-6 жыл уақыт кетті. Каскадер жігіттерге киноның не екенін түсініндіру үшін де біршама жұмыс жасалды.

El.kz: Бүгінде командаңыз қанша каскадерден құралған? Ер адамдармен қатар, бұл іске әйелдер тарапынан да қызығушылық бар ма?

Жайдарбек Күнғожинов: Қазір тобымда 86 адам бар. Оның ішінде 6 ару біздің мамандықты игеруге ниет танытты. Бүгінгі таңда бір қызымыз Канадада, енді бірі Германияда тұрады. Қалғандары елімізде, дайындық үстінде.

El.kz: Командаңызда трюк жасайтын қанша ат бар? Оларды қалай таңдап аласыз? Іріктелген аттарды трюк жасауға үйрету қаншалықты қиын? Көп уақытты қажет етеді ме? 

Жайдарбек Күнғожинов: Командамызда 43 ат бар. Бірақ барлығы бірдей трюк жасамайды. Мәселен, кейбірі актермен бірге өнер көрсетеді. Оларды «ақылды аттар» дейміз. Мұндай аттар экраннан, камерадан қорықпайды. Ал жарылыс, түтіннен міз қақпайтын аттарды дайындау шамамен 4-5 жылдай уақытты талап етеді. Негізі трюк дайындауды кейбір аттар тез үйреніп алады. Ал енді бірі ұзақ уақыт ырыққа көнбейді. Оларды әдейі атыс-шабыстан сескенбейтін, ғимараттың ішіне қорықпай кіретін етіп үйретеміз. Жылқыны трюк жасауға баулу - оңай шаруа емес. Сондықтан атпен жұмыс жасайтын каскадерлер санаулы-ақ.

El.kz: Өзіңіз бой көрсеткен қазақстандық және голливуд фильмдерінің ішіндегі ең мықтысын екшелеп айта аласыз ба? 

Жайдарбек Күнғожинов: Көңілімнен шыққан отандық фильмдер өте көп. Мәселен, «Жау жүрек мың бала», «Томирис» фильмдері режиссура тұрғысынан ұнады. Сондай-ақ «Моңғол», «Неудержимые 2» сияқты фильмдер де ойымнан шықты.

El.kz: Кино түсіріліміндегі қызықты оқиғалармен бөлісе кетсеңіз? Түсірілім алаңында келеңсіз оқиғалар орын алды ма?

Жайдарбек Күнғожинов: Қызық оқиға бізде көп бола бермейді. Оған себеп жұмысымыздың қауіп-қатерге толы болуы. Біздің кәсіпте барлығын алдын ала есептеп, саралап жұмыс жасаған дұрыс.

El.kz:Сіз - еліміздің ғана емес, голливуд майталмандарын мойындатқан ең үздік каскадерсіз. Кино қоржыныңызда отандық фильмдермен қатар, шетелдің кино туындылары бар. Осыған орай «қай режиссермен жұмыс жасау сізге ерекше ұнады?» деген сұрақ туындайды.

Жайдарбек Күнғожинов: Ақан Сатаев, Ермек Тұрсынов, Рүстем Абдрашов, марқұм Сәкен ағамыз - осы кісілердің есімін ерекше атай аламын. Жұмыс барысында бәріміз туыс болып кеттік десем де артық айтқаным емес. Сондай-ақ Сергей Бодров, Ридли Скоттпен жұмыс қанағаттанарлықтай болды. «Мулан» фильмінің режиссері Ники Каро да - мықты режиссерлердің бірі.

El.kz: Өзіңіз іргетасын қалаған Nomad Stunts мамандыққа қызығушылық танытқан азаматтарды оқытып, даярлаумен айналысады ма?

Жайдарбек Күнғожинов: Оқытпаймыз, бірақ сұранысқа сәйкес анда-санда курстар даярлайтынымыз бар. «Жаттығуға келсек бола ма?» деген өтініштер жиі түсіп жатады. Сол себепті 2, 10, кейде 15 күнге созылған каскадерлік жаттығуларды ұйымдастырып тұрамыз. Кей кездері актерлардың өзі дайындыққа сұранады. Осыдан үш жыл  бұрын балалар лагерін ашып, оларға акробатика, фехтование, атқа мінуді үйретіп бастаған болатынбыз. Лагерьге 9 бен 16 жас аралығындағы жеткіншектер қабылданады.

El.kz: Отандық кино саласында каскадерлерге сұраныс бар ма? Әлде керісінше шетелден тапсырыс көп түсе ме?

Жайдарбек Күнғожинов: Сұраныс бар. Шетелден келіп те бізбен жұмыс істейді. Мысалы Өзбекстан мен Америка бірігіп түсірген “Тамерлан” жобасына біздің команданың да еңбегі сіңді. Негізі Өзбекстаннан шақырту көп келеді.

El.kz: Каскадер болу үшін жас шектеулері бар ма? Қандай ерекше талаптар қойылады?

Жайдарбек Күнғожинов: Жас шектеулері жоқ. Бізде 60-ты еңсерген Сұлтан деген жігіт бар. Қырғызстан тумасы. Мықтылардың бірі.  Nomad командасы Қырғызстан, Түркия, Ресей, Украина, Әзірбайжан, Болгария, Австралия, Канададан келген спортшы жігіттерден құралған. Негізі 40-тан, 50-ден, тіпті 60-тан асқан каскадерлер жастарға дес бермейді. “Маған трюк бер” деп жарысып жатады.

El.kz: Нейрожелілер, 3d графика дамыған заманда каскадерлерге сұраныс азайып кетеді деп ойламайсыз ба?

Жайдарбек Күнғожинов: Иә, осыдан 1-2 жыл бұрын графика қолданып, каскадерлер көмегіне жүгінбеуге болады деген сыбыс шыққан еді. Бірақ жеме-жемге келгенде графика жасайтындай техникалық мүмкіндіктеріміз қатты дами қойған жоқ. Себебі графика арқылы актердың бетін дублердікіне ауыстыра алғанымызбен, қимыл-қозғалысын дәлме-дәл келтіру мүмкін емес.

El.kz: Каскадерлікке кез келген саладан келуге бола ма? Әлде арнайы физикалық дайындығы бар, спортқа жақын азаматтар ғана іріктеуден өтеді ме?

Жайдарбек Күнғожинов: Каскадерлікке міндетті түрде спорттан хабары бар адам келгені дұрыс. Әсіресе таэквандо, каратэ, дзюдомен айналысатын 18 бен 21 жас аралығындағы спортшылар қажет. Арнайы кастинг арқылы іріктейміз. Соның өзінде 2-3 жылда бір-екі баланы ғана таңдап аламыз. Әскерден келген шымыр жігіттерді де қатарымызға қабылдаймын. Жасыратыны жоқ, жалқаулық танытып, физикалық жаттығулар жасаудан жиі жалтарса, ойланбастан шығарып жібермін. Өткен жолы екі жігітті жұмыстан босаттым. Сол себепті каскадерлікке «жанып» тұрған жігіттер керек. Яғни істің фанаты болғаны абзал. Сондай-ақ психология, физика тұрғысынан мықты, қиындықтарды еңсере алатын жігіттерді күтемін.

El.kz: Болашақ жоспарларыңыз қандай? Жуық арада қандай жобалар қолға алынбақ?

Жайдарбек Күнғожинов: Жақында біздің жігіттер жұмыс бабымен Түркияға барып келді. Алдағы күндері Үндістан еліне сапар шегуге дайындалып жатырмыз. Қытайда жұмыс істеп жатқандары да бар. Сондай-ақ 7 мамырда әріптесімізді АҚШ-қа жібермекпіз. Бүгінде отандық «Сасық», «Капитан Байдасов» деген жобаларға дайындық үстіндеміз.

El.kz: Тапсырыстың көбі шалғайдан түскендіктен, әріптестеріңізден шетелге көшу ұсынысы түсті ме? Шетел асу ойыңызда бар ма?

Жайдарбек Күнғожинов: Америкада жұмыс жасап, сол жерден үздіктердің бірі ретінде марапат алғанымда, америкалық досым «көшіп кел» деп қолқа салды. «АҚШ-та 3 жыл жұмыс жасасаң, кейіннен үйіңді де көшіріп алу мүмкіндігі болады» деген еді. Әйткенмен жүрегім «Елім» деп елжіреп, өзімнің патриот екенімді түсінгендей болдым. Бірден бас тарттым. Канадаға да «бас көтере алмайтындай жұмыс көп болады» деп қызықтырмақшы болғандары  бар.  «Өз елім-өлең төсегім» демекші, туған жерден көшпеймін деп сеніммен айта аламын.

El.kz:Сұхбатыңызға рақмет!

Айнұр Оспанова
Бөлісу: