«Жауынгерлік достастық-2023»: Қазақстан мен Қырғызстан бірлескен оқу-жаттығуларын өткізді

15 Қыркүйек 2023, 00:06 774

«Сарышаған» полигонында Қазақстан мен Қырғызстан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің жауынгерлік атыстарды қамтыған «Жауынгерлік достастық – 2023» оқу-жаттығуының белсенді кезеңі аяқталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бірлескен маневрлерді екі елдің қорғаныс министрлері генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Бақтыбек Бекболотов, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселелері жөніндегі үйлестіру комитетінің мүшелері бақылады. Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, Қазақстан Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің есептоптары мен Әскери-әуе күштерінің авиациялық экипаждары әуе және жер нысаналарын жою бойынша жауынгерлік атыстары орындады.

Әкімшілік-өнеркәсіптік орталықтарды, объектілерді және әскерлер топтарын бүркемелеу жөніндегі әуе шабуылына қарсы операция Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің стратегиялық қорғаныс операциясы шеңберінде жүргізілді. Бірлескен оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, шартты мемлекеттің қарулы күштері мемлекеттік және әскери басқару жүйесін ыдыратуға, оның қорғаныс-экономикалық әлеуеті мен әскерлердің қорғаныс топтарының жауынгерлік мүмкіндіктерін әлсіретуге, сондай-ақ әуеде үстемдік етуге тырысты.

Екі елдің қорғаныс ведомстволарының басшыларына Сарышаған бағытындағы нысандар мен әскерлер топтарының әуе шабуылына қарсы қорғанысын өткізу эпизодтары көрсетілді. Полигон алаңдарында авиация мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін бірлесіп қолдануды ұйымдастыру бойынша түрлі тактикалық эпизодтар ойналды. Нақтырақ айтсақ, онда «Жау авиациясының шабуылы», «Әуе барлауын жүргізу», «Майдандық авиация күштерімен әуе қарсыласын жою», «Әуе шайқасы», «Орта қашықтықтағы зениттік зымыран дивизиондарының әуе шабуылына қарсы шайқасы», «Жау авиациясын жою», «Маневр жасау кезінде әуе қорғанысы тобын бүркемелеу», «Қарсыластың диверсиялық-барлау тобына қарсы коптер типті ҰҰА есептоптарының әрекеті», «Жаудың алғы шептегі басқару пункттерін тікұшақтар буынымен жою», «Әуе айлағының ұшу-қону жолағында жаудың ұшақтарын жою» секілді жауынгерлік тәсілдер көрсетілді.

Жаудың радиотехникалық бөлімшелеріне әуе шабуылына қарсы операцияларды жүргізу барысында Wing Loong барлау-соққы беру ұшақтары нақты соққылар жасады. Әуе барлауы үшін «Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылды. Барлауды орындауға арналған дронды «Қазақстан инжиниринг «R&D орталығы» ЖШС Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетімен бірлесіп әзірлеген.

С-300ПС зениттік зымыран дивизиондары қарсыластың тактикалық авиация ұшақтарының, қанатты зымырандарының және жоғары дәлдіктегі қару-жарақ құралдарының бастырмалата берген соққысының бетін қайтара білді.

Сондай-ақ жауынгерлік атыстарға С-75, С-125, Бук-М2Э және ТОР-М2К зениттік зымыран кешендері де тартылды. Жаттығуларда әуе нысандарын іздеу мен анықтау GM-403 «Нұр» радиолокациялық станциясының көмегімен жүзеге асырылды. Бұл кешен нысандарды анықтауға және ақпаратты автоматты режимде беруге мүмкіндік береді, әрі олардың алыс қашықтықта жойылуын қамтамасыз етеді. Әуе нысандарын, оның ішінде ұшақтарды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, зымырандарды, реактивті снарядтарды және минометтік оқ-дәрілерді дәл анықтайтын «Нұр» станциясы біздің елімізде өндіріледі.

Оқу-жаттығуға Су-30СМ, Су-27 көпмақсатты жойғыш ұшақтары мен Ми-35, Ми-171Ш, Ми-17 тікұшақтарының жауынгерлік экипаждары да қатысты. Ұшқыштар жаудың әуе қорғанысы жүйесін еңсеруді, жақын маневрлік әуе шайқасын, жердегі нысандарды жоюды, бастырмалата берілген авиациялық соққыны тойтаруды пысықтады. Бірлескен оқу-жаттығуға 1075 әскери қызметші, 200-дің үстінде жауынгерлік және арнайы техника, 30-дан астам жауынгерлік ұшақтар мен тікұшақтар тартылды. Жаттығудың қорытындысы қарсыластың әуе айлағы нысандарын жоюмен аяқталды.

Жауынгерлік атыстар аяқталған соң қорғаныс министрлері нысана макеттерін, Қырғыз Қарулы күштерінің С-125 «Печора» зенитті зымыран кешені мен Қазақстан Қарулы күштерінің Бук-М2Э және ТОР-М2К ЗЗК қарап шықты.

Берік Арманов
Бөлісу: