Қарағанды облысында ТМД-ға мүше елдердің Біріккен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің күштері мен құралдарының жауынгерлік атысымен бірге «Жауынгерлік достастық-2023» оқу-жаттығуы өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оған қазақстандық күштер мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарынан басқа Қырғызстан Қарулы күштерінің әскери контингенттері де қатысуда. Зениттік-зымырандық кешендердің жауынгерлік есептоптары қазірдің өзінде оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға кірісті.
Жаттығудың белсенді кезеңі 14-15 қыркүйекте өтпек. Қырғызстанның ӘШҚҚ есептоптары «Печора 2БМ» мобильді зениттік-зымыран кешенінен іс жүзінде оқ атуды орындайды. Ол қысқа және орта қашықтықтағы ұшатын және ұшқышсыз басқарылатын әуе шабуылын жоюға арналған.
Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның қорғаныс ведомстволары мен ӘШҚҚ әскерлерінің өкілдері бақылайды.