Жат ағымдар күн санап артуда. Бұл тәуелсіздігімізге төнген қауіп - Аманжол Әлтай

4 Қазан 2023, 14:18 703

Жат ағымдар күн санап артуда. Бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген қауіп. Бұл туралы мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай ҚР премьер-министрі Алихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалда айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбейіп барады. Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдардың қатары күн санап артуда. Бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген қауіп! Қасиетті домбырамыздан бастап, шашу, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүріміздің барлығын «харам» деп бас тартуға уағыздау – ұлттың тамырына балта шабудың қауіпті көрінісі, - дейді А.Әлтай.

Оның айтуынша, күнделікті көшеде, қоғамдық орындарда қара жамылып, паранжамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды.

Соқыр сенімнің, білімсіздіктің, діни фанатизмнің, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған, құнсыз мишеньге айналып оққа ұшқан ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының тағдыры бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ біз сабақ алмадық. Қазір қазақты намаз оқитын қазақ, оқымайтын қазақ, мешітке баратын қазақ, бармайтын қазақ, хиджаб киетін қазақ, кимейтін қазақ деп бөліп жардық. Бұған себеп мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз, - деп атап өтті депутат.

Аманжол Әлтайдың пікірнше, бұған мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақыт келді.

Еліміздің өнер, спорт, ғылым, білім саласындағы есімі елге мәлім тұлғаларымыз, шығармашылық өкілдеріміз дін мәселесіне өте сергек, асқан жауапкершілікпен қарамасақ, бізге қарап бой түзеп келе жатқан мыңдаған жастарымызды адастырамыз! Бүгіннің өзінде спорт түрлерінде тайраңдап жүрген жат ағымның өкілдері бар екенін білеміз. Дінді жамылып алып, спортшылардың өміріне өз салттарын кіргізіп әлек... Дәстүрге суарылмаған, білімге бағытталмаған дін – ақымақтың қолына ұстатқан қару секілді. Халықты аздыратын осындай шабуылдарға тоқтау, заңмен тыйым салмасақ болмайды, - деді Аманжол Әлтай.

Равиль Ашығали
Бөлісу: