Жасыбай батыр туралы аңыз

13 Қазан 2015, 10:42

Батыр туралы аңыз

Қимадиден Нығымановтың қолжазбаларының арасынан табылған Қайыржан Темірбековтің мақаласында келесідей деректер кездеседі.

«Баянауыл поселкесінің күнбатысында аудан орталығынан жеті километр, айналасын көк шыршалы әсем заңғар таулар, шың құздар қоршаған Жасыбай көлі жарқырап жатыр. Осы бір көрген кісіге сырлы кең шараның түбіндегі бір тамшы мөлдір су сияқты естен кетпестей көңілге көрікті көрініс қалдырады. Ал көлдің суы тұщы, күмістей таза. Көл үлкен де терең. Бұл көлдің бұрынғы аты «Шойын» да, қазіргі аты Жасыбай. Бұл есімдер қайдан шыққан?

Уақытты кім санапты, сірә осыдан екі жарым-үш ғасыр бұрын болса керек, қазақ пен қалмақтың жер-суға таласқан қиян-кескі шапқыншылық заманында қалмақтық Шойын деген батыры қапылыста өзінің қарсыласы Жасыбайды атып өлтіреді. Уақиға былай болыпты...

Бұл екі батырдың арасында соғыс талай жылдарға созылады. Баянауылдың соншама әсем табиғатына қызыққан Шойын бірнеше рет қатты жеңіліп, қалың қолын қырғызып қайтса да, шапқыншылығын қоймайды. Ал Жасыбай Отанын жауға алғызбайды. Күндіз де, түнде де жау қолын өткізбес үшін терең шатқалдың аузындағы биік жартаста қарауылдап отырады. Осындай қанды жорықтың бірінде Жасыбай қасынан тастамайтын батыр серігі Киік жаурыншыға бал аштырады. «Жау алыс па, жақын ба? Беті қай жақта, батырым? Жауырыннан не көрсең де жасырмай айт», –дейді ол Киікке. Киік жауырында садақтың оғын салған қоржыннан суырып алып байқап жібереді де: «Батырым, саспа. Жаудың беті қашқан жағында. Өлісін түйеге теңдеп, тірісін соңынан ертіп, Шойын қалмақ кейін қайтып барады», – депті.

Жауырыншы серігінің «көрегендігіне» сенген, бірнеше тәулік ұйықтамаған Жасыбай батыр ендеше жау қашты деп өзі қарауылдайтын мұнара шыңның басында алаңсыз ұйықтай қалады. Өзінің ашқан балына сенген Киік батыр да ұйықтайды. Осы кезде баспалап келіп тау басына жеткен Шойынның садақшы мергендері қасына барып, қылышпен шабуға батылдары бармай, екі бөлінеді де, өзі бас болып Жасыбай мен Киікке садақтың оғын қарша боратады. Екі батыр оққа ұшады.

Жасыбай өзі өлген жерге жерленген. Бұл көктем шағы болса керек. Зираты қазірде бар. Нөкерлері ел намысы үшін өлген батырдың қабірінің маңына бір уыс қайыңның бүршігін сеуіпті. Сол бүршік шоқ қайың болып Жасыбайдың қабірінің үстінде әлі өсіп тұр.

Ал Киік батырдың денесін әлденеше себептермен қалмақтар ұрлап әкеткен деседі. Ол өлген жер содан бастап Киікші деп аталады. Жасыбайдың ұрпақтары қол жинап ұйымдасып, қалмақтарды бұл жаққа қоныстатпай қуып тастайды. Батырдың өзі өлсе де, аты өлмесін деп, бұрынғы қалмақ батыры Шойынның атымен аталатын көлді Жасыбай батырдың атына қояды».

Бұл – ешбір жерде кездеспеген дерек. Аңдаусызда Қимадиден Нығымановтың жиған қағаздарының арасынан табылмағанда, шаң басқан газет жинақтарының арасында сарғайып қалар ма еді, кім білсін! Сондықтан да даулы болса да, ел аузынан жазылған аңыз-деректің өзіндің құны зор деп білеміз.

Осы деректердің басын қосып қарайтын болсақ, Жасыбайдың кіндік қаны тамған жері үшін бір оқтық батыр жанын шүберекке түйгендігіне көз жеткіземіз. Ал болған соғыс қай соғыс деген сұраққа келсек, екі ұшты жауап табамыз. Бір деректерде, Жоңғар мемлекетінің хандық тағына таластың нәтижесінде жеңілген ойрат шонжарлары Амурсана, Даваци мен Банжур Абылай ханнан пана іздеген. Оларды бауырыңнан шығарып бермедің деп Доржы бастаған 20 мың ойрат әскері 1752 жылы қыркүйек айында қазақ жеріне басып кіреді. Бұл суық хабарды естіген бетте хан Абылай барлық батырларына хабаршы шаптырып, қазан айының орта шенінде Баянауылда жиналу туралы бұйрық таратады. «Қалмақ қырылғандағы» соғыс осы болса керек-ті. Ал тарихшы Т.Еңсебаевтың жазуынша, он сегізінші ғасырдың қырқыншы жылдары қалмақтардың Ертіс өзені бойындағы Баянауыл далаларын басып аламыз деп әрекет жасағандары айтылады. Негізгі соғыс та осы Баянауыл жері үшін болса керек. Әттеген-айы, тап басып айтатын бұлтартпайтын тарихи дерек жоқ.

Әрине, тарих патшалығында екіұшты пікірлер болмай тұрмайды. Бастысы Жасыбай батыр – жанын халқы үшін шаһид қылған қаһарман ұл.


 Бейбіт БӨЖЕН

Бөлісу: