13 Қазан 2015, 10:27
Атамекенін қанды қол қалмақтың қылышынан қорғаған қаһарман ұл туралы тарих беттерінде аз жазылған жоқ. Арғын руының Бәсентиін тармағынан тарайтын Жасыбайдың ата-тегі туралы дау да ғылыми тартыстың негізгі тиегі болып жүр. Оның ерліктері талай аңыз-әңгімелердің және жыр-дастандардың өзегіне айналған. Жақында ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері, шежіреші, Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылының тумасы Қимадиден Нығымановтың шығармашылық өмірінде жиған-терген рухани дүниелерінің арасынан Жасыбай Өмірұлы туралы тың дерек табылды. Ол - кезінде «Қызыл ту» аталған (қазіргі Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті) газеттің 1967 жылы 21 мамырындағы санында жарық көрген «Ел аузынан» айдарымен берілген Қайыржан Темірбековтің «Жасыбай» атты мақаласы. Қимаш ақын (Қимадиден Нығыманов) газет бетіндегі мақаланы ұқыптылықпен қиып алып, алдағы күндері кәдеге жаратармын, мүмкін ұрпағыма қажеті болар деген ниетпен көп қағазының арасында сақтап қойған болса керек. Мақаланы толық жарияламас бұрын батырдың өміріне қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік.
Жасыбай батыр туралы көптеген тарихшы, шежіреші, зерттеуші қалам тербеген. Шоқан Уәлиханов, Мәшһүр Жүсіп, Әлкей Марғұлан, Н.Коншиннің жазбалары құнсыз, «Ер Жасыбай» жыр-дастанында мағлұмат берілген. Аталмыш деректерге ой жүгіртсек, барлығы дерлік Жасыбайдың ерлігін Баянауылдағы Жасыбай көлімен байланыстырады және ол заңды да. Атақты этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбек өзінің «Елтұтқа» атты кітабында Жасыбай батырдың өміріне арнаған еңбегін қалдырған. Ол: «Өмірұлы Жасыбай (ХVІІІ ғ.) – жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі – Орта жүздің Арғын тайпасының Бәсентиін руынан. Әкесі Өмір от ауызды, орақ тілді шешен адам болыпты. Анасы – қазақтың атақты батыры Олжабайдың апасы. Шежіре деректерінде батырды «Олжабайдың жиені» дейтіні де содан. Жасыбай екі ағайынды болған, інісі Байсары да жоңғарларға қарсы күресте ерлігімен көзге түскен белгілі батырлардың бірі көрінеді», – деп тоқталады.
Жасыбай - жасынан ерлігімен көзге түсіп, қан жылаған қиын кезде Олжабай батырмен тізе қосып жауға бірге шапқан серігі, майдангер досы. Ол жүзіктің көзінен жебе өткізетін мергендігімен, жауырынға қарап болжаушылық қасиетімен жұртқа кеңінен танылған. Ақселеу Сейдімбек кітабында Н.Я.Коншинннің жазбасын келтіреді. «Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан өледі. Қазақ қолы қалмақтарға төтеп бере алмай, ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар», – деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғандары сондай, өліктері жолдың ұзын бойына шашылып қалады», – деп жазады. Сөзін соғыс болған жер содан бастап «Қалмақ қырылған», ал батырдың атын мәңгіге жаңғырту үшін халқы Баян тауының ол қорғаған асуына «Жасыбай асуы», көліне «Жасыбай көлі» деген ат береді, – деп түйіндейді. Бұл – бір мысал. Басқа деректерге сүйенетін болсақ, Жасыбай батыр, жаумен алысып болғаннан кейін, сауытын шешіп, бел жазып демалуға отыра бергенде жасырынып тұрған қалмақтың Құба мергені садақпен атып, мерт қылады. Сол кезде Жасыбай батыр басын көтеріп, серіктестеріне: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, Малайсары белгі орнатсын, артымда қалған жетімдерге Бөгембай көз салсын», – деген өсиет қалдырыпты. Олжабай, Малайсары, Бөгембай жауды жығып той жасап жатқан уақытта, қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат арнайы кісі жіберіп, суыт хабарды жеткізеді. Қамыққан батырларға Бұқар жырау толғаулатып көңіл айтады. Жасыбай батырдың сүйегін жартастың басына арулап қояды, ал үш батыр, яғни Олжабай, Малайсары, Бөгембай белгі ретінде үш жас қайың ағашын егеді. Шойын көлге Жасыбай атын беру ұйғарылады. Қазіргі күні қайыңы жайқалған сол жер Жасыбай асуы аталады. Жасыбайдың қазасы өтісімен қалмақтардың соңына түсіп, қырып тастаған «Серке тас» (Баянауылдан 60 шақырым қашықтықта, қазіргі Май ауданы Ақшиман ауылы орналасқан жер) деген жер «Қалмақ қырылған» деп аталып кетеді. Жалпы Баянауыл өңіріндегі Жасыбай көлінің «Айнакөл» «Терең көл», сол секілді ел аузында «Шойын көл» деген тарихи атауы да сақталған.
Бейбіт БӨЖЕН