Жастарымыздың дінге бет бұрғанына қуанған едік. Ноғаев өкінішін айтты

19 Шілде 2022, 08:02 4765

Ата-аналар да балаларының кіммен араласып, қандай діни жолды ұстанатынына көңіл бөлсе деймін.

Ақтауда «Орталық Азиядағы мемлекет және дін қатынастары: қазіргі жай күйі мен перспективалары» атты халықаралық форум өтті, деп хабарлайды EL.KZ Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форум жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Түркіменстан, Әзірбайжанның халықаралық сарапшылары, Қазақстанның батыс өңірінде орналасқан облыстардың дін істері басқармаларының басшылары, дінтанушы ғалымдар, сарапшылар, құқық қорғау, арнайы және мемлекеттік органдардың басшылары, қоғам белсенділері қатысты.

Халықаралық форум аясында Орталық Азиядағы діни саласына қатысты мәселелер талқыланды, сонымен қатар жастар арасында діни экстремизм мен деструктивті ағымдардың алдын алу мәселелері көтерілді.

Жиында сөз алған аймақ басшысы жастардың өмірі мен психикасына теріс әсер беретін діни ағымдардың қауіпіне тоқталып, жастардың өзге ағымдардың жетегінде кетіп, жапа шегіп қалмасы үшін діни сауаттылықты арттыру керек екенін атап өтті.

Жастарымыздың дінге бет бұрғанына қуанып, шүкіршілік еттік. Алайда, теріс пиғылдағы діни ағымдар жастардың ниетін өз мақсаттарына пайдаланып, адастырып, өзін-өзі өлімге қиюға дейін жеткізуде. Жастар ғаламтор арқылы түрлі діни сайттарға кіріп сол арқылы дін үйренуде. Ғаламтордағы мәліметтердің шамадан тыс көп әрі қолжетімді болуы діни экстремистік идеялардың кеңінен таралуына да жағдай туғызуда. Сонымен қатар, шет мемлекеттерге діни білім алуға кеткен жастарымыздың арасында да дәстүрімізге сай келмейтін, сол ілім алған мемлекеттердің ғұрпы мен дәстүріне негізделген діндерді үйреніп келіп, елімізге насихаттауда. Сондықтан осындай қауіптерді сейілту мақсатында қазіргі таңда діни сауаттылықты арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде, мемлекет тарапынан арнайы комиссиялар құрылып, халық арасында ақпараттық-насихаттық топтар түсіндіру жұмыстарды жүргізуде. Ата-аналар да балаларының кіммен араласып, қандай діни жолды ұстанатынына көңіл бөлсе деймін. Әрине, бұл мәселемен күресу мемлекеттік органдардың ғана жұмысы деп түсіну қате. Мұнымен халық болып күресу керек. Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығын сақтау баршамыздың міндетіміз,- деді Нұрлан Ноғаев.

Форум аясында бірқатар қатысушылар «Қазақстандағы діни қатынастар»,«Ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің сақталуында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рөлі», «Мемлекет және дін қатынастарындағы ғұламалардың орны мен маңызы", т.б. тақырыптарда баяндама жасады.

EL.KZ
Бөлісу: