Жастармен жұмыс істейтін қос министрді қазақ тілі мәселесі толғандыра ма?

21 Мамыр, 13:41 729

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтан тілшілер қазақ тілі мәселесіне қатысты сауал қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тілші қос министрден: «Сіздерді қазақ тілі мәселесі ойландыра ма? Бір депутат осыған қатысты жазба қалдырып еді, үлкен резонанс туғызды. Тіл мәселесі ушығып бара жатыр. Қоғам бұл тарапта екіге бөлінуде. Сіздер жастармен, балалармен жұмыс істейтін министр ретінде осыған қатысты не ойлайсыздар?» деп сұрады.

Аталған сауалға қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев елімізде қазақ тілінің мектептерде дамуына қатысты ушығатындай ешқандай себеп жоқ екенін айтты.

Өйткені қазақ сыныптарында оқитын балалардың саны артып жатқанын көріп отырмыз. Бұдан бөлек тілдің сапалы берілуіне қатысты мәселе бар. Мұны өзінің деңгейінде жеткізу бағытында емтихандардың басталуы қазақ тіліне деген қажеттілікті туғызуға байланысты қабылданып отырған шешімнің бірі. Ал сапасын арттыру бағытында әдістемелік жобаның пилоттық негізде енгізіліп жатқанын атап өтуге болады. Осындай көптеген іс-шаралар тілдің сапасының артуы мен қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша жыл сайын қабылданып, өзінің нәтижесін беріп келеді, – Ғани Бейсембаев.

Министр бүгінгі күні ашылатын мектептердің негізгі дені қазақ мектептер екенін тілге тиек етті.

Биыл салынып жатқан «Жайлы мектеп» барлығы жүз пайыз қазақ тілінде ашылады. Ал ашылған кезде тағы да нақтылайтын боламыз , – деді оқу-ағарту министрі.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былтырғы жылы 80 пайыз түлек ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырғанын атап өтті.

Биыл міне, төрт күннің ішінде 75 пайыз балалар қазақ тілінде тесті тапсыруға шешім қабылдады. Бұл үрдіс ақырындап жалғасуда, – деді Саясат Нұрбек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: