Жастарға 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі

13 Қаңтар 2023, 15:35 3894

Бұл туралы Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрі айтты

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрі мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Еңбек және халықты әлуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік-еңбек саласындағы қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының 5 стратегиялық бағытын атады.  

Айтуынша, қазіргі геосаяси жағдай жастардың едәуір ағыны, күтілетін жұмыстан босату бұлардың барлығы халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар болып табылады. Сондықтан Министрлік осы бағытта отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтуды көздейді.  

Сондай-ақ, министр жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру ойда екенін тілге тиек етті.  

«Республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар шеңберінде 75 мыңға жуық жұмыс орнын, қаржыландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайтын мемлекет субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарлануда. Құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталады», – деді халық қалаулысы.  

Бұдан өзге 6 мың жас азаматқа 5 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микрокредиттер берілмек. Ал ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант беріледі. 

Зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасын іске асыру жалғаса береді. Жоба аясында жыл сайын кемінде 15 мың адам жұмыспен қамтылады», – деді Тамара Дүйсенова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: