Жастардың түсінігіндегі құндылықтар қалай өзгерді?

18 Шілде 2023, 13:44 990

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, заман өзгеріп, заң алмасқан сайын жастар да өзгеріп келеді. Олардың дүниетанымы, көзқарасы басқаша. Кеңестік жүйеде тәрбиеленіп бүгін ел ағасы болып отырған азаматтар өзі өмір сүрген қоғамда белсенді еңбек етті.

Қызыл партияның ұрандарына сенді. Коммунизмге жетеміз деп, идеологиялық мықты  сұрыптаудан өтті. Әрине, ішінара болмаса қоғамды дүрліктірлген дөрекілік, басынушылық, бағынбаушылық секілді әрекеттер орын алмады. Орын алған күнде оны жариялауға қатаң тиым салынды. Олардың шетелден білім алуына, әлемді аралауға мүмкіндіктері болмады. ХХІ-ғасыр бала тәрбиесіне және жастардың көзқарасына көптеген өзгерістер әкелді.

Ақпараттың жылдам таралуы мен ауқымы отбасылық құндылықтардан да асып түсті. Материалдық жағына көбірек көңіл бөлген ата-ана үйдегі және түздегі балаларын басқара алмайтын деңгейге жеткені өтірік емес. Жаһандану үрдісіне сай жастардың саяси оқиғаларға қатысуы, саяси ұйымдардың қызметіне араласуы жаңа экономика, жаңа мемлекет құруға деген талпынысының күшейе түскені рас.

1993 жылы халықаралық «Болашақ» стипендяиясы тағайындалды. Қазақстанға замануи көзқарастағы жаңа кадрлар қажет болды. Осы уақыт аралығында 12 мыңнан астам студент шетелдің оқу орындарын тәмамдады. Қазіргі таңда еліміздің әр саласында еңбек етіп келеді. Жүргізілген зерттеу қорынытындыларына қарағанда сауалнамаға қатысқан жастардың 74% өзін патриотпын деп көрсеткен.

Әлемдік тәжірибені алып қарайтын болсақ, бүгін жастар саясатын ұйым­дастыруда негізгі 3 модель дамып келеді: либералдық, континенталдық, азиялық. Либералдық модельде жастар саясаты жеке сала ретінде қаралмайды. Жастар саясаты негізінен азаматтық қоғам арқы­лы іске асады. Бұл саясат жекеменшік компаниялар және жеке адамдармен (демеушілермен) қаржыландырылады.

Континенталдық модель бойынша жастар саясаты жеке сала ретінде қарастырыла­ды. Ол арнайы мемлекеттік орган тарапынан ұйымдастырыла­ды. Қаржыландыру мемлекет тарапынан ­жасалынады. Саяси партиялар жастар саясатына араласпайды.

Азиялық модельде жастармен жүргізілетін жұмыс мемлекеттік саясаттың жетекші бағыты ретінде алынады.

Бұл жұмыспен жеке мемлекеттік орган айналысады. Сонымен жастарға мемлекет тарапынан жағдай жасалып жатыр.

Ал ұлттық салт-дәстүрді сақтаған жастардың жылдан-жылға азаюы көңіл көншітпейді. Соңғы кездері әлеуметтік желіні шулатқан жасөсіпірім қыздар мен ұлдардың бірін-біріне әлімжеттік көрсетіп, тіпті кейбір оқиғаларында өлімге дейін апарып жатқаны өкінішті.

Демек, елдегі жастар саясатын толық реформалайтын кезең келді. Ақпараттық кеңістікте аласұрып, адасып қалған жастардың психологиялық жағдайы күн сайын күрделеніп барады.

Жастарға арналған түрлі орталықтар, ұйымдар болғанымен олардың ел жастарын түгел жұмылдырып кетуге қауқары жетіспейді. Кезінде Ресейде білім алған жүзден аса жастардың бүкіл қазақ даласына білім нәрін төгіп, ұрпақ болашағы, ұлт келешегі үшін «алашшыл» болып атылып кеткенше ерен еңбек еткенін тарих ұмытпайды.  Қазіргі қазақ жастары білімді. Сауатты. Елімізде қай саланы болса да басқарып кетуге қабілет-қарымы жететін жастар аз емес.

Алайда, олардың мұндай қызметтерге орналасып кетуіне індетке айналған жемқорлық пен бюрократизм бөгет болып отырғандығы асыра сілтеушілік емес. Мемлекеттік қызмет, мұнай, газ саласы сынды ірі кәсіпорындарға тамыр, таныстықпен, жең ұшымен жалғасқан сыбайластықпен орналасады. Бұл шындық. Мемлекет бұл мәселемен жүйелі түрде күресіп жатқанмен тамыры тереңде қалған арамшөптің бетін ғана жұлғандай әсер қалдырады.

Мәселені қалай шешеміз? Ел билігінің тізгінін ұстайтын жастарды қалай тәрбиелейміз? Бұл күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі. Журналист Жанат Ардақтың «Демографиялық парадокс: Қазақстанда жастар үлесі 26%-дан 20%-ға күрт азайды» мақаласында мынандай деректер келтірілген:, қазіргі уақытта елде жастар саны – 3 млн 739,8 мың адамды немесе бүкіл халықтың 20%-ын ғана құрайды. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан тоғыз жыл бұрын, 2012 жылы жастардың саны 4,4 миллионға жетіп, үлесі 26%-дан асқан-тын. Бұл БҰҰ-ға қазақ елін жас мемлекет деп бағалауына негіз болған.

Қазақстанда жастар саны азайғанымен, ештеңеге де құлқы жоқ, енжар жастар саны бәрібір көп болып тұр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша NEET санатындағы, яғни не оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не өз біліктілігін арттыруға құлшынбайтын селсоқ жастардың үлесі 7,1%-ды құрады. 2018 жылы – 7,9%, 2019 жылы – 7,4% болған. Яғни, өткен кезеңдерге қарағанда бар-жоғы 0,3%-ға төмендеді. Демек, Үкімет біраз жылдан бері қолға алып, жүздеген миллиард қаражат шығындап жатқан, NEET-жастармен жұмыс шаралары қамтылған "Еңбек", "Тегін техникалық және кәсіптік білім",  "Бастау-Бизнес", "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!", "Жасыл ел", "Дипломмен ауылға" секілді қаптаған мембағдарламалар айтарлықтай нәтиже бермеген. Айта кету керек, бұл тек орташа көрсеткіш, кейбір өңірде ештеңеге ниеті де, зауқы да жоқ жастар үлесі қарақұрым: бүгінде ең жоғары көрсеткіштер Қарағанды облысында – 11,5% (2019 жылы – 12,3% болған), Ақтөбе облысында – 8,4% (2019 жылы – 8,1%, ұлғайған), Қызылорда облысында – 8,3% (2019 жылы – 8,2%, артқан).Ең төменгі көрсеткіштер Қостанай облысында – 5,3% (2019 жылы – 4,7%), Павлодар облысында – 4,9% (2019 жылы – 4,9%), Батыс Қазақстан облысында – 3,1% (2019 жылы – 2,8%) құрап отыр.  Бұл дегенміз өңірлерде жастар саясаты мәселесі кейіңге қалдырып, формальды түрде жұмыс жүргізіліп отыр дегенді білдіреді.

Әрине мемлекет жастарға барлық жағдайды жасап отыр. Түрлі бағдарламалар ұсынып, олардың еңбекке талпынысын ынталандырып жатса да жастардың енжарлығы мен жеңіл ақша табуды көздеген ойларымен күресу қазіргі таңда мүмкін емес болып отыр.

Ең бастысы ата-ананың үйдегі тәрбиесі мен қоғамның жастар тәрбиесіне қосатын үлес салмағы маңызды екені сөзсіз. «Ұят болады», «Обал болады» деген қағидамен өскен ауыл жастарының адамгершілігі мен ар-ұяты қала жастарынан әлдеқайда басым екені айтпаса түсінікті. Ата мен әже көрген, ауыл көрген ибалы жастардың қалаға келген соң бұзылып, ой, еркіндігінің шексіздігін сезінгендіктен қателіктерге бой алдырып жатқандығы да шындық.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Жас қазақстандықтардың құндылықтар иерархиясының өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші кезекте, жастардың ба­сым бөлігі (82,5%) дәстүрлі құндылықтарға, атап айтқанда отбасына басымдық береді. Екін­ші орында денсаулық (45,6%), үшінші орында достық тұр (23,1%).

Әр бесінші жас қазақстан­дық (20,7%) басты құндылық ретінде материалдық қамсыз өмірді атап өтеді.

Қазіргі қоғамның дамуы, ондағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігі өкілдеріне алу­ан түрлі бірегейлік тән жастар ортасында болып жатқан процестерге ерекше назар аударуды талап етеді. Назар аударуды талап ететін осындай маңызды аспектілердің бірі – саяси белсенділік және жастардың саяси өмірдегі оқиғаларға мүдделілік деңгейі.

Жас қазақстандықтардың қоғамдық-саяси көңіл-күйі саяси оқиғаларға мүдделі болу дәрежесі, сайлаушы ретіндегі көзқарасы, саяси партиялар мен жастар ұйымда­рына формалды қатысуы тұрғысынан қарастырылады. Зерттеу қорытындыларына сәйкес, ауылда тұратын жастар қалалардағы құр­дастарына қарағанда сай­лауға қатысуға дайын екенін жиірек айтады (айырмашылық >8%).

Сайлау процесінде жастардың келесідей санат­тары белсенді: мемлекеттік қызметкерлер (60,4%), ауыл шаруашылығы жұмысшыла­ры (52,4%), ғылым, мәдени­ет, денсаулық сақтау, білім беру саласындағы мамандар (54,2%).

Жалпы алғанда, соңғы уақытта жастар арасында сайлауға қатыспай, абсентеизмнің белең алуы жиі кездесетін болды.

Енді осымен қалай күресеміз? Ең бірінші мемлекетте патриоттық тәрбиені күшейту керек. Мемлекеттік рәміздерді наисихаттау жұмыстарын күшейту керек.

Бұл жұмысты балабақшадан бастаған жөн. Балабақша тәрбиенің тал бесігі. Міне осы кезеңнен бастап тәлім-тәрбие беруді қолға алу керек. Жапон елінде балақшадағы баланы спорт, ұлттық дәстүр-салт пен тілге  және жапон мәдениетіне тәрбиелеуге ерекше мән береді.

Соның нәтижесінде Жапон жастары әлемнің түкпір-түкпірінде қай салада болмасын еңбек етсе де өз елінің мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін мәңгілік сақтайды.

Міне осындай әдісті қолданбасақ ертең елдің болашағына алаңдайтын, білімді ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес екенін түсінгеніміз жөн.

Асылбек Байжұмаұлы
Бөлісу: