Жастар таңдайтын мамандық

30 Мамыр 2022, 14:41 6930

«Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет». Белгілі жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың осы бір сөзі әрбір мамандық иесі үшін маңызды болса керек-ті. Биыл мамандық таңдауға 170 мыңнан астам түлек шешім қабылдамақ. Елімізде 3,5 млн-нан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылса, «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер болып отыр. Аттестатты салтанатты түрде тапсыру рәсімі 2022 жылғы 16-17 маусымда өтеді. Ал мамандық таңдап, жоғары оқу орнына тапсыру сынағы ҰБТ-2022 16 мамырда басталды және ол 5 шілдеге дейін жалғасатын болатын. Айта кетейік, биылғы оқу жылына  88 214 мемлекеттік грант бөлінсе, оның ішінде бакалавриатқа 73 061, магистратураға 13 263 және докторантурағджза 1890 грант.

Осындай маңызды сәттерде, мамандықты қателеспей таңдаудың жөні бір бөлек екені сөзсіз. Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылы Қазақстанның еңбек нарығында бағдарламашылар, логистер мен сәулетшілер сұранысқа ие болады. Біз осы орайда биылғы түлектерден кім болғысы келетінін сұрап білдік.

Мадияр Мұқаш, түлек


Осы жылы он бірінші сыныпқа келген соң, алдымдағы үлкен бір таңдау - мамандық таңдау болды. Басында қатты ойландым. Маған бала кезімнен көпшілікке бір жақсы нәрсе үйрету деген қатты ұнайтын. Жетінші сыныпты аяқтап Абай атындағы мектеп-интернатқа оқуға түстім. Осы жерде ұстаз деген жай ғана атау емес, үлкен мәртебе екенін түсіндім. Мұғалім болуға қызығушылығым арта түсті. Әдебиет сынды пәндерден сабақ беретін ағайлардың философиялық ойларын естігенде ойланып қалатынмын. Сонымен, көзді ашып жұмғанша он бірінші сыныпқа да келіп жеттік. Мамандық таңдау кезінде көбісі ойланып қалғанда, мен іркілмей таңдап бірден ұлттық бірыңғай тесттілеуге дайындықты бастап кеткен болатынмын. Мұғалімдік жолды таңдаудағы тағы бірден-бір себеп – оның бүгінгі қоғамдағы сұранысқа ие мамандық болғандығы. Қоғамда мұғалімдердің беделі артып келе жатыр. Дәл осы мамандықтың қарқынды дамуына қызығып, оны одан әрі жандандыра түссем деген оймен осы бағытқа түстім. Мектебіміз қазақ тілі мен әдебиетті тереңдете оқытатын мектеп болғандықтан шығар таңдау пәнім де осы пәндер болды. Бір жағынан жаным сүйіп оқитын пәндерім еді. Әрбір шығарманы оқып, одан өзің бір ой түйіп, қорытынды шығару ең керемет әдетіме айналды. Осылай қазақ тілі мен әдебиеті жақын досыма айнала бастады. Мектептегі мұғалімдердің пәніне деген ыстық ықыласы мендегі сезімді оятып жібергендей. Дәл осы жолды жүрегіммен қалап таңдаған едім, енді алдымда осы жолымдағы армандарым қол бұлғап тұр. Өзімнің болашағыма, мамандығымның болашағына үмітім көп. Әр күні өзіме мақсат қойып, оның орындалуына қарқынды жұмыс істеймін. Мен өзіме сенемін.

Әсемай Баян, түлек


Болашақта мен өзімді журналист, халықаралық журналист ретінде көре аламын. Бұл мамандықты тоғызыншы сыныптан бастап армандадым.

Журналистика қызығы мен қиындығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін сала. Мен өзімді білімді, ақылды, жауапты әрі талапшыл, мақсаткер, ықыласты, бауырмал ретінде санаймын. Бұл журналистердің ішіндегі ең керемет мінез-құлық десем де болады. Журналистер мақсаткер болады. Мен сол арманды мақсатқа айналдырғанды өте қатты жақсы көремін. Сонымен қатар, менің ойымша қоғамдағы құбылыстарды зерттеп, зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жетіп, өзімнің шын талантыммен оқырманымды баурап алатын шабытым бар. Яғни осындай шабытың болса, сен міндетті түрде журналист бола аласың деп ойлаймын. Яғни қағазың мен қаламың арқылы қорғансыз тапана болып, әділеттік тапқанда, біреуге үміт ұялатқан сәтте мамандығымның құдіретін сезінуге өте керемет болады деп ойлаймын. Яғни мен болашақта өзімнің шығармашылығым арқылы қоғамға да, халыққа да, сонымен қатар адамға да қызмет ететін, ешқашан қателеспейтін, қашанда жаңаның, жаңалықтың жаршысы, жақтаушысы бола алатын осы бір журналист мамандығының иесі боламын деп ойлаймын.

Менің ойымша журналист, бұл – романтика, төртінші билік, газеттер мен журналдар, дүрліктіру мен таңғалдыру, және өтірікті шындыққа баурап алатын журналситің өте керемет қағидалары деп ойлаймын. Яғни радио мен телевидение, журналист пен репортер, шығармашылық, ақпарат, т.б. менің ойымша, журналистика бар кезде оның жемісі қажет болып тұрған бұл тізімді әрмен қарай жалғастыра беруге болады. Журналистика менің ойымша, бұл – жаза алатын адам. Яғни құпия толы күнделіктерде жазбаларын жазу үстелінде сақтаған, өзінің қалам шебері атайтындар, мысалы, мақтаншақтар журналист емес. Аталған мамандық иелері бұқралалық ақпарат құралдарына, интернет басылымдарға жаңалықтар, фотоесептер, мақалалар дайындайтын, осы журналистер. Журналист мамандығы қоғамға өте керек, халыққа жанашыр болатын маман иелері.

Кеңес Айшат, түлек


     Мен болашағымды ұстаздыққа балап, 11-сыныпта таңдауым қазақ тілі мен әдебиетіне түсті. Бақытымды ұстаздықтан көре алған мен болашақ өз мамандығымның майталманы болуға асықпын. Бәлкім, осы жолдағы кездесетін қиындықтардан да еш қорықпайтыным содан болар. Қаншама тарам-тарам таңдаулардың ішінен оқыту, үйрету, тәлім беру, ұрпақ тәрбиелеу жолы мендік болар деп неліктен таңдадым, артықшылықтары қандай сынды сұрақтарға жауап беретін боламын.

    Мамандық таңдауда әркім әртүрлі нәрсеге мән беретіні рас. Түлектер арасында шын қалауымен таңдағандар да, грант санын алға тартқандар да, заман талабы дейтіндер де, тіпті ата-анасының қалауын орындауға тырысатындары да бар. Мен таңдау барысында осы типтерге ортақ негіз болатын мамандық таңдағым келді. Өзім үшін бала кезден адамдарға жаңа нәрсені таныту, қызықтыра білу, түсіндіру, әдемі сөйлеу, назарда болу секілді дүниелер ұнайтын. Қонақтар келсе бірден сұхбат құру, жай-күйін сұрау, әңгімеге тарту, жағдайға танытатын пікірін білу де мен үшін маңызы бар іс болып көрінетін. Өсе  келе өзімді қоғамдық ортада, жақындарымның ортасында тың ақпараттарға толып жүру арқылы бақытты сезінетінімді түсініп, осы критерийлерге сай мамандықты ұстаздық деп таптым. Білікті мұғалімнің қоғам үшін де пайдалы екенін, жасалып жатқан мүмкіндіктердің де біршама екенін байқап, жауапкершілігі мен міндеті мол салаға бел байладым. Бұл саланың шәкірт яғни адам тағдырымен тікелей байланысты екенін жақсы түсінемін. Өзімнің аудиториям деп жас ерекшелігі мектеп қабырғасындағы, жасөспірімдік кезеңді қамтитын оқушыларды емес, санасы, ойлау жүйесі толық бекіп, өзіндік көзқарастары қалыптасқан білім алушы, жоғарғы санаттағы топты  есептеймін. Бұндай анықтама беруім менің қабілеттеріме, табиғатыма тікелей байланысты. Балалармен жұмыс жасау қиын болғандықтан да емес, менің еңбегімнің үлкен сұраныс пен ішкі ізденіске құрылып, жоғары бағалануын қалағандықтан. Мұғалімдер менің көз алдымда көңілі жап-жас, қызық ортасында, тығыз жағдаяттар толқынында жүретін, жаңалықтардан ешқашан қалыс қалмайтын, сан қырлы, кез-келген саладан хабары бар әмбебап жандар болып сақталып қалғандықтан менің таңдауыма деген сенімім, үмітім мол. Ал, қорқынышым мен күмәнім бәсеңдеу. Бір білерім ұстаздардың әмбебаптылығы сонша олар кез келген салада жарқырай білетін әрі ыңғайы мен икемін таба алатын керемет тұлғалар. Олар өзгелердей бола алады. Екінші кезекте білерім кез келген мамандар дәл мұғалімдердей бола алмайды. Жалпы көбі оларды қағазбасты деп таниды, енді біреуі жүйкелері тез тозады деуі де ғажап емес. Бұл мамандықты көне, біртүсті деп есептейтіндер мен үшін біртүрлі адамдар. Қазіргі таңда ұстаздардың мәртебесі де оларға деген құрмет те артқан. Заманауи, қызықты, жағымды, өнерлі, үлгілі ұстаз қоғамның айнасы.  Десе де, мендегі құрмет тек мәртебесі мен жағымды тұстарын ескеруге,байқауға даяр. «Ұстаз болу жүректің батырлығы» дейтін ұлы Абай да оқытушылықты батылдыққа балайды. Мен бұл жолда тек дәріс беруші мұғалім болумен шектелмейтініме сенімдімін. Мүмкін кітап жазып, жазушы, адам жанын емдер, сырласар досы болуым да мүмкін. Адамның өзін басқарып, жаңа әдет қалыптастыруында бапкер, тәлімгер болып кетсем де еш таңғалмаймын.

   Құрметті оқырман, жас дос! Таңдау кезінде, тек қана мамандықта емес, жалпы таңдай білу керек жағдайларда мына әдісті қолдан. Пайдалы ма, ұнай ма және құпталған ба, ендеше таңдауың құрдымның емес құттың бастауы.

Бегімай Қуандыққызы, түлек


Мен болашақта бала жанының бағбаны болатын ұстаз болғым келеді. Ағылшын тілі өзіме ұнайды. Балаларға тілді табиғи жолмен үйреткім келеді. Мектептегі көп грамматикамен шатасып, ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып жатамыз. Оқушыларға тыңдау мен сөйлеу арқылы ағылшын тілін үйреткім келеді. Тек білім ғана беріп қоймай, әр оқушыға тәрбие, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіргім келеді.

Сонымен қатар, тіл білу қазіргі заман талабы. «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген сөз бекер айтылмаған. Әлем тілдерін меңгеру арқылы өзіңді әлемге мойындата алсаң, ол бір ғажап дүние болары сөзсіз.

Бүгінгі таңда балалардың оқу-білімге құштарлығын арттырып, тіл үйренуге деген ынтасын арттыру маңызды деп білемін.

Нуралям Акрамова, түлек


Менің таңдаған мамандығым ағылшын тілі мұғалімі. Менің атам және мамам ұстаз болғандықтан мен кішкентай кезімнен ұстаз болуды арман ететінмін. Қазір мен мектеп бітіру алдында тұрмын, мемлекеттік емтиханды тапсырып, ҰБТ дан өтіп, таңдаған мамандығым бойынша білім алып, сол мамандығым бойынша жұмыс ыстеп, еліміздің өсуіне үлес қоссам деп армандаймын. Көп тіл білу қазіргі заман – талабы. Мен өз ана тілімді, мемлекеттік тілді, орыс тіліні жақсы менгеріп шықтым. Енді ағылшын тілінің қыр сырын үйренем деген армандамын.

Джейран Халис


Менің таңдау пәндерім ағылшын және дүние жүзі тарихы. Аудармашы мамандығына оқуга түсіп, сол мамандық бойынша оқығым келеді. Бұл мамандыққа бұрыннан кызығушылығым бар еді. Тіл үйреніп басқа шет елде де білім алу болашақта ойым бар. Тек бір толқында болмай, өзімді жан жақты дамытқым келеді. Тіл білу арқылы халқымды, елімді әлемге танытып жатсам, бар арманымның орындалғаны деп білемін. Біз, Тәуелсіз елдің ұрпағы, бүгінімізді емес, болашағымызды ойлаймыз. Елімізге ғана емес, әлемге мойындатқымыз келеді өзімізді.

Фото https://kz.otyrar.kz/

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: