Жастарға үлгі - олардың жолы: «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары ШҚО жастарымен кездесті

2 Шілде 2019, 09:35 7300

Шығыс-Қазақстан облысына қарасты Глубокое елді мекеніндегі Балалар шығармашылық үйінде «Жастардың алтын бесігі», «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті. 

Айтулы шараға «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының өкілдері, колледж студенттері, ауыл жастары мен жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Елена Старенкова құттықтау сөз сөйлеп, жүзден жүйрік шыққан жалынды жастардың кейінгі буынға берер тәлімі мен тәрибесі мол екендігін атап өтті.


«Шалабай» ЖШС бас директоры Қуаныш Сүлейменов, Жастар жылы аясында атқарылып отырған игі шаралардың жүйелі орындалып жатқандығына тоқталды. Қолында мүмкіндігі бар жастарды білім мен өндіріс салаларында жемісті қызмет жасауға шақырды.

Усть-Таловка кенті «Балалар театр өнері мектебі» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Валентин Алифанов жиынға қатысушы жастарды ортаға шақырды. Түрлі психологиялық тесттер арқылы балалардың өмірге көзқарасын анықтады. Актерлік шеберлігін байқатқандар көрермен ықыласына бөленді.


Ақын, докторант, «Серпер» сыйлығының иегері, мәдениет саласының үздігі Ержан Жұмабек пен PhD доктор, аудармашы, полиглот, білім беру саласының үздігі Қуаныш Жұмабектің де әр сөзі тыңдарман жүрегіне жол тапты.

«2012 жылы «Шексіздік шұғыласы» атты алғашқы кітабым Мәдениет және ақпарат министірлігінің қолдауымен жарыққа шықты. Қазақтың танымал ақынарының өлеңдерін інім екеуміз түрік тіліне аудардық», — деді Ержан Жұмабек.

Халқымызға тән дәстүрлі әнді нақышына келтіре орындаған Алексей Лодочников қазіргі жастарға қазақ тілін білу қажет екендігін жеткізді. Жастардың құрметіне Илья Жақановтың «Балқан таудың баурайында» әнін шырқап берді.

Кездесу барысында жастар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарына сұрақтарын қойып, жиынға белсене қатысты.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: