Жасөспірімдер қылмысының алдын алу: елордалық полицейлер рейдтер өткізді

15 Қаңтар, 19:08 740

Елордада жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» қала аумағында үш күн бойы – 11-13 қаңтар аралығында өткізілді. Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың кешкі немесе түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде, қоғамдық орындарда жүруін анықтау мақсатында көшелер мен ойын-сауық орындарын патрульдеді.

Нәтижесінде 23 адам анықталды, оның ішінде ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде немесе түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуы» бойынша 14 ата-ана жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандарға жасалған бұзақылық бойынша – 1 заңды өкіл және «кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» 127-бабы бойынша – 5.

Сондай-ақ ALL STARS мекемесі жауапқа тартылды, бұл мекемеде балалар сағат 22.00-ден кейін де болған. Мұндай жағдайларда айыппұл түрінде жаза қарастырылған.

Рейдтің бірінші күні сағат 22.00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде кәмелетке толмаған бір бала анықталды. ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-бөлігі бойынша оның заңды өкілдеріне хаттама толтырылды, - деп түсіндірді полиция капитаны Мөлдір Қожахметова.

Сондай-ақ, Алматы ауданының аумағы бойынша 23.00-ден кейін жүрген кәмелетке толмаған 9 бала анықталды. Заңды өкілдерге 442-баптың 2-бөлігі бойынша хаттамалар жасалды.

Рейдтің екінші күні компьютер клубтарында белгіленген уақыттан кейін де жүрген 12 бала табылды.

Осылайша, құқық бұзушылық үшін 25 ата-ана, сондай-ақ 4 компьютерлік клуб жауапқа тартылды.

Бұдан басқа, 6 отбасы «кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) күтіп-бағу жөніндегі өз міндеттерін орындамайтын, олардың мінез-құлқына теріс әсер ететін кәмелетке толмағандардың ата-анасы, заңды өкілі» санаты бойынша профилактикалық есепке қойылды.

7 кәмелетке толмаған бала ерекше бақылауға алынды. Тұрғылықты жері бойынша полицияда есепте тұрған 35 адам тексерілді. Айта кету керек, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және жасөспірімдер қылмысының жолын кесуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру жалғасуда. Сондай-ақ, оқу орындарында құқықтық тақырыпта 90-ға жуық дәрістер мен түсіндірме өткізілді, - деп хабарлады полиция.

Перизат Саденова
Бөлісу: