Жасанды интеллект жалқау шенеуніктерге жақсы болды - Анас Баққожаев

3 Наурыз, 12:50 514

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Цифрлық даму министрлігінің өкіліне, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкіліне мемлекеттік органдардың жұмысында жасанды интеллектіні пайдалану тәртібі және оны қадағалау шаралары туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен өзім жасанды интеллектке өте сақ қараймын. Шын мәнінде, кейде қорқамын. Себебі, интелектуалдық деградацияға апаратын жол. Адам өзі ойланып жазбаса, композитор музыкасын шығармаса, не заман болып барады? Әлем жасанды интеллектті жасады екен деп соңынан ере береміз ба? Біздің қазақтығымыз қайда? Өзіміздің интеллектуалдық мүмкіндіктерімізді ашатын жолдар қайда? Өткен жолы бір шенеунік chat GPT-ге материалдарын салып отыр. Сондағы мақсаты – «бастығым басымнан сипаса екен, берген тапсырманы тез орындайын» дегені. Ми қатпарларын қозғалтқысы келмейді. «Алма піс, аузыма түс» деген жалқау шенеуніктерге жақсы болды. Сол chat GPT-ге салынған материалдарды кейін өзімізге қарсы пайдаланбайтынына кім кепіл? Кім бенефициар? Министрліктер мен органдарда жасанды интеллектті пайдалану барысын кім қадағалап жатыр? Қаншама материалдар кетіп қалған. Қазақстанның қандай проблемалары бар екенін білген басқа мемлекеттер бізді айналып өтіп, 10 қадам алыс жүреді, - дейді депутат.

Бұл сұраққа  Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі былай деп жауап берді:

Бірақ жасанды интеллекттің жақсы жағы да бар. Қазіргі таңда осы жылдың аяғына дейін мемлекеттік органдардағы әріптестермен бірге 50-ге жуық жасанды интеллект шешімдерін ассистент ретінде әзірлейтін боламыз. Олар күнделікті жұмысты атқарады, - дейді Қаныш Төлеушин.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі Дәурен Мұңайтпасұлы тәуекелдерді жоққа шығармады.

Көтерген сұрағыңыз өте маңызды. Осы заң жобасында тәуекелге алып келетін сұрақтардың басым бөлігін қарастыруымыз керек. Негізі жаңа технология енгізілгенде тәуекелдер барлық кезде болады, - дейді ол.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: