Жасанды интеллект тек техникалық немесе қаржылық салаларда ғана емес, адамның ең нәзік қырларын қамтитын психология бағытында да қолданыла бастады. Көптеген елдерде адамдар эмоционалдық қолдау мен бастапқы психологиялық көмек алу үшін ЖИ негізіндегі қосымшалар мен жүйелерге жүгінуде.
Бұл құбылыс технология мен адам психикасының түйісу нүктесінде жаңа сұрақтарды тудырып отыр: ЖИ шынымен психолог қызметін атқара ала ма? Оның артықшылығы мен шектеулері қандай? Қазақ қоғамында мұндай технология қаншалықты тиімді және орынды болуы мүмкін?
ЖИ негізіндегі психологиялық жүйелер дегеніміз – адамның жазған немесе айтқан сөздеріне жауап бере отырып, оның көңіл күйін түсінуге, уайымын азайтуға, ойларын жүйелеуге көмектесетін арнайы бағдарламалар. Олар кәсіби маманның орнын алмастыруға арналмағанымен, бастапқы эмоционалдық қолдау құралы ретінде кең таралып келеді. Мәселен, халықаралық деңгейде танымал Woebot, Wysa, Replika және Tess сынды қосымшалар осы бағытта жұмыс істейді. Олар қолданушының күйзелісін, жалғыздық сезімін азайтуға, эмоцияны сыртқа шығаруға, өзін-өзі түсінуге бағытталған сұхбат құрады. Мұндай сервистердің кең танылуына бірнеше себеп бар.
Біріншіден, бұл жүйелер 24 сағат бойы қолжетімді. Адам түнімен ұйықтай алмай, көңілі алаң болып отырғанда немесе нақты біреумен бөлісуге ыңғайсыз сезінгенде, ЖИ арқылы сөйлесіп, ішіндегісін айтуға мүмкіндік алады. Екіншіден, бұл – анонимді әрі ешқандай айыптаусыз қабылдайтын орта. Үшіншіден, экономикалық жағынан тиімді. Психологқа тұрақты бару – материалдық тұрғыдан көпке қолжетімді болмауы мүмкін. Төртіншіден, кейбір қосымшаларда күнделік жүргізу, эмоциялық карта жасау, мазасыздық деңгейін қадағалау сияқты пайдалы функциялар да бар. Мұндай құралдар әсіресе жастар, студенттер мен тығыз жұмыс кестесі бар адамдар үшін пайдалы болуы мүмкін. Көп жағдайда адамға толық ем емес, жай ғана тыңдайтын бір "құлақ" жеткілікті. Бұл тұрғыдан алғанда ЖИ пайдалы рөл атқара алады.
Алайда, ЖИ-психологтардың мүмкіндігі шектеулі. Олар терең жарақат алған, ұзақ мерзімді терапияны қажет ететін адамдарға кәсіби көмек көрсете алмайды. ЖИ тек беткі деңгейдегі проблемаларды тани алады. Сонымен қатар, ол шынайы эмпатияны сезінбейді, тек оған ұқсас жауаптарды мәтіндік модель негізінде құрастырады. Бұл кейде жанын түсінуге зәру адам үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Тағы бір қауіп – адамның ЖИ-ге байланып, шынайы әлеуметтік қатынастардан алыстауы.
ЖИ психологиясын қазақ қоғамында қолдануға да болар еді. Бірақ оның өз ерекшелігі бар. Біріншіден, қазақ тілінде сапалы және нақты жұмыс істейтін жүйелер әлі де шектеулі. Екіншіден, мәдени контекст аса маңызды. Қазақ қоғамында жан сырын бөлісу, эмоцияны сыртқа шығару мәселелері белгілі бір әлеуметтік тосқауылдарға тап болуы мүмкін. Сондықтан ЖИ жүйелері осы ерекшеліктерді ескере отырып дайындалуы тиіс. Егер ЖИ қазақ тілін толық меңгеріп, дәстүр мен құндылықтарды ескеретін болса, онда ол қарапайым стресс, мазасыздық, жалғыздық сияқты мәселелерде жақсы көмекшіге айнала алады.
Психологтар үшін де бұл технология – бәсекелес емес, керісінше көмекші құрал. Мәселен, ЖИ адамның көңіл күйін бақылап, күнделік жүргізуге көмектесе алады. Ал кәсіби маман нақты сұхбат пен терапия арқылы терең деңгейде жұмыс істейді. Сонымен қатар, ЖИ адамның ұзақ мерзімді психологиялық өзгерістерін бақылауға, динамиканы бағалауға және кей жағдайларда алдын ала ескерту жүйесі ретінде де пайдалы болуы мүмкін.
Жаңа технологияларды қоғамға енгізген кезде олардың қауіпсіздігі мен этикасы да ескерілуі тиіс. Адамдардың психологиялық жағдайы – өте нәзік әрі жауапты сала. Сондықтан ЖИ құралдарын тек көмекші ретінде пайдаланып, адам мен маман арасындағы байланысты күшейтуге бағыттаған жөн.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект психолог мамандардың орнын баса алмайды. Бірақ ол – адамға қажетті қолдау мен қауіпсіз кеңістікті қамтамасыз ете алатын жаңа құрал. Адамның жанын тек адам түсінеді десек те, ЖИ бұл процесті жеңілдетіп, қолжетімді ете алады. Ал болашақта қазақ тілінде жұмыс істейтін, ұлттық ерекшеліктерді ескеретін ЖИ жүйелерінің пайда болуы — отандық психологиялық көмекті жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Бұл бір жағынан жақсы стартап идеясы да.
Аршат Ораз