Жасанды интеллект әлеміндегі өткен аптадағы басты жаңалықтар

14 Сәуір, 16:17 1320

Жасанды интеллект технологиялары соңғы уақытта күнделікті өмірде кеңінен қолданыла бастады және қарқынды дамуын жалғастыруда. Әр күн сайын бұл салада ерекше жаңалықтар пайда болуда. Болашақта әлем өмірін айтарлықтай өзгертуге әлеуеті бар осы технологиялық революцияның дамуын тұрақты түрде бақылап, жазып отырмыз.

ЖИ әлемінде басты назар Google компаниясына ауды. Google өткен аптада Cloud Next шарасында маңызды мәлімдемелер жасап, әсіресе жасанды интеллект саласында ерекше қадамдар жасады. Әрине, OpenAI мен Anthropic сияқты бәсекелес компаниялар да қарап отырмады. Міне өткен аптада жасанды интеллект әлемінде орын алған ең басты оқиғалар:

Google-дың Cloud Next шарасы маңызды хабарламаларға толы болды

Gemini 2.5 моделінің әсерлі өнімділігін көрсеткен Google жасанды интеллект саласында қаншалықты мықты екенін дәлелдеді. Google жасанды интеллектпен байланысты бірнеше маңызды мәлімдеме жасады. Солардың алғашқысы — Gemini 2.5 Flash моделі.

Аты айтып тұрғандай, Gemini 2.5 моделінің жылдамырақ және ықшам нұсқасы саналатын Gemini 2.5 Flash моделі әзірлеушілерге арналған Vertex AI платформасында қолданыла бастады.

Google іздеу жүйесіне жаңа жасанды интеллект функциялары қосылды

Google өзінің іздеу жүйесіндегі жасанды интеллект режиміне де жаңа мүмкіндіктер қосты. Солардың бірі — өткен жылы Project Astra жобасы аясында жарияланған тікелей камера арқылы іздеу мүмкіндігі. Project Astra технологиясының арқасында қолданушылар тікелей камерадағы суреттерді пайдалана отырып, Google-ға сұрақ қойып, жауап ала алады.

Сонымен қатар Google іздеу жүйесі енді салыстыру жасау немесе ашық сұрақтарға жауап беру сияқты ойлануды қажет ететін күрделі сұрақтарға да жауап бере алады.

Google-дың ең маңызды жаңалығы — AI агенттері

Google жасанды интеллект агенттері туралы аса маңызды хабарлама жасады. Жақын арада кеңінен қолданыла бастайды деп күтілетін AI агенттерін бір орталықта жинақтайтын Agentspace платформасын таныстырған Google, бұл AI агенттерінің бір-бірімен байланысып, бірге жұмыс істеуін қамтамасыз ететін Agent2Agent протоколын да қолданысқа енгізді.

Интернеттегі ақпарат ағыны енді іздеу жүйелерінен жасанды интеллект агенттеріне қарай бағыт алып бара жатқандықтан, Google Agentspace арқылы осы жаңа дәуірде өзінің жетекші орнын сақтап қалуды көздеп отыр.

Google жаңа жасанды интеллект процессорын таныстырды

Ақырында Google жаңа жасанды интеллектке арналған процессорды да таныстырды. Irenwood деп аталатын бұл TPU (Tensor Processing Unit) жаңа буындағы Gemini модельдерінің күрделі қажеттіліктерін өтеу үшін арнайы жасалған.

Google бұл процессор симуляцияланған ойлау сияқты жоғары деңгейлі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік береді деп отыр.

Kawasaki Corleo ресми түрде таныстырылды

Өткен аптада алғашқы видеосы жарияланған Kawasaki Corleo роботы осы аптада ресми түрде көпшілікке көрсетілді. Төрт аяқты бұл робот — көне дәстүрлі көлік құралдарына заманауи көзқараспен қараудың жаңа үлгісі.

Роботтың төрт аяғы да толықтай тәуелсіз жұмыс істей алады және қиын жерлерде еркін қозғала алады. Оның ер-тоқымы мен бас бөлігі мотоцикл жүргізу тәжірибесін еске салатындай етіп жасалған. Бұл робот тек бұйрықтарды ғана емес, сонымен қатар қолданушының дене қимылдарын да анықтай алады.

Kawasaki Corleo энергияны 1500cc көлеміндегі сутегі қозғалтқышынан алады. Қазіргі уақытта бұл роботтың 2050 жылға дейін нарыққа шығу жоспары жоқ. Дегенмен мұндай құрылғының жасалуының өзі робототехника саласының қаншалықты дамып кеткенін көрсететін маңызды оқиға болып отыр.

ChatGPT енді бұрынғы сөйлесулерге сілтеме жасай алады

OpenAI компаниясы ChatGPT-нің жады мүмкіндіктерін одан әрі дамытты. Енді ChatGPT қолданушылармен бұрын жүргізілген сөйлесулерді есте сақтап, сол әңгімелерге сілтеме жасап жауап бере алады.

Яғни, қолданушы белгілі бір тақырыпты қайта көтерсе немесе соған байланысты сұрақ қойса, жасанды интеллект бұған дейінгі диалогты еске алып, сол бойынша жауап беретін болады. Бұл жаңа функция кезең-кезеңімен барлық қолданушыларға қолжетімді болады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар OpenAI 30 сәуірден бастап ChatGPT жүйесінде GPT-4 моделін толықтай тоқтатып, оның орнына GPT-4o моделін қолданатындарын жариялады.

Жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоларда үздіксіздік қамтамасыз етілуде

Stanford, Berkeley және Austin университеттерінің зерттеушілері Nvidia компаниясымен бірге ерекше жоба жасап шықты. Ғалымдар Test-Time Training (TTT) деп аталатын жаңа әдісті пайдаланып, бір минуттық үздіксіз Tom & Jerry мультфильмін жасанды интеллект арқылы жасап шығарды.

Бұл мысал жасанды интеллектің видео жасау мүмкіндігінің қаншалықты жетілгенін көрсетеді. TTT қабаттары жасанды интеллектке тек оқыту барысында емес, нақты қолдану кезінде де жаңа нәрселерді үйренуге мүмкіндік береді.

Видео генерациялау процесінде модель кіріс деректерінен (мысалы, сахнадағы заттар, кейіпкерлердің қозғалысы) алынған сигналдарға сәйкес параметрлерін локалды түрде жаңартып отырады. Бұл әдіс видео ішіндегі сахнаның динамикасына, камера бұрыштарының өзгеруіне немесе кейіпкерлердің өзара әрекеттесуіне бейімделуді едәуір жақсартады.

Amazon жаңа дыбыс және видео жасау құралдарын таныстырды

Соңғы уақытта жасанды интеллект саласында ерекше жобалар жасап жүрген Amazon компаниясы осы аптада дыбыс және видео жасау бағытында жаңа AI құралдарын таныстырды.

Amazon өзінің жаңа Nova Sonic моделін жариялады. Бұл модель жергілікті түрде өңделетін, табиғи естілетін дауыс жасап шығара алады. Nova Sonic бұрынғы Alexa виртуалды көмекшісіне қарағанда әлдеқайда икемді және адам дауысына ұқсас сапада жауап береді.

Видеоны генерациялау бағытында Amazon Nova Reel 1.1 моделін жаңартты. Алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылған бұл модель енді екі минуттық видеоларды жасай алады.

ChatGPT наурыз айында әлем бойынша ең көп жүктелген қосымша болды

ChatGPT-ге сурет жасау мүмкіндігінің қосылуы қосымшаның жүктелу санының күрт өсуіне себеп болды. Әлеуметтік желілерде жылдам таралған Studio Ghibli стиліндегі суреттер жаңа қолданушыларды ChatGPT қосымшасын жүктеуге қызықтырды.

Нәтижесінде ChatGPT Instagram және TikTok сияқты алпауыт бәсекелестерін артта қалдырып, наурыз айында әлем бойынша ең көп жүктелген мобильді қосымша атанды.

Жасанды интеллектті қолдану арзандауда, ал оны оқыту бағасы қымбаттап барады

Stanford университеті жариялаған есепке сәйкес, жасанды интеллект технологияларын қолдану құны тез төмендеп келеді. Мысалы, ChatGPT сияқты ірі тіл модельдерін қолдану бағасы небәрі 18 ай ішінде 280 есе арзандаған.

Алайда, керісінше үрдіс жасанды интеллект модельдерін оқыту процесінде байқалады. Модельдерді одан әрі ұлғайтып, жетілдіру үшін қажет ресурстар көлемі артқандықтан, компаниялардың жаңа модельдерді оқытуға жұмсайтын қаражаттары да айтарлықтай өсуде.

OpenAI мен Илон Маск арасындағы дау күшейіп келеді

OpenAI компаниясының негізін қалаушылардың бірі Илон Маск пен компанияның қазіргі басшылығы арасындағы дау жаңа деңгейге көтерілді.

Естеріңізде болса, Маск компанияның бастапқы миссиясынан алыстап кеткенін айтып, OpenAI-ды сынға алған болатын және бұл шағымды сотқа дейін жеткізген еді. Енді OpenAI-дың өзі Илон Маскқа қарсы сот ісін бастап отыр.

Компания Маскты OpenAI-ға әдейі зиян келтірді деп айыптап отыр. OpenAI басшылығы Масктың әрекеттері компанияның ішкі басқаруына және негізгі миссиясына қауіп төндіреді деп есептейді.

Сонымен қатар OpenAI-дың бұрынғы 12 қызметкерінен құралған топ арнайы мәлімдеме жасап, Илон Маскқа қолдау білдірді. Бұл топ та Маск сияқты компанияның бастапқы миссиясынан ауытқып кеткенін айтып, сын айтты.

DaVinci Resolve бағдарламасына 100-ден астам жаңа жасанды интеллект функциясы қосылды

Монтаж және видео өңдеумен айналысатындар арасында кеңінен қолданылатын DaVinci Resolve бағдарламасына 100-ден астам жаңа AI функциясы қосылды.

Олардың ішінде ең маңыздысы — мәтінмен видеоларды сәйкестендіру мүмкіндігі. Яғни қолданушының қолындағы бей-берекет видеоларды белгілі бір мәтін немесе сценарий бойынша жүйелеп, монтаждау процесін автоматты түрде жүзеге асырады.

Сонымен қатар қолданушылар DaVinci бағдарламасының өзінде-ақ AI арқылы дыбыс жаздыра алады. Бұған дейін Eleven Labs сияқты сыртқы платформалар арқылы жасалатын мүмкіндіктер енді бағдарлама ішінде қолжетімді болды.

Canva да жасанды интеллект функцияларын күшейтті

DaVinci Resolve сияқты визуалды және видео контент жасау бағытында жиі қолданылатын Canva платформасы да жаңа AI функцияларын іске қосты.

Canva-ның басты жаңалығы — дауыспен басқару функциясы. Енді Canva-да мәтін жазудан бастап сурет өңдеуге, презентация құрудан өлшем өзгертуге дейінгі барлық процесстерді дауыстық командалар арқылы орындауға болады.

Сонымен қатар фон ауыстыру, артық нысандарды өшіру және жарық эффектісіне байланысты шынайы визуалды монтаж жасау мүмкіндіктері де жетілдірілген.

Жасанды интеллект әлемінен қысқаша жаңалықтар

Аршат Ораз

EL.KZ
Бөлісу: