Жас та болса бас болған продюсер – Алпамыс

13 Қаңтар 2020, 12:55 6084

Димаш әніне домбыра үнімен дем берген топ

Қазіргі таңда, руханият, ұлттық болмыс, рухани жаңғыру, модернизация деп жатамыз. Ол дегеніңіз адам жанын дамытатын, оған күш сыйлыйтын һәм  ұлтынының дамуына титтей де болса өз үлесін қосуға ұмтылуы. Ұмтылып қана қоймай, оны іс жүзінде дәлелдей алуы! Өзін сол елдің бір бөлшегі, перзенті санап, ұлтының мәртебесін көкке көтеруі,  сол ұлтқа қасық қаны қалғанша аянбай қызмет етуі!

Бүгінгі күні жастар арасында инстаграм атты әлеуметтік, қоғамдық желінің қолданыс аясы шексіз кең. Онда әр түрлі тақырыпта қызықты ақпарат беретін блогерлерді де жақсы танып алғанбыз. Тіркеліп, парақшаларындағы жаңа ақпаратпен танысып, лайк басып, әйтеуір, өзіңе де, өзге де пайдасыз шарумен уақытты бекер ысырап етіп жүргеніміз.. Бірақ, шыны керек, кейде олардың сапасынан гөрі саны «мен мұндалап»  тұрады. Соған қарамастан, олардың өмірлерін бал көріп, өзіміздікі уға татымсыз деп есептейміз.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі экскурсия жүргізушісі Назерке Жақсылықованың пікірінше, қазіргі кезде жас та болса бас болып көш бастап жүрген қауым аз емес. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Туған елге қызмет етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген азаматтардың бірі, батыстық тарлан – Алпамыс Өскенбайұлы.

Алпамыс Шәрімов – қоғам белсендісі, продюсер, Global Gift Foundation атты әлемдік қайырымдылық қорының амбассадоры,  Algroup ұйымдастыру орталығының директоры.

«Менің мақсатым – біреуді даттап, келесісін мақтау емес. Тек біз өз болмысымызды дұрыс қалыптастырғымыз келсе, Ұлы Абай айтқандай кемел адам болғымыз келсе, талғамы биік, парасатты, қоғамдық адамға қарап бойымызды тітегеніміз абзал», дейді - продюсер Алпамыс. 

- ««...Бір жыл бойы таулар мен өзен-көлдерді ұйқы-күлкі көрмей тынымсыз аралап, бай өлкенің асыл тастарынан өзі қашап, өзі мәнерлеп жасаған бұйымдары, жүргізген зерлері саф алтын, шын меруерттен де артық, өткір күнге шағылысып, жалт-жұлт жарқылдап, сәуле шашып, от бүркіп барады...». Осынау теңіз түбіндегі сирек кездесетін таза маржандай тізілген теңеу жазушы Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай»  повесінен алынған. Адам жаны да дәл осындай марапатқа аксиома бола ала ма деп ойланасың», - дейді Назерке Жақсылықова.

Алпамыстың ауқымды жобаларының бірі, жыл сайынғы қайырымдылық мақсатқа негізделген Гранд бал. Аталмыш бал белгілі қаланың жастарының биімен басталып, артынша өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасады. Және ең бастысы – шарадан түскен қаражат толықтай қайырымдылық шараларына жұмсалады. Бал арнайы бір айлық жоспарға құрылып, әр күні әр түрлі жобалар, концерттік бағдарламалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, қарттар үйіне бару және сол секілді іс-шаралардан тұрады.

Жоғарыдағы мақсатқа негізделіп, түрлі игі шаралардан тұратын бұл жоба осыған дейін республикамыздың Орал, Атырау, Шымкент, Қызылорда және елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында өткен.

Келесі келелі жұмыстарының бірі – қос домбырашы жігіттен құралған «Бастау» тобы болатын. Қазақтың қара домбырасын  жігіттер тек елімізде емес, шетелдік мемлекет сахнасында да күмбірлеткен болатын. Оның жарқын дәлелі – 2018 жылы АҚШ-тың World Champions Olympic әлемдік байқауында Голливуд төріне қазақтың домбырасын алып шығып, 72 ел қатысқан додада екі турды артқа тастап, финалда өнер көрсетіп өз номинацияларында алтын медальге ие болды.

Өнерпаздарымыз әлемдік аренада көк туымызды желбіретті

«Әлемдік шоу-бизнестің астанасы – Лос-Анджелесте осымен 22 рет ұйымдастырылған олимпиадада 72 мемлекеттің өкілдері бақ таластырды. Қазақстан аталған жарысқа алғаш рет қатысып отыр. «Биыл Қазақстан алғаш рет қатысуда, келесі жылдан бастап ұлттық құраманың «бас бапкері» ресми өкілі етіп мені тағайындады. 20 жылдам астам тариxы бар байқаудың ашылуына түрлі елдің президенттері қатысады. Мемлекеттік маңызы бар шараның деңгейін біздің елде де көтеріп, Көк туымызды әлемдік ареналарда желбірету үшін барымызды саламыз. Бұл қазақ өнерпаздарының әлемдік аренаға көрінуіне үлкен жол, үлкен мүмкіндік», - деп сүйіншіледі жас продюсер А. Шәрімов.

Димаш әніне домбыра үнімен дем берген топ

«Жүйрік – жүйрік болар ма,

Шаршы төске сермемей?

Қыран – қыран болар ма,

Тас қияға өрлемей?!» – деген Жамбыл Жабайұлының жыры жоғарыдағы сөзімізге тұздық болары сөзсіз.

Жыр алабы – Жамбыл Жабайұлының сөзімен айтсақ, бұл қос қыран «Аспан асты елі» – Қытай сахнасында да әлемдік шоқ жұлдыз – Димаш Құдайбергеннің әніне домбыра үнімен дем берген болатын.  

Бәсеке болған жерде сапа болатыны белгілі. 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап астаналық білімді һәм дарынды жастар арасында «Елорда жастары – 2019» атты конкурсқа өтінім беру басталып кеткен болатын. Аталмыш жобаның мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласы 14-29 жас аралығындағы жас талантты, білгір, белсенді, яғни өз ісінің мамандарын анықтап, ел алдында марапаттау болатын. Үміткерлер «Ұлттық өнер», «Үздік жастар тетары», «Үздік журналист», «Үздік спортшы,» «Үздік эстрада әншісі», «Үздік әлеуметтік сала қызметкері», «Үздік өндіріс қызметкері», «Жыл волонтеры», «Үздік кәсіпкер», «Үздік мемлекеттік қызметкер», «Үздік SMM-менеджер» номинациялары бойынша бақ сынасқан.

Аталмыш жобада Алпамыс Шәрімов дауыс беруден бастан ұйымдастырушылық қызметке дейін атқарған болатын. Яғни, Мағжан ақын жырына қосқандай, арыстандай айбатты, қырандай күшті қанатты, сүттей таза жүректі жастардың ерен еңбегін еш кетірмей, жоғары бағалануына өз үлесін тигізіп жүр.

«Бір елдің болашағын көргің келсе – жастардың легіне қара» деген аталы сөз бар. Осындай жастарымыз бар да, Тәуелсіз еліміздің көк байрағы мәңгілікке желбіремек!

- Алпамыстай қазақтың нар ұлын неге мұнша мақтап отыр деп оқырман қауымда ой тууы әбден мүмкін. Бұл мақаламен мен ұлтқа қызмет етіп жүрген бір ғана сардар туралы айтып отырмын. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп жырлаған Сабыр Алтайдай, қазақ елінің туын көкке көтерем деп жүрген азаматтар қаншама! Болар елдің азаматындай, бір-бірімізді қолдап, қоғамның қай саласында да  адал қызмет етіп жүрген қоғам белсенділерінің еңбегі биік деңгейге көрінуіне тілекші болайық! Мен қазақ елінің жас буын өкілі ретінде қазақ елін брендке айналдырайық дегім келеді!, - дейді музей маманы Назерке Жақсылықова.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Руслан БЕГЕН
Бөлісу: