Әлем Чемпионатында ел намысын Еркежан қорғайды

27 Қыркүйек 2022, 18:14 4495

Спортшы, ақын әрі болашақ журналист Еркежан Ерлановамен сұхбат.

Елімізде спортпен айналысатын жастардың саны жыл сайын артып келеді. Оның ішінде джиу-джитсуға деген қызығушылық көп. Мәселен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істер комитетінің мәлімдеуінше, 2021 жылдан бері республика бойынша 290 секцияда 16 998 адам, ал ауылдық жерден 2017 адам джиу-джитсумен шұғылданып келеді.

Айта кетейік, жақында ғана Алматы облысында жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Аталған жарысқа 1100 бала қатысып, жеңімпаздар 420 медальмен марапатталды. Оның ішінде 120 алтын, 120 күміс, 180 қола болды. Бұл чемпионатқа қатысып, 1-орынды иеленген жасөспірім спортшының бірі – Еркежан Ерланова. Дарынды қыздың спортқа деген қызығушылығы, ақындық өнері жайлы білу үшін жеке өзімен сұхбаттасқан едік.                                                                                                   

–      Еркежан, ең алдымен оқырмандарға өзіңізді жақынырақ таныстыру үшін туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айтып берсеңіз.

–      Мен Семей қаласының тумасымын. Жасым 16-да. Қазір Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Спорт журналистикасы» мамандығы бойынша 1-курста білім алып жатырмын.

–      Спортқа деген қызығушылығыңыз бала кезден бар ма?

–      Иә, спортқа деген қызығушылығым 12 жасымнан басталды. Әуелде досым спорт клубына қатысып жүргендіктен мен де жай барып көруге шешім қабылдаған едім. Маған ол жердегі атмосфера, жаттықтырушылар, спортшылар ұнағандықтан барып жүрдім. Кейін спортқа қызығушылығым одан әрі артып, бар ықыласыммен ден қоя бастадым.

–      Алғаш рет қандай жарысқа қатыстыңыз? Жүлдені алған кезде қандай әсерде болдыңыз?

–      Алғаш рет 2019 жылдың мамыр айында Семей қаласының чемпионатына қатысып, бірден жеңімпаз атандым. Ата-анам маған үлкен сенім артып, барынша қолдау білдіруге тырысты. Қолыма жүлдені алған кезде қуаныш сезімін емес, таңғалу сезімін басымнан өткердім. «Қалайша мен алғаш рет қатысқан жарыстан 1-орынды иелендім?» деп те ойладым. Бірақ мен ол кездегі алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бұл мен үшін есте қаларлық ерекше сәт болды.

–      Осы уақытқа дейін қандай жарыстарға қатысып үлгердіңіз? 

–      Мен 2019 жылы грэпплингтен Asia Open атты турнирінің чемпионы атансам, 2021 жылдың тамыз айында Уфа қаласында өткен жарыста Әлем Чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері болдым.

Джиу-джитсудан 2021 жылдың қарашасында Абу-Даби қаласындағы Әлем Чемпионатында қола жүлде алдым. 2022 жылы грэпплинг AIGA спорт түрінен Азия Чемпионы атандым. Бүгінде мен грэпплинг спорт түрінен екі дүркін Қазақстан Кубогы иегері, екі дүркін Қазақстан Чемпионымын. Жақында 15-19 қыркүйек аралығында жасөспірімдер арасында өткен джиу-джитсу жарысынан Қазақстан Чемпионатында 1-орынды алдым. Сондай-ақ елімізде жеңімпаз атанып қана қоймай, Абу-Даби қаласында қараша айында өтетін Әлем Чемпионатына жолдама алдым. Қазір алда өтетін жарысқа дайындалу үстіндемін.

–      Сайысқа қатыспас бұрын қандай да бір қорқыныш, қобалжу сезімдері болды ма?

–      Әрине, әрбір спортшы сайысқа қатыспас бұрын қобалжу сезімін басынан өткереді. Тіпті жарыстарға қатысқан кезде менен кішкентай балалар «Мен қорқып тұрмын. Не істесем болады?» деп сұрап жатады. Менің оларға беретін үнемі бір кеңесім бар: Сайыс басталмас бұрын өз-өзіңді қолға алып, қарсыласыңды міндетті түрде жеңуді емес, өзіңнің шеберлігіңді дәлелдеуді мақсат ету қажет. Ең бастысы қорқыныш пен қобалжу сезімдерін жеңе білу керек.

–      Спортшы ретінде жарысқа дейін қандай дайындық жүргізесіз?

–      Әрдайым күніне 2 жаттығудан жасап отыруға тырысамын. Кем дегенде алдын ала 1 аптаға жоспар құрып қоямын. Мысалы, түсте грэпплинг жаттығуын жасайтын болсам, кешкі уақытымды джиу-джитсуға арнаймын. Осылайша екі спортқа да бірдей көңіл бөліп отыруға тырысамын. Себебі жеңіске жетудің бірден бір жолы үнемі жаттығумен айналысып отыру дер едім.

–      Джиу-джитсу мен грэпплинг өнерін игеру үшін қанша уақыт қажет?

–      Кез келген спортты игеру үшін үлкен төзімділік пен еңбек қажет. Спортшы деген әрдайым өзін жаттықтырып, дайындықты күшейтіп жүруі керек. Мен қазір джиу-джитсу мен грэпплингті толыққанды меңгердім деп айта алмаймын. Себебі әлі де бұл спорт түрлерін игеру үстіндемін. Білмейтінім мен үйренерім көп.

–      Қандай жаттықтырушымен жұмыс жасап жүрсіз?

–      Мен «AS MANSUR TEAM» клубының тәрбиеленушісімін. Жаттықтырушым бразилиялық қара белбеу иесі Fernando Alves. Үнемі қолынан келгенінше өзінің бар білгенімен, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Fernando Alves орыс тілін сәл-сәл ғана меңгерген. Бізге сабақтарын португал тілінде өткізеді. Десе де оның айтқандарын түсініп, орындауға тырысамыз. Біз ұстазымызбен 4 жылдың ішінде жақсы тіл табысып кеттік десем де болады.

–      Сіз жақында ғана джиу-джитсудан өткен жарыста жеңімпаз атандым дедіңіз. Сайыстың талаптары қандай болды?

–      Бұл жарысқа әр облыс бойынша іріктелген спортшылар ғана қатысты. Негізі жарысқа қатысуға тіркеліп, ниет білдірушілер саны көп болды. Дегенмен Қазақстанның түкпір-түкпірінен бірнеше спортшылар ғана жиналды. Жарыс басталмас бұрын оның талаптары толығымен түсіндірілді. Яғни, жекпе-жек өнерін көрсету барысында қандай әдісті қолдануға болады, ал қайсысын болмайды деген сияқты біраз ақпараттар берілді. Біз жас және салмақ ерекшеліктерімізге байланысты жарыстық. Мен чемпионатта 16-17 жас аралығындағы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жасөспірім ретінде өнер көрсеттім.


Сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

–     Осы уақытқа дейін қанша жүлдені алып үлгердіңіз?

–      Алғаш жарысқа қатысқан күннен бастап менің жүлдесіз оралған кезім болған жоқ. Бүгінге дейін жарыстан ұтқан 12 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлдерім бар.

–      Спорттан бөлек өлең шығарумен де айналысады екенсіз. Ақындыққа қашаннан бастап бет бұрдыңыз?

– Мен 6 жасымнан бастап өлең шығара бастадым. Ең алғашқы өлеңімді атама арнадым. Себебі, ол мені күнде сабаққа апарып, алып қайтатын еді. Осылайша менің өлеңге деген қызығушылығым ояна бастады. Одан бөлек арасында мақалалар да жазып тұрамын. Қазіргі таңда «Тәуелсіздік – Тұғырым», «Мәселе», «Ахуал» атты 3 кітабым жарыққа шыққан.

–      Олай болса, маған бір өлеңіңізден үзінді оқып берсеңіз.

 

Тәуелсіздік ата-баба арманы,

Тәуелсіздік – сан ғасырдың толғауы.

Сексен алты келген кезде жастарым,

Мақсаттарын қоя білді алдағы.

 

Қазағымның мақтанышы, мақтаны,

Пәк елімнің бостандығы, айғағы.

Тәуелсіздік, асқақтатар өзіңді,

Осы жастар азаттықтың байрағы.

 

–      Сіз осы уақытқа дейінгі жазған өлеңдеріңіз бен мақалаларыңыз кітап түрінде жарық көрді деп айтқан едіңіз. Оны сізге басып шығаруға кім кеңес берді?

–      Менің анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Жастайымнан таза ана тілімде сөйлеуге үйретті. Маған кітап шығаруға идеяны берген анам. Жазып жүрген дүниелерің дәптер бетінде ғана қалмасын, бір жерде жинақталып тұрсын деген еді. Сондықтан да мен өз атымнан кітап шығарамын деп ұйғардым.

–      Сізге кімдер жиі қолдау білдіріп отырады?

–      Маған үнемі қолдау білдіріп, жеңіске жетуім үшін демеп отыратын – ол менің отбасым мен достарым. Сол үшін де оларға және мені үнемі шабыттандырып отыратын жандарға, әсіресе спорт саласындағы жеткен жетістіктерім үшін спорт клубының бетке ұстар азаматтарының бірі Айдос Серікқалиұлына алғысымды білдіргім келеді. Ол біздің клубымыздың ашылуына дәнекер болып, бразилиялық жаттықтырушыны елімізге шақыртқан ұстазымыз. Айдос Серікқалиұлының арқасында қазір клубымызға 5-15 жас аралығындағы балалар жаттығуға тегін қатыса алады.

–      Өмірлік кәсібіңізді журналистика саласымен байланыстырған екенсіз. Оны таңдауыңызға не әсер етті?

–      Оқуға құжаттарымды тапсырмас бұрын мүмкін дене шынықтыру мұғалімі болсам ба екен деген ой болған еді. Бірақ соңында спорт пен жазуды біріктіріп «спорт журналистикасын» таңдауға шешім қабылдадым. Енді оқуымды аяқтаған соң спорт шолушысы болып қызмет ету жоспарда бар. Себебі Қазақстанда спорт шолушысы ретінде жұмыс істейтін қыздар өте аз.

–      Жас болсаңыз да осы күнге дейін жеткен, мақтанышпен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріңіз көп екен. Өзіңіз сияқты жан-жақты болғысы келетін құрдастарыңызға, яғни жасөспірімдерге қандай кеңес берер едіңіз?

–      Жалпы әр адам өзінің қалаған сүйікті ісімен айналысуы қажет. Ең бастысы – ертең қартайған кезде өзің қуана-қуана еске алатындай, әттең-ай, неге осы іспен айналыспадым екен деген өкініштің болмауы. Мұндай қателікті жіберіп алмас үшін уақытылы дұрыс таңдау жасай білу керек. Сондықтан өзіңнің жүрек қалауыңды тыңдап, қалаған ісіңмен айналысатын болсаң, одан асқан бақыт жоқ шығар ойлаймын.

–      Сұхбатыңызға рахмет!

Ажар Лаубаева
Бөлісу: