Жас патриоттардан жасақталған экспедиция Қарқаралы жерінде болды

2 Қараша 2018, 12:46 1777

Қарқаралы қаласында үш күндік көшпелі облыстық семинар-тренинг өтті.

«Қарағанды облысы жастарының арасында рухани тұрақтылықты дамыту және патриоттық құндылықтарды тәрбиелеу» тақырыбындағы Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастыруымен үш күндік көшпелі облыстық семинар-тренинг өтті.

Экспедиция «Арқаның алтын тәжі» атанған қасиетті Қарқаралының тарихын, киелі жерлерін аралап, ұлттық құндылықтарымызды танымдық экскурсия арқылы біліп, танысу мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Экспедиция құрамында Қарағанды облысы ҚХА этномәдени бірлестіктер, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының аймақтық штаб өкілдері, ғылым мен мәдениетте, әдебиетте жетістікке жетіп жүрген жастар бар.

Шара бағдарламасы ҚХА халқымыздың  ұлттық құндылықтары мен тарихын, салттары мен ғұрпын өскелең ұрпақ пен өзге этнос өкілдеріне таныстыра отырып, насихаттауға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған «Қазақтану» жобасы аясындағы танымдық тренингтерден тұрады: «Рухани құндылықтың ұлттық кодқа әсері», «Ырыс алды-ынтымақ», «Саналы ұрпақ сапаға қалай әсер етпек?».

Әсіресе, Балқаштан арнайы келіп, ұлттық өнерімізді, қазақтың ер-жігітке тән бес қаруын сайлауды дәріптеп жүрген шебер Жұмағазы Мұхаметжановтың  өткізген «Садақ – сарбаз қаруы» атты сабағы жастардың ерекше қызығушылығына ие болды.

«Домбыра пати», «Отбасы ошақ қасында» сияқты танымдық бөлімдері шара бағдарламасының мазмұнын байыта түсті.

Қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, қасиетті қара домбыраның үнін естіп, күмбірлете күй тартқан қыз-жігіттер рухани құндылығымызды, халқымыздың  терең философиялы дәстүрлерін, мәдениетін, туған жерге, өскен өлкеге деген сүйіспеншілікті тағы бір сезініп, шынында да ұлттық кодты сақтау-халқымыздың бабадан қалған мұрасын сақтау екендігін сезінгендей.

Республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қанатының жетекшісі Тимур Жұмырбаев  ұлттық сана туралы әңгіме өрбітіп, жастар арасында пікір алмасу ұйымдастырды.

Еске сала кетейік, мұндай шара ағымдағы айдың 15-19 аралығында Ұлт ұясы – Ұлытауда өткен болатын. Жезқазған өңірінің белсенді жастары қатысқан экспедиция да өте жоғарғы деңгейде өтті.

Бөлісу: