Жас мамандар ауылда жұмыс істеудің артықшылығын айтты

11 Тамыз 2022, 15:00 4111

2022 жылы 8792 түлек медицина мамандығы бойынша оқу бітірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін азайту, «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларының мерзімін ұзарту, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тиісті гранттар санын ұлғайту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырма берген болатын. Бұл жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгін осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар және «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша медицина мамандарының ауылға баруы жайында сөз қозғамақпыз.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы 8792 түлек медицина мамандығы бойынша оқу бітірген (оның ішінде білім деңгейі бойынша: бакалавриат – 1633, интернатура – 4431, резидентура – 2111, магистратура – 468, докторантура – 149). Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған түлектердің саны – 4137 (грант – 3446, ауылдық квота – 691). ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы жас мамандар мен философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі Комиссия шешімі бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде медицина мамандығын бітірген 2981 (72,1%) жас маман мен философия докторына (PhD) жұмысқа жолдама берілді. Оның ішінде ауылдық жерге 797 жас маман бөлінді. «Білім беру туралы» ҚР Заңының 47-бабы 17.2-тармағына сәйкес, мемлекеттік білім беру тапсырыс негізінде оқу бітірген 1156 (27,9%) жас маман мен философия докторы (PhD) енбекпен өтеу міндеттемесінен босатылды. 

Бүгінгі таңда мамандарға мұқтаж өңірлер аз емес. Әсіресе, ауылдық жерлерге сұраныс көп. Оқуын бітірген жас маман шалғай елді мекендерге барып неге жұмыс істемеске? Қазір қаладағы жағдай ауылда да жасалып жатыр. Осыны ескерген жас мамандар мемлекет көрсеткен қолдаумен ауылға аттануда. Аталған бағдарламамен жұмыс істеп, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып жүрген жастарды сөзге тарттық.

Ауылым үшін сапалы қызмет етуге әзірмін

«Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді», – дейді кейіпкеріміз Гүлдана Мұратова.


Жас дәрігеріміз адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан қашпайтын, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Бақытты шет елден де емес, қаладан да емес өзіміздің кішкентай ғана ауылымыздан табуға да болады деп есептейді. Бүгінгі таңда Гүлдана «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Абай облысына қарасты Жарма ауданының Қалбатау ауылының орталық аудандық ауруханасында қызмет істейді. 

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының басты міндеті – ауылдық жерлердегі маман тапшылығын қамтамасыз ету ғана емес, қала мен ауыл мектептері, ауруханалары, емханалары арасындағы білім беру, денсаулық сақтау қызметі сапасының едәуір алшақтығын жою. Сол себепті оқуымды аяқтағаннан кейін ауылым алтын бесігім Қалбатауыма келдім. Осы бағдарламаның көмегімен үй алып, қосымша жәрдемақы алып өзімнің ауылым үшін сапалы қызмет етуге әзірмін», – дейді жас маман. 

Дәрігер болу үшін мінез керек


Осындай жастардың бірі – Ұлықбек Нұрсұлтан. Нұрсұлтан жақында Астана медицина университетін аяқтап, жалпы медицина факультетінде білім алған. Енді алғашқы еңбек жолын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақмола облысы, Есіл ауданынан бастамақшы.


«Болашақ мамандықты таңдау – адамның өмір жолындағы ең маңызды шешімдердің бірі. Таңдаған мамандығыңыз өзіңе ұнауы тиіс, хоббиіңе айналуы қажет. Мен бала кезімнен дәрігер боламын деп армандадым. Ал кейін әпкем медициналық оқу орнына түскен кезде бұл арманым одан да күшейе түсті. Әпкемнен медицинаға қатысты жиі сұрайтынмын», – дейді жас маман.

Бұл мамандық – өте абыройлы да жауапты іс. Дәрігер болу үшін мінез керек. Мінезбен қатар жан мен ой тазалығы қажет деп санайды ол.

«Қазіргі таңда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастарға көптеген жеңілдіктер мен қолдаулар жасалуда. «Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста» демекші, Қазакстан медицинасына аз да болса пайдам тисін деген ниетпен бағдарлама бойынша Ақмола облысы, Есіл ауданына барып жұмыс істемекпін. Аудан-ауылдарда дені сау ұлт, денсаулығы мықты қоғам қалыптасу қажет. Ауылдағы туған-туыстарым, достарым мен олардың отбасы сапалы медицинаға қол жетсе екен деп тілеймін», – деді жас дәрігер Нұрсұлтан. 

Ауылда тәжірибе жинау мүмкіндігі көп

Астана медицина университетін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітірген келесі кейіпкеріміз Ерейментау ауданының Еркіншілік елді мекенінде дүниеге келген. Айтуынша, Сағыныш Салқынбаева 2020 жылдың күзінен бастап интернатура бітіргенше №9 қалалық емханада мейірбике болып қызмет жасаған. Осы жылы дәрігер дипломын қолға алып, Талапкер ауылына жұмысқа орналасты.


Жұмысқа кіргеніне бір ай болса да, жас маман әріптестерінің қолдауымен ортаға тез сіңіп кеткен. 

«Мамандығым өзіме ұнайды, жұмыссыз қалмайтаныма нық сенімді болғанмын», – дейді. Аталған бағдарламаның көмегімен ауылға келгендердің жалақысына 20% үстеме берілетінін атап өтті. «Алдағы уақытта ауылды көркейтуге атсалысып, ел игіліне қызмет істеп, халықтың сүйікті дәрігеріне айналу үшін барымды салып жұмыс жасаймын», – дейді Сағыныш.


Қаладағы жағдай ауылда да бар

«Әртүрлі адамдармен тілдесіп, оларды тану арқылы көптеген дүние үйренуге болады. Сондай-ақ ауылдық жерден алатын тәжірибе көп», – деп білетін келесі кейіпкер Тұрғазы Асыл.



Ол Семей медицина университетiн жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Қалбатау ауылынан бастап отыр. Орталық аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқанына бір ай болған. 306 мың көлемінде көтерме үстемақы алған. Айлығы да көңіл көншітерлік. Мамандық таңдау әр адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені, бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашаққа бағдар береді. Елімізде жастардың білім алып, жұмысқа тұруына жағдай жасалып жатқаны қуантады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: