Жас IT мамандар марапатталды

10 Желтоқсан 2019, 16:06 2790

Astana IT университетінде « ҚХА Жастар Синергиясы» республикалық форумы өтті. Аталмыш форум Жастар жылында жас талант иелерінің бастамалары мен тың идеяларының жүзеге асырылу мүмкіндігін қорытындылауға арналды. Атап айтар болсақ, форумда еліміздің әр өңірінен келген 60-тан астам өнертапқыш пен заманауи технология мамандары өз жұмыстарын таныстырды.


Жастарды қолдауға бағытталған бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы Төрағасының орынбасары Л.Прокопенко, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев қатысты. Форум ҚХА-ның, Қазақстан жастары Конгресінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылды.


Ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша жастардың білім алуына мүмкіндік беруді мақсат тұтқан «ҚХА Жастар Синергиясы» жобасы мамыр айында басталған болатын. Жоба аясында төрт айда аталмыш білім платформасында 2000-ға жуық жас веб дизайн, киберқауіпсіздік, онлайн қызмет көрсету, smartcity, инвестор тарту және сайт құрастыру тақырыптары бойынша дәрістер тыңдады.


Және кейін олар өз жобаларын республиканың 17 аймағында ІТ-жобалар аллеясында ұсынды. Мұнда барлығы 350-ден астам ІТ-жоба таныстырылды.


Республикалық форум аясында үздік ІТ жобалар көрмесі ұйымдастырылып, сондай-ақ, ІТ саласындағы журналист Марат Шәкен, «Smart Investments» ЖШС-нің директоры Марат Төлебаев жастармен тренинг өткізді.


Ал байқау жеңімпаздары қаржылай сыйақыға ие болды. Жеңімпаздарға жалпы көлемі 2 200000 теңге жүлде қоры тағайындалған болатын.





Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: