Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жас ғалымдарға тұрғын үй сертификаттары табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінде Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерекелік шара өтті. Министрлік мәліметінше, салтанатты шара барысында мемлекет басшысының тапсырмасымен жас ғалымдарға қолдау көрсету, олардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 10 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады.
Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде барша нәзік жанды қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау шараларының күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі таңда жаңа ізденістер мен жаңалықтар жасап жүрген ғалым әйелдер саны жыл сайын өсіп келе жатқанын қуанышпен жеткізді.
Бүгінде елімізде ғылыммен айналысып жүрген ғалым-әйелдер саны 11 982 адамды құрап, 55,6 пайызды құрайды. Бұл Қазақстанды ғылымдағы әйелдер үлесі бойынша әлемдік деңгейде көшбасшы мемлекеттердің қатарына қосады. Осы орайда, Қазақстан әйелдер саны ерлер санынан асатын және ғылымдағы арулар саны бойынша әлемдік рейтингте көшбасшы елдердің үштігіне кіретін санаулы елдердің бірі екенін айта кету қажет, – деді ведомство басшысы.
Ғылым және жоғары білім министрі Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жас ғалым әйелдерге берілген баспана ғылымның дамуына және оның қоғамдағы рөлін арттыруға зор ықпал ететінін атап өтті.
Ғылымға қосқан әйелдердің үлесі зор, олардың қабілеті мен мүмкіндігі шексіз. Бұл тұрғыда әйелдерге қолдау көрсету, оларға әрі қарай дамуға мүмкіндік беру – біздің ортақ міндетіміз, – деді Саясат Нұрбек.
Министрлік бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізіп, жас ғалымдардың санының артуы ғылымның дамуына, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға, сондай-ақ жаңа экономикалық кластерлердің құрылуына оң әсер етеді.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының тапсырмасымен 51 жас ғалым тұрғын үй сертификаттарын алған болатын. Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды.
Сонымен қатар мерекелік шара аясында ғылым саласына еңбегі сіңген қызметкерлерге отандық білім мен ғылымға қосқан үлесі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.