Жас ғалымдарды елімізде алып қалудың механизмдерін жасап жатырмыз – Көлгінов

12 Сәуір 2023, 18:12 1015

Астанадағы «Шабыт» шығармашылық сарайының ғимаратында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды El.kz.

Іс-шараға 350-ден астам ғалым қатысты. Одан бөлек ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академиктері, ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары бар.

Іс-шараға қатысушылар үшін ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды, онда қонақтар қазақстандық ғалымдардың жобаларын таныстырды.

«Президент жоғары білім және ғылым сұрақтарына аса назар аударып отыр. Шетелде жүрген мықты-мықты ғалымдарымызды елдегі ғылымға үлес қосуға шақырып жатырмыз. Шетелдегі мықты зертханалардың әлеуетін меңгерген білікті ғалымдар мен жас ғалымдарымызды байланыстырып отырмыз. Президентіміз айтқандай, ғылым кенжелеп қалды. Енді қазақстандық ғылымның дамуына бірігіп үлесімізді қосайық», - деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 158 ғалым Ахмет Байтұрсынұлы сыйлығымен марапатталды.

Еліміздегі ғылымның дамуына үлес қосып жүрген мамандарды Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мерекемен құттықтады.

«Президентіміз ғалымдарды жинап, Ұлттық кеңестің отырысын өткізді. Ғалымдар көптеген проблемаларды көтерді. Осы кеңестің нәтижесінде Президент Үкіметке, министрлікке тапсырма берді. Тағы бір жақсы жаңалық – Ұлттық ғылым академиясы Президент жанында деген мәртебе берілді. Ғалымдардың жұмысы – ел игілігіне қызмет ету. Қаржыланжыру мәселелерін іске асырып жатырмыз: стипендия беру, гранттар беру. Шетелдік оқу орындары біздің жоғары оқу орындарымен серіктестігін нығайтып, филиалдары ашылып жатыр. Проблема бар. Шетелге кетіп жатқан жастарымыз бар. Оларды елде алып қалып, елге қызмет етуінің механизмдерін жасап жатырмыз. Ғалымдардың ұсынысын қоғаммен бірге талқылап, Парламентте, Үкіметте қабылдауымыз керек», - деді Көлгінов.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: