ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарға 10 пәтер сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында берілген пәтерлер ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас мамандардың келуін ынталандыруға септігін тигізбек.
Министр Саясат Нұрбек жас ғалымдармен кездесу барысында ғылым мен инновацияны дамыту ел дамуының экономикалық бағытының негізгі басымдықтарының бірі екенін айта отырып, президенттің қолдауымен ғылым саласында айтарлықтай өзгерістер болғанына тоқталды.
Мемлекет басшысы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңға қол қойды. Жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 1500 жоба іске асырылуда. Жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 қазақстандық ғалым тағылымдамадан өтуде. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Ғылыми кадрларды әлеуметтік қолдау тек бар мамандарды қолдап қана қоймай, ғылыми-техникалық прогреске үлес қосуға дайын жас ғалымдардың жаңа буынын тартуға мүмкіндік береді. Жас ғалымдардың көбеюі өз кезегінде ғылымды дамытуға, зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға және жаңа экономикалық кластерлер құруға ықпал етеді, – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ, министр өңірлерде де білікті ғалымдардың бар екенін атап өтіп, алдағы жылдары оларға да қолдау көрсетілетінін жеткізді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ағымдағы жылғы мамыр айынан бастап баспанаға мұқтаж жас ғалымдардың (40 жасқа дейін қоса алғанда) тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде. Алматы қаласында орналасқан мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарынан 300-ге жуық өтінім келіп түсіп, соның онына пәтер кілті табысталды. Іріктеуден өтіп, баспаналы болғандардың арасында ерлі-зайыпты жас ғалымдар да бар.
Бүгін бізді шақырып пәтер табыстап жатыр. Бұл да біздің еңбегіміздің еленгені. Бұл тек бізге емес, жас ғалымдардың бәріне жігер берері сөзсіз. Жолдасым екеуміз ғылым саласында еңбек етіп келеміз. Өзіміздің жеке баспанамыз болмағандықтан біз үшін бұл үлкен көмек. Бүгін Алматы қаласынан пәтерлі болдық. Өте қуаныштымыз. Жас ғалымдарға қолдау көрсеткені үшін мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – деді ҚазҰАЗУ аға оқытушысы, ғылыми қызметкері Ақмарал Құлмахамбетова.
Атап өтейік, Мемлекет басшысы 2024 жылғы 31 мамырда Алматы қаласының 10 жас ғалымына тұрғын үй сертификаттарын табыстаған болатын. Сонымен қатар 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, бүгінде аталған бағдарлама бойынша 290 жас ғалым жеңілдікпен баспана алған.