Жас биотехнолог өсімдіктердің қартаюын бәсеңдететін ген қасиетін тапты

1 Қаңтар, 23:48 1144

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары 240-тан астам ғылыми жобаны жүзеге асыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өткен жылдармен салыстырғанда іргелі зерттеулер саны 26%-ға, ал қолданбалы зерттеулер 18%-ға артты. Ғылымға құштар жастардың қатары артқаны көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Бүгінде ЕҰУ-дегі 40 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 53 пайызға жеткен.

Олардың бірі – жас биотехнолог Жадырасын Нұрбекова. Ол өсімдіктердің қартаюын бәсеңдететін ген қасиетін тапты. Ғалым 5 жыл бойы Arabidopsis thaliana өсімдігіне эксперименталдық зерттеулер жүргізген. Оның арқасында Альдегид оксидаза 3 генінің жаңа қасиеті анықталып, өсімдіктің өмірін ұзартуға мүмкіндік туып отыр. Олардың мерзімі стресттік жағдайларға байланысты өзгереді. Мәселен, өсімдіктердің өмірі 20 күнге немесе 1 айға ұзартылуы мүмкін екен, - деп жазды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ғалымның ашқан бұл жаңалығы еліміздің аграрлық саласын дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
 
ЕҰУ жас ғалымының ғылыми жаңалығы өсімдіктер туралы үздік 10 журналдың қатарына енген «The plant journal» басылымында жарияланды. Сонымен қатар, бұл журнал халықаралық Scopus және Web of Science деректер қорына енгізілген.
 
Жадырасын Нұрбекова ЕҰУ-да бакалавриат пен магистратурада «Биотехнология» бағыты бойынша білім алған. Одан кейін жас ғалым оқуы мен ғылыми қызметін Израильде жалғастырды. Ол Бен-Гурион университетінде 7 жыл докторантура мен постдокторантурада оқыды. Биыл жас ғалым өзінің альма-матеріне оралып, студенттермен зерттеу тәжірибесімен бөлісуде.

Перизат Саденова
Бөлісу: