Жарық тарифінің көтерілуіне не себеп? Вице-министр түсіндірді

Бүгiн, 12:52 168

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Сенат брифингінде жарық тарифінің не үшін көтерілгенін айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол жарық тарифінің өсуіне бірнеше фактор әсер еткенін мәлімдеді. Сұңғат Есімхановтың айтуынша, негізгі себебі – шикізат бағасының қымбаттауы, инфляция, энергетика саласындағы кадр тапшылығы және инфрақұрылымды жөндеу жұмыстары.

1 ақпаннан бастап электр станцияларындағы тарифтер 20 пайызға өсті. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, көмір мен басқа да қажетті шикізаттың бағасы қымбаттады, инфляция деңгейі жоғары. Екіншіден, кадр тапшылығы байқалады. Біз электр станцияларындағы мамандардың жалақысын көтеруге мәжбүр болдық, себебі білікті қызметкерлер басқа салаларға ауысып жатыр. Қазіргі таңда олардың орташа жалақысы 400-420 мың теңгеге дейін жетті. Бұл да тарифке тікелей әсер етеді, – деді ол.

Сондай-ақ энергетика инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары да жарық бағасының өсуіне ықпал еткен. Ал тұтынушылар үшін тарифті бекіту Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзырында.

Тарифтер жыл сайын өседі деп айтуға болмайды. Бұл процесс белгілі бір ережелер бойынша жүреді. Егер стратегиялық шикізат бағасы көтерілсе, арнайы төтенше жағдай механизмі іске қосылады. Сонымен қатар әлеуметтік көмек мәселесі де қарастырылады, – деді вице-министр.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: