Жартыбай батыр

20 Сәуір 2015, 08:19

Жартыбай батыр жайлы.

Баяғыда алты алашқа белгілі Албан елінің жартысы арғы бетте отырады екен. Арғы бет деген Алатаудың Іле өзеніне дейінгі кең жазық, үлкен аңғары болса керек. Атап айтқанда, қазір сол жерлерде Шошанай, Сарыбұлақ, Сүмбе, Асу, Пияздық, Кетпен, Қалжат деп аталатын ауылдар бар. Мұның бәрі кейін қойылған ат емес, әрине. Қазақ пен қалмақтың талай жылғы қырғын соғысынан қалған ескерткіш сияқты. Өйткені Қалжат, Сүмбе дегендеріңіз-сол қалмақтың сөзі емес пе? Қазақтың жауы көп болған ғой. Бір жағынан қалмақтар қырып кетсе, екінші жағынан қырғыздар келіп шауып кетеді. Шапқан жау малын ғана әкетуші ме еді, онымен қоса үйін өртеп, әйелін қинап, қыздарын да олжалап кетеді екен.

Сол заманда қырғыздан шыққан Тоқтарбай батыр, Теке батыр дегендер жылда шауып, қазаққа тыныштық бермей қойыпты. Албанның Айт деген руынан шыққан Мұсылманбай деген батыр болыпты сол тұста. Әбден басынып, титығына жеткен қырғыздарға осы кісі қайрат жасамақ болып, қол жинайды. Өйткені қырғыздардың басынғаны сонша, жылда келіп шауып, малын олжалап, қыздарын бөктеріп: «Келесі жылы осы уақытта тағы келеміз, оған дейін малдарыңды көбейтіп, қыздарыңды өсіріп қойыңдар», - деп намысқа тиеді екен. Осындай қорлыққа шыдамаған Мұсылманбай батыр бүкіл Албан елінен қол жинайды.

Сол кезде Жартыбай қабырғасы қатпаған, бұғанасы бекімеген бала екен. Мұсылманбай батырға ол да келіп:

– Қолыңызға мені де қосыңыз, жауға мен де бірге шабайын, – деп өтініш айтады.

– Балам-ау, сен әлі жассың ғой, босқа мерт боларсың, сенің жауға қайрат қылар кезің әлі алда. Әзірге қабырғаң қатсын, бұғанаң бекісін, – депті оған Мұсылманбай батыр.

Бұған Жартыбай көнбейді. Бала да болса қайратының үлкендерден кем емес екенін айтады. Содан соң Мұсылманбай батыр жинаған қолына келіп:

– Мына Жартыбай бізбен бірге жауға шаппақ, қой десем қоймай тұр, ертеміз бе баланы, ертпейміз бе?-депті көпке қарап. Сол кезде Жартыбай он үш-он төрттегі бала екен. Бірақ дене бітімі ірі, батыр тұлғалы кесек жігіт қазан аттың үстінде қасқайып отырады. Бұл кезде сол қырғыздың Тоқтарбай мен Теке батырларының қазақты қайта шабуға келетін кезінің таяп қалған шағы екен. Мұсылманбай батыр қолды Шилі өзек деген жерге әкеліп, мықтап бекіндіреді. Олар осы жерде қырғыздардың қолын тосады. Тау асып келген қырғыздар да осы жерге келіп бір тынығып, ертеңіне қазақ ауылына тұтқиылдан тиісер еді. Осы әдетті білетін Мұсылманбай батыр әскери әдіске көшеді.

Қырғыздар Шилі өзекке жақын келіп, сайдың аузына тоқтайды. Сол жерде аттарының белін босатып, ауыздығын алып, отқа жібереді. Өздері қойларын сойып, тамақтарын ішіп, шабуыл алдында көз шырындарын алады. Бірнеше адамын жота-жотаға күзетке қояды. Мұсылманбай батырдың жігіттері соның бәрін аңдып жатады. Жаудың аттары жайылып, жігіттері ұйқыға кеткен кезде, бұлар аңдып келіп, күзетшілерді бас салады да, ауыздарына шүберек тығып байлап тастайды. Содан соң беймарал ұйқыда жатқан жауға лап қояды. Аттандап келген албанның жігіттері тұс-тұстан қылыш сермеп, жайды жайпайды.

Осы айқаста қырғыздың Тоқтарбай батыры қолға түседі. Ал Теке батыр аз ғана қолмен Тоқтарбайдың атына мініп қашыпты деседі. Албанның жігіттері қырғыздың қолын өлтіргенін өлтіріп, тірі қалғанын байлап алады. Сонда Тоқтарбай батыр:

– Мені өлтірмеңдер, Мұсылманбай батырмен сөйлестіріңдер,  деп жалбарыныпты дейді. Ол кезде Мұсылманбай батыр бір топ адамдармен, ішінде Жартыбай да бар көрінеді, Теке батырдың қолын қуып кетсе керек. Бірақ жігіттер: «Бұл қырғыз қулық жасап отырған шығар, батырымызға зияны тиер», - деп Тоқтарбайды өлтіріп тастайды.

Қазақтың қолы қашқан қырғыздарды Кеген өзенінің бойындағы Саз деген жерде қуып жетеді. Осы соғыста уыздай бала Жартыбай Теке батырмен айқасады. Бала да болса аты шулы әйгілі Теке батырды Жартыбай найзалап өлтіреді. Сазда болған қанды айқаста қырғыздар оңбай жеңіледі. Өлгені өліп, тірісі тағы қолға түсті. Осы соғыста бала батыр Жартыбай елден ерекше ерлік көрсетеді. Сол үшін Мұсылманбай батыр оның бетінен сүйіп, бауырына басып, бүкіл елдің алдында Жартыбайды батыр деп жариялайды. Содан бастап Жартыбай атамыз батыр атанса керек. Қырғыз бен қалмақ ол кезде Жартыбайдың атынан сескенеді екен. Бір жерде қазаққа қалмақ тиіпті десе, Жартыбай батыр қолын ертіп елге тиген қалмақты шетінен қуып тастайтын болған.

Сол кезде Жартыбаймен қатарлас Бөден батыр өтіпті. Бөден батыр Албанның ішіндегі қоңырбөрік руының Құртқамай деген атасынан. Екі батыр дос болыпты деседі. Жорыққа бірге шығып, жауға бірге аттанады екен.

Бірде екеуі қазақтың шетінен келіп, тиіскен қалмақтарға қарсы аттанып кеткенде, бұлардың жоқтығын пайдаланып, елін қырғыз барымталап кетеді. Малымен қоса Жартыбай батырдың төрт жастағы Саурық дейтін ұлын да ала кетіпті. Жаугершіліктен қайтып келсе ауылы азып, мұң мен шер басып кетіпті. Бірақ баланы қырғыздың қайсысы әкеткенін білмей, дал болады. Бұл қайғыға шыдай алмай, Жартыбай батыр жатып қалыпты. Жартыбай батыр ақылды кісі болса керек, өзі тиіскен жауды аямаса да, елдің бірлігін, тыныштықты қалайды екен. Ары ойлап, бері ойлап, ашуын ақылға жеңгізеді. Бейбіт жатқан қырғызды шабуға қолы бармайды. Сөйтеді де қырғыз, қазаққа жар салады. «Кімде-кім баламды тауып берсе, сол елмен құда болам, туыс болам, бой жетіп отырған екі қарындасым бар. Қалағанына құда түссін, құшағымды жайып, қарсы аламын», - дейді. Содан қырғыздың бір жігіті келіп: «Балаңды тауып берем»,-деп Жартыбайдың бір қарындасына үйленеді. Кейін Шапырашты елінен Алакүдік деген батыр келіп, уәде беріп, бір қарындасын ол да алады. Арада төрт жыл өткенде қырғыз-күйеу баланың табылғаны жөнінде хабар жіберіпті. Ол кезде Саурық сегіз жаста екен.

Қырғыз-күйеу Жартыбай батырды қырғыздың бір байының ауылының сыртына алып келеді. Он екі қанат ақ үйден шеткерек бірнеше бала ойнап жүреді, біреуі ұл екен.

«Анау ұл бала сенің балаң»,  дейді қырғыз-күйеу. Бұл байдың ұлы жоқ, сегіз қызы бар. Сондықтан сенің балаңды асырап алыпты. Ал енді не істесең де өзің біл, мен кеттім, біліп қойса, бұлар мені құртады, - деп, күйеу баласы кетіп қалады.

Жартыбай ойнап жүрген балаларға жақындап келіп «Саурық!» деп дауыстайды. Арада төрт жыл өтіп, қырғыздар басқа ат қойса да, бала өзінің азан айтып қойған атын ұмытпапты. Аты аталғанда, жалт қарап әкесіне қарай тұра жүгіреді. Жартыбай батыр аттан түсіп, баласына ұмтылады. Саурық жүгіріп келіп, әкесінің мойынына асылады. Әкесі баласын бауырына басып, бетінен сүйіп, ұзақ отырып жылайды. Содан соң баласын көтеріп, жаңағы үйге келеді, өзінің кім екенін айтады. Қайтсе де өз баласын алып кететінін сездіреді әңгіме үстінде.

Кім біледі батырдың қаһарынан сескенді ме, адамгершілігіне сүйсінді ме, ол жағы бізге белгісіз. Бірақ Саурықты әкесіне береді. Олар Саурыққа, Саурық оларға әбден бауыр басып алған екен, бір-бірімен қимай жылап, ажырасады.

Кейін қырғыз бен қазақтың осы екі ауылы жауласқанды қойып, құда-жекжат болып, ынтымақтасып кетіпті. Бір-біріне қыз беріп, бір-бірінен қыз алып, құдаласып кетіпті дейді. Әңгіменің басында Жартыбай батыр мен Бөден батыр дос болған демеп пе едік. Бертін келе екеуі құда болыпты. Бөден өзінің қарындасын Жартыбайдың баласы - Саурыққа береді. Ол қайтыс болғанда, Саурыққа кіші қызы Шитраны береді. Шитра шешейден бес ұл болған. Олар: Мұстафа, одан кейін Жақып, Жапарқұл, Мұратәлі, Ыбырайым.

Жартыбай анасынан шала туса керек. Жеті айлық шала туған баланы тұмаққа салып қоятын қазақтың ескі әдеті бар емес пе? Шала туған соң атын Жартыбай қойыпты да, тұмаққа салып, тоғыз ай толғанша керегеге іліп қойыпты. Бірақ сол шала туған Жартыбай бабамыз айы-күніне жеткен соң, дене бітімі жағынан да, ақыл-ойы жағынан да тең құрбысынан көп озып кетсе керек. Тоғыз-онға келгенде асау тайдың үстіне құлағынан бұрап, қарғып мінеді екен. Қанша мөңкісе де, жалынына жабысып, үйретіп алатын көрінеді. Өзінің құрбыластары тұрмақ, үлкен жігіттерді де күресте допша домалатыпты.

Қартая келе ол кісі үлкен бай болған. Жартыбайға бес жүз құла жылқы біткен. Малының басы қасқыр алған құла айғыр дейді. Жартыбай батыр шала туса да, жүз жасқа келіп өлген. Өлерінде ол кісі ағайын-туғандарын шақырып алып: «Мен өлгенде ат қойып, дауыс салып келмеңдер, жай ғана келіп көңіл айтып, ниеттеріңді білдірсеңдер болады. Хабар берген де алыстағы  ағайынның бәріне осыны түсіндіріңдер. Өйткені менің өмірім айғай-шумен, аттанмен өтті. Сүйегіме жұрт аттандап келсе, молам опырылып түседі», - деген екен. Бірақ қазақтың ежелгі салты емес пе? Кім тыңдасын. Жартыбай жүз жасап қайтыс болғанда, алыс-жақын ағайындары алыстан ат қойып, улап-шулап «атамдап» келсе керек. Сонда Жартыбайдың топырағы кеппеген моласының ақымы опырылып түсіп кетіпті.

Жартыбай дәуірінің бар кезінде көбіне жорықта жүрген. Бірде қалмақты қуып Қытайға барады. Сонда Қызай деген елдің бір қызына үйленеді. Жақсы кісі болса керек, аты Жібек екен. Сол Жібек апа үш ұл туған. Үлкені-Жақай, ортаншысы- Бақай, ең кішісі-Тоқсанбай еді.


"Бабалар сөзі"

Бөлісу: