Жарты жылдың ішінде 1 мыңға жуық адам жол апатынан мерт болды

18 Шілде 2022, 17:01 3211

Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді

Жарты жылдың ішінде мыңға жуық адам жол апатынан мерт болды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлім етті, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

– Жүргізушілердің салғырт қарым-қатынасы мен қателіктері, сондай-ақ олардың жол жүрісі қағидаларын бұзу салдарынан жарты жыл ішінде еліміздің жолдарында 6 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, мыңға жуық адам қаза тапты, 8 мыңнан астам адам жарақат алды. Өткен тәуліктің өзінде еліміздің жолдарында 47 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 13 адам қаза тауып, 55 адам әртүрлі дене жарақатын алды, – деді ол министрліктің баспасөз алаңында өткен брифингте.

Мәселен, оның дерегінше, түнгі сағат 16 шілде 12-ден өте Жамбыл облысында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында қалааралық маршруттық автобустың жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен соқтығысып, одан кейін жол жиегіне шығып кеткен.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші мен 3 жолаушы қаза тауып, тағы 3 адам ауруханаға жатқызылды.

– Сол түні сағат 03-00 шамасында Қарағанды облысының тұсындағы тасжолда шаршаған жүргізуші Mersedes-benz Sprinter шағын автобусын басқаруды өзінің кәмелетке толмаған туысына тапсырған. Ол өз кезегінде рөлге ие болмай қарсы бағытқа шығып, MAN автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Нәтижесінде кәмелетке толмаған микроавтобус жүргізушісі мен 7 жолаушы қаза тауып, 9 жолаушысы ауруханаға жеткізілді, – деді Жандос Мұратәлиев.

Комитеті төрағасы орынбасарының атап өтуінше, 18 шілде күні сағат түнгі 2:30 шамасында Батыс Қазақстан облысында Nissan Maxima маркалы автокөлігінің жүргізушісі басып озу маневрін жасау кезінде қарсы жолаққа шығып, «Лада» маркалы автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апатынан 8 адам көз жұмды, оның екеуі - жасөспірім.

– Ішкі істер министрлігі Жол жүрісіне қатысушылардың бәріне, әсіресе қалааралық және өңіраралық қатынас жолдарында жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтау қажеттігі туралы еске салады. Кез-келген көлік құралының жүргізушісі автокөліктің пайдалану мүмкіндіктерін білуге және жол жағдайын дұрыс бағалауға міндетті, – деді ол.

 

Бөлісу: