«Жарқын жаз» балаларға ерекше демалыс сыйлайды

1 Шілде 2016, 06:07

Көңілді каникул

Кеше қазақстандық «Bestseller kz»  әдеби агенттігі  «Жарқын жаз – 2016» жобасын ұсынды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алматы қаласының мыңжылдығына орайластырылған  шара Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Шараның салтанатты ашылу рәсімі Алматыдағы «Глобус» сауда орталығында  өтті.

Алматы қаласы Тілдерді дамы­ту, мұрағаттар және құжаттама бас­қармасы үйлестіру бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбетов жобаның ашылу салтанатына арнайы қатысты.

– Осыдан 10-15 жыл бұрын тіл ту­ралы мәселе көтерген кезде іс-қа­ғаздар мен ресми құжаттарды ана тілімізде толтырумен шектеліп жүрдік. Кейінірек шаралардың басында  бір-екі ауыз сөз кіріспе қазақша айтылатын болды. Бірақ бұлай мемлекеттік тілдің деңгейі көтерілмейтініне көзіміз әбден жет­ті. Қазақ тілінің мәртебесін биік­тету үшін көпшілік ортада, демалыс орын­да­рын­да, қоғам­дық көліктерде жаппай қолданысқа енгізу қа­жет.

Сондықтан, «Жарқын жаз» жо­басының ұйымдастырушылары бізге өз идеяларын айтып, қолдау сұра­ған кезде ұсынысты қуана-қуана құп алдық. Өз та­ра­пымыздан барлық аудан әкім­деріне хат жаздық. Өйткені, бұл шара бірінші кезекте мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатқа қолға алынып отыр. Ал­дағы уақытта басқа аудандарда да жалғасын табады деген үміттеміз, – деді Бақыт Қалымбетов.

 «Әнші болғым келеді» продю­сер­лік орталығының бас директоры Алтын Маханбетова қаладағы ірі сауда орталықтарындағы ба­лаларға арналған демалыс орын­дарында қа­зақша әндер айтылмайтындығына қынжылатынын айтады:

–       Оның орнына таңнан кешке дейін «Чунга-чанга»,«Весёлые парово­зи­ки» сияқты ой­нап тұрады. Бұл аз десеңіз, мерекелік шаралардың барлығы тек орыс тілінде өтеді. «Жар­қын жаз» жобасы жоғарыда айтылған кемшіліктердің орнын толтыратын, қа­зақ балаларына ауадай қажет жоба деп ойлаймын, – деді Алтын Маханбетова.

Жобаның алғашқы күні «Дала сазы» шеберлік орталығының бесаспап жігіттері балдырғандарға домбыра мен  қобыздың жасалу жолын көрсетті. Балалар көңілді ойындар ойнап, ән айтып, би биледі.

Ал, бүгін республикалық «Ұлан» газетінің ұжымы балаларға оригами жасауды үйретеді. Арқан тартыс, қаппен секіру ойындар ұйымдастырады. Сондай-ақ, «ұландықтар» мен бүлдіршіндер Қазақстанның картасына үңіліп, жер-су атауларына қатысты түрлі ойындар ойнайды.

«Жарқын жаз» жобасының негізгі серіктестері – еліміздегі бірнеше балалар басылымы. Атап айтқанда, «Балдырған» журналы, «Ұлан» газеті, «Ақ желкен» журналы, «Дружные ребята» газеті, «Ертегілер елінде» журналы және «Балабек» журналы, «Әнші болғым келеді» журналы.

Тілдерді дамыту, қазақ тарихын таныту, ұлттық әдебиет пен мәдениетті насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара шілде, тамыз айларында Алматыдағы «Глобус» сауда және ойын-сауық орталығында өтеді. Жаз біткенше мұнда демалатын балаларға күн сайын түрлі ойындар, викториналар, байқаулар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Сондай-ақ, балақайлар өздерінің сүйікті ақын-жазушылары, әртістері және қолөнер шеберлерімен жүздесіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоя алады.


Әзірлеген – Роза Сексенбайқызы
                                                                        Суреттер ғаламтордан алынды

Бөлісу: