«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды». Қайрат Сатыбалды қалай кешірім сұрады

16 Тамыз, 16:04 1378

Мемлекетке 783 миллиард теңгенің активтерін қайтарып, жазасын жеңілдетуді сұраған Қайрат Сатыбалды жасаған қателіктерін мойындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сотта сөйлеген сөзінде ол өзін көрген басқа біреулер мемлекет мүлкін далаға шығармайтынына сенімді екенін айтты.

Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуы тиіс. Халқымызда сөз бар, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша мен органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын.

Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл – мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шашпайды, - деді ол.

Сонымен қатар ол президенттің саясатын толық қолдайтынын алға тартып, халықтан кешірім сұрады.

Мемлекетімізде соңғы жылдары болып жатқан оң өзгерістерді көріп-біліп отырмын. Осындайда бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен президентіміздің жүргізіп отырған саясатын толықтай қолдаймын. Заңсыз капиталдың бәрі – тиынына дейін елге қайтарылып, заң мен тәртіп болуға тиіс!

Халықтан, кезінде тізем батқан, ақысына кірген адамдардан және мемлекет басшысынан кешірім сұраймын. Осыған дейін барлық істеген іс-әрекеттерімді саралауға, ой қорытуға уақыт жеткілікті болды. Жіберген қателігімді және кінәмді толықтай мойындай отырып, істеген ісіме өкінемін. Тергеу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізілді. Заңсыз жолмен иемденген активтерді толықтай қайтару қажет болды. Оның барлығы қайтарылып та жатыр.

Мемлекет басшысының заңсыз активтерді мемлекетке қайтару ісі бойынша жүргізіп жатқан саясатын толықтай қолдаймын. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын, - деді ол.  

Айта кетейік, Өскемен соты Сатыбалдынының жазасы жеңілдеп, ол бас бостандығынан шеттетілді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: