Жаны нәзік, рухы өр әскердегі палуан ару

7 Мамыр 2023, 09:00 2637

Бүгінде жаны нәзік болса да, рухы мықты қыз-келіншектердің қатары құқық қорғау саласында артып келеді. Олар мойнына ауыр жүк артылғанына қарамай, тұрмысы мен қызметін ұштастырып, бірге алып жүр. Еліне қызмет етуді абыройлы міндет деп санайтын олардың қызметі Отан қорғаушы ер-азаматтармен пара-пар.  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі айтулы мейрамда осы салада жүрген нәзік жанды арумен сұхбаттасты.

Біз сөз еткелі отырған кейіпкердің бұл салада жүргеніне біраз жыл болыпты. Ол – Гүлжан Нүсіпова. Алматы облысының Алакөл ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласында тұрады. Бүгінгі күні Ақмола өңірлік гарнизонында әскери полициялық басқармасының әскери полиция бөлімі патрульдік-посттылық қызметінің офицері лауазымы бойынша қызмет атқарады.

Аталған қызметке 2010 жылдан бастап келгенін айтады. Бастапқыда Алматы өңірлік гарнизонының полиция басқармасында жұмыс істеп, одан кейін Семей гарнизонының әскери полиция басқармасында абыройлы қызмет атқарады. Бұдан бөлек Гүлжан әскери полиция мамандарын даярлау орталығында еңбек еткен.

Бұл саладағы қатаң ережелерге тіпті кейде әйелдер тұрмақ, ер азаматтар да шыдас бермейтіні анық. Бүгінде Гүлжан сияқты Қарулы күштер қатарында 6 948 мыңнан астам нәзік жанды әскери қызмет атқарып жүр. Оның ішінде офицерлер құрамының әскери қызметшілері 868, сержанттар мен қатардағы құрамдағы нәзік жандылар 6 080 адамды құрайды.

Сонымен қатар, әскери қызметші әйелдер ҚР ҚК түрлі лауазымдарында маманнан бастап Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының құрылымдық бөлімшелері басқармасының бастығы мен Бас штабқа дейін әскери қызмет өткереді. Бұл әйелдер тек отбасының ғана емес, сондай-ақ елдің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде үлес қосып жүр.

Ерлермен иық тірестіре бірге қызмет етіп жүрген нәзік жанды ару спорт шебері. Ол жұмысымен бірге спортты қатар алып, ер азаматтармен белдесіп жүр. Нәзік жанды бола тұра, самбодан спорт шебері және басқа да спорт түрлерімен айналысады. Гүлжан шаңғы тебуден, нысана көздеуден және жүзуден жарыстарға қатысып, топ жарып келеді.

Самбо күресінен спорт шебері деген атағым бар. 20 жыл бұрын осы спорт түрімен айналысуды бастадым. 2006 жылы самбодан Қазақстан чемпионы атандым. Сол жылы Азия чемпионатының күміс және әлем бірншілігінің қола жүлдесіне ие болдым. Бүгінге дейін бұл спортты тастаған емеспін, – деді ол.

Аса жауапкершілікті талап ететін қызметке қалай келгенін сұрадық. Айтуынша бала күнгі арманы болыпты.  

Балалық шағымнан осы қызметке қызығып, қыр-сырын үйренуге ұмтылдым. Сол себепті спортқа да жақын болдым. Өйткені әскери адам әрдайым физикалық тұрғыда мықты және саптық дайындығы жағынан жақсы болу керек. Осы оймен өз қалауым бойынша бұл мамандықты таңдап спортты қатар алып жүруге бекіндім, — дейді офицер.

Қызығы мен қиындығы қатар жүретін осы бір саланың артылар жүгі де орасан. Кейіпкердің сөзінше, әйел адамға дене дайындығы мен қатар саптық, ату және басқа да сабақтары қиынға соғуы әбден мүмкін. Десе де, бұл қызметке қызығушылық танытып және арманмен келгендіктен болар Гүлжанға аса ауыр соқпайтын көрінеді.

Маған барлығы жеңіл сияқты өтеді. Өйткені өз жұмысымды және қызметімді жақсы көремін. Дене шынықтыру және қандай да бір әскери дайындықтар болсынбарлық ынта-жігерімді салып қатысамын. Әрине, әскери қызметші болғасын, өзінің белгілі бір тәртіптері бар. Қызметім туралы тек қана жақсы ойдамын. Бүгінгі таңда спорттағы жетістіктерімді бағалап, басшылық мені офицерлік лауазымға тағайындады. 10 жыл келісімшарт бойынша әскери қызметші болып, 2022 жылы алғашқы офицерлік әскери шенін алдым, – дейді Гүлжан.

Бүгінде офицер қызметімен бірге отбасын да бірге алып, келіндік міндетін атқарып жүр. Үйде аяулы жар, үш баланың анасы бола тұра, өзін физикалық тұрғыда шыңдайды. Мәселен қыс мезгілінде шаңғы тепсе, одан кейін жүзу сынды спорт түрлерімен шұғылданып қарулы күштер ұйымдастыратын әскери жарыстарда жүлделі орыннан көрініп келеді.

Жарыстарға көп қатыстым. Атап өткен спорт түрінен жүлделерім бар. 2022 жылы офицерлік кіші сайыстан (оның ішіне жүзу, жүгіру және пм-қаруымен ату) бойынша үшінші орын алдым. Жақында сәуір айының басында Ақмола горнизонының әскери бөлімдері мен басқармалары арасындағы жарыстан жеке есепте және командалық есеп бойынша I жүлдені қанжығама байладым, – дейді.

Сөз соңында кейіпкеріміз өзінің нәзік жанды екенін ұмытпай, келіндік міндетті де абыроймен алып жүргенін айтты. Жолдасы да әскери қызмет саласында болғасын, анасы үйде балаларына қамқорлық көрсетіп, мектепке апарып-алып келетіндіктен, еш уайымсыз қызметтерін атқаратынын жеткізді.

Баламыздың сабағын оқытып, оларды түрлі үйірмелерге апаратын да анамыз. Десе де, келіндік міндетім ретінде таңғы және кешкі астың бәрі менің мойнымда екенін ұмытқан емеспін. Таңертең ерте тұрып, бәрін жасап дайындап кетемін. Отбасыма да және қызметіме де көңіл бөліп үлгеріп жүрмін. Таңертең жақсы көңіл-күймен жұмысқа  кешкісін қайтқанда осындай көңілмен үйге келемін, – дейді Гүлжан Нүсіпова.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: