ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: ТОҚЫМА ӨНЕРКӘСІБІ САЛАСЫН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТТАРҒА ШЫҒАРУ ҚАЖЕТ

12 Сәуір 2019, 12:23 1974

Нұр-Сұлтанда «Ютария» фабрикасында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың және ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының «Жасампаз» отандық өндірушілер консорциумы мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өтті.

Қатысушылар өндірістік алаңдарда болып, фабриканың қызметімен танысты.

«Жасампаз» консорциумының атқарушы кеңесінің төрайымы Гүлмира Уахитова дөңгелек үстелге қатысушыларға консорциум құрамындағы компаниялар қызметінің нәтижелерімен таныстырып, бірлескен жұмыстың жетістіктері мен отандық өндірушілердің жоспарлары туралы әңгімеледі.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында бекітілген жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы таныстырылып, ҚР Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының атқарушы директоры Наталья Кузнецова сөз сөйледі.

«Руми-Н» ЖШС шұлық-ұйық фабрикасының жұмысымен компания директоры Иван Бридихин таныстырып өтті. Ол кәсіпорында өндірілетін тауардың сапасы қатаң қадағаланатынына баса назар аударды. 2016 жылы «Халық үшін үздік тауар» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталған.

Спикерлерді тыңдай отырып, Жансейіт Түймебаев «Жасампаз» сияқты консорциумдар отандық өндірушілердің көп болуы үшін басқа салаларда да құрылуы тиіс екенін атап өтті.

Ассамблея Төрағасының орынбасары атап өткендей, консорциум жұмысы Қазақстан Президентінің арнайы сыйақыларымен марапатталған, бірақ бірқатар шешілмеген мәселелер де бар. Олардың бірі – шикізат өндірісінің дамымауы.

«Жеңіл өнеркәсіп саласында ұлттық стандарттарды әзірлеуді, енгізуді және қолдануды дамыту қажет», – деп мәлімдеді Жансейіт Түймебаев.

Ол барлық ескертулер назарға алынып, бұл мәселелер ҚХА депутаттарымен және мемлекеттік органдармен пысықталатынына сенім білдірді.

Дөңгелек үстел барысында ҚХА Хатшылығының басшысы қатысушыларға Ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері туралы айтып, Елбасының 2018 жылы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының қызметін жандандыруға тапсырма бергенін еске салды.

«Біз барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, тоқыма өнеркәсібінің қызмет саласын жаңа, халықаралық деңгейге шығарғымыз келеді. Бұл 30-ға жуық республикалық этномәдени бірлестік, кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелері», – деді ол.

ҚХА басшысының орынбасары дөңгелек үстелге қатысушыларға Ассамблеяның халықаралық бизнес-форумын және этнос басшыларының тарихи отандарымен жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар көрмесін өткізу жоспарланғаны туралы хабарлады.

Кездесу аясында дөңгелек үстел қатысушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы үндеуіне қатысты пікірлерін де білдірді.

Жансейіт Түймебаев алдағы кезектен тыс президент сайлауы – бұл уақыттың өзі, соңғы саяси өзгерістердің қисыны болып табылатын маңызды саяси оқиға екенін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ президенттік сайлау қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ететініне, еліміздің алдында тұрған барлық міндеттерді табысты шешу үшін халықтың бірігуіне қуатты серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу соңында қатысушылар 2019 жылғы 9 маусымда кезектен тыс сайлау өткізу туралы Президенттің шешіміне өз компанияларының атынан қоғамдық қолдау білдірді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

ЕЛБАСЫ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АППАРАТЫНДА БОЛДЫ

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: САЙЛАУ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ САБАҚТАСТЫҒЫН РАСТАУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

САУЫТБЕК АБДРАХМАНОВ: БІЗГЕ АНЫҚТЫҚ, АШЫҚТЫҚ, АЙҚЫНДЫҚ КЕРЕК

Бөлісу: