Жансейіт Түймебаев: Үстел ойындары – Ұлы даланың ажырамас бөлігі

20 Тамыз 2019, 14:50 3173

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен ұлттық ойындар фестивалі өтті.

Іс-шараның ашылу салтанатында ҚХА Төрағасының орынбасары-ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев үстел ойындарында Ұлы даланың саналуан қырлары ашылатынын атап өтті.

«Түрлі этностардың үстел ойындары ежелгі заманнан бастау алады және олардың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады. Олар атқа міну мәдениетінің, Ұлы Даланың ежелгі өнер мен технологияларының органикалық бөлігін құрайды», – деді ҚХА басшысының орынбасары.


Ол Қазақстанда тұратын этностарда логика мен тапқырлықты, математикалық ойлау мен төзімділікті дамытуға арналған өзара ұқсас үстел ойындарының бар екенін атап өтті.

«Көптеген халықтарда ежелгі «Нарды» ойыны танымал. «Тоғызқұмалақ» қырғыздарда «Тогуз коргоол» деп аталады және Қырғызстанда осы ойын бойынша оқушылар олимпиадасы өтеді. Басқа елдерде де үстел ойындарының дамуына үлкен мән беріледі: көршілес Алтай, Қарашай-Черкесия, Якутияда үйірмелер ашылып, Қарақалпақияда кітаптар, ғылыми еңбектер жазылады», – деді ҚХА Хатшылығының меңгерушісі.


Спикер атап өткендей, Қазақстанда этномәдени тәрбиені дамыту, тұлғаның шығармашылығын арттыру, өскелең ұрпақтың азаматтық тұрғыда қалыптасуы мәселелеріне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Мұның барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

«Үстел ойындары – этностардың ұлттық ойындарының тармағы. Олардың барлығы салт-дәстүр, спорттық-әскери жарыс және ұрпақтардың қарым-қатынасына арналған алаң ретінде ерекше маңызға ие болды. Олардың көпшілігі кейіннен өзінің бастапқы мәнін жоғалтып, басқаша түрленді. Бірақ белгілі бір этнос мәдениетінің бөлігі ретінде сақталып қалды», – деді Ж. Түймебаев.


Ол Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ««Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкция клубын құруды ұсынғанын еске салып, фестиваль қазіргі күнге дейін жеткен тарихи реконструкцияның үлесі болып табылатынын атап өтті.

«Біздің міндетіміз – оларды жойып алмау», – деп сөзін қорытындылады ҚХА Төрағасының орынбасары.


Іс-шара аясында елордалық ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің өкілдері фестиваль қатысушыларына үстел ойындары туралы әңгімелеп, ережелерімен таныстырды.


Қорытындысында ҚХА этномәдени орталықтарының шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, этномәдени бірлестіктерге алғыс хаттар табыс етілді. 


Бөлісу: