Жансейіт Түймебаев: Елімізде 50-ден астам этностық бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді

28 Маусым 2019, 10:47 3154

Нұр-Сұлтан қаласында Журналистер күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті.

Клуб отырысында Мемлекет басшысының «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмалардың орындалу барысында журналистер қауымы алдында тұрған міндеттерді талқылады.

ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жиналғандарды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады.


Хатшылық меңгерушісі сөз басында Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан көрсетіліп жатқан көмек жайын баяндады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы 24 маусым күні жедел түрде Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық Достық үйінде зардап шеккендер мен Арыс қаласынан көшірілгендерге көмек көрсету мақсатында штаб құрды. Барлық өңірдегі Достық үйлерінде көмек қабылдау бекеттері іске қосылды. 27 маусым, яғни, бүгінгі күнге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы көрсеткен көмектің жалпы соммасы 51 млн. 331  мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ҚХА мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері бір күндік жалақыларын Түркістан әлеуметтік-корпоративтік даму қорына аударылды. ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы «Жақсылық жаса» жобасы аясында Түркістанға көмекке аттану мақсатында еріктілер тобын құрды», – деді Ж. Түймебаев.


Елімізде 50-ден астам этностық бұқаралық ақпарат құралдары ресми тіркелген. Неміс, армян, белорус, татар, украин, корей, күрд, өзбек, ұйғыр және басқа тілдерде газет-журналдар жарық көреді. Бұдан бөлек түрлі телеарналар мен Қазақ радиосында арнайы бағдарламалар жұмыс істейді.

Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында этносаралық татулық пен келісімге қатысты республикалық және аймақтық деңгейде 7218 материал жарияланды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда анағұрлым артық.

Естеріңізге сала кетйік, Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында берген Елбасы тапсырмасына сәйкес Журналистер клубы құрылған. Клуб жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін қоғамға түсіндіріп, қазақ жерін мекендеген этностардың рухани-мәдени ортақтығын жазып-көрсетуде журналистерге бағыт-бағдар беріп келеді.

«Біз барлық БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге күш саламыз. Осы ретті пайдаланып сіздердің тараптарыңыздан да көрсетіліп жатқан ақпараттық қолдау үшін арнайы алғыс білдіремін. ҚХА-ның ХХVІІ сессиясында 180-нен астам БАҚ өкілі тіркелсе, бір ғана «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 50 жуық мақала жариялады. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Хабар», «Хабар-24», «Қазақстан» ұлттық арнасының ерен еңбегін ерекше атап өткім келеді», – деді Хатшылық меңгерушісі.


ҚХА құрылымының жұмыстарын көпшілікке тарату мақсатында республикалық телеарналарда 1033 сюжет, баспасөз басылымдарында 969 мақала, интернет-ресурстарында 1627 жарияланым, аймақтық БАҚ-да 3589 мақала, оның ішінде 2076-сы мақала, 1513-і сюжет жарық көрген.

Бұл отандық журналистиканың күшті ақпараттылығын және әлеуетін байқатады.

«Әлеуметтік сауалдардың мәліметтеріне сәйкес халықтың 93,7%-ы өздерін қазақстандықтар, яғни, Қазақстанның бірыңғай халқының өкілдері деп санайды. Халықтың 92,4%-ы Қазақстанның басқа этностарының өкілдеріне оң қарайды. Мұның бәрі сіздердің еңбектеріңіз, құрметті әріптестер», – деп, жүрекжарды лебізін білдірді Ж. Түймебаев.


Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың өмірлік қиын жағдайда қалған отбасыларға екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында несие бойынша қарыздар бір реттік тәртіппен есептен шығарылатыны туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты.

«Өкінішке орай бізде әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар – көпбалалы, мүгедек балалары бар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар түрлі себептерге байланысты қиын өмірлік жағдайға тап болып, өзіне алған несие міндеттемелеріне қызмет көрсете алмайтын жағдай қалыптасты. Бұл мәселе 500 мыңға жуық адамның өмірлік мүдделерін қозғайды. Мемлекет басшысы адамдардың қарыз шұңқырынан шыға алмайтынын көріп, немқұрайлы қалмайтынын атап өтті. Сондықтан Президент бұрын-соңды болмаған әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдады», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.


Тұрақтылықты сақтау Қазақстан халқы Ассамблеясының, барлық мемлекеттік органдар мен сындарлы қоғамдық күштердің басым жұмысы болып табылады.

«Тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім бүгінгі күні басты ресурстарсыз – біздің барлығымызды біртұтас жүйеге байланыстыратын ақпаратсыз мүмкін емес. Ал БАҚ бұл жерде негізгі адаптер-жолсерік ретінде рөл атқарады. Сонымен қатар БАҚ-да азаматтық қоғам институты ретінде қоғамдық пікірді қалыптастыру жөніндегі ерекше миссия бар – ол бейбітшілік пен келісім мәдениетін тәрбиелеу, азаматтық бірегейлікті нығайту», – деді Хатшылық меңгерушісі.


Сонымен бірге жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, «Хабар» Агенттігі» АҚ «Ел арна» телеарнасының директоры Арман Сейітмамыт, «Огни Алатау» Алматы облыстық газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, «Қазақпарат» ХАА жаңа бас директоры Асқар Омаров, «Коре Ильбо» корей республикалық газетінің бас редакторы Константин Ким сөз сөйлеп, клуб мүшелері пікір алмасты.


Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: