ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: БІЗДІҢ АДАМГЕРШІЛІК ПАРЫЗЫМЫЗ –САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЖАДЫМЫЗДА САҚТАУ

31 Мамыр 2019, 12:43 2768

Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне Қазақстан халқы Ассамблеясы мен елорданың қоғам белсенділері қатысты.

Еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қою рәсіміне Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, қала әкімдігі, қалалық мәслихат, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты.


Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев халқымыз тоталитарлық режим кезінде – ХХ ғасырдың бірінші жартысында үлкен қайғыға ұшырағанын атап өтті.


«Алдымен бұл 1930-шы жылдардағы жаппай аштықтың келуімен басталды, одан кейін ұлттық элитаның және зиялы қауым өкілдері саяси себептер бойынша сотталып, өлім жазасына кесілді», – деді ҚХА басшысының орынбасары.

Қазақстан лагерьлеріне бес миллионнан астам адам жіберілді, олардың екі миллионы арнайы құрылған он бір лагерьден тұратын желіде болды.


«АЛЖИР» ең ірі кеңес әйелдері лагері болған еді, ол ГУЛАГ архипелагындағы үш аралдың бірі еді. 1938 жылы лагерьде сегіз мыңға жуық тұтқын әйел қамауда отырды, олардың ішінде қазақтың көрнекті қайраткерлері – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Нығмет Нұрмақов, Санжар Асфендиаров және басқалардың әйелдері болды», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев. 


Осы қасіреттің естелігі ретінде Елбасының бастамасымен 2007 жылдың 31 мамырында «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарын еске алу мемориалды-мұражай кешені ашылды (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері).
ҚХА басшысының орынбасары айтып өткендей, жапан далаға жер аударылған түрлі халықтардың өкілдері үшін Қазақстан жаңа үйге айналды. Қазіргі ие болып отырған игілігіміздің бәрі қазақтың қонақжайлылығының арқасында.

«Біздің адамгершілік парызымыз – саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын жадымызда сақтау», – деді Жансейіт Түймебаев. 

 

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов жиналған қауымға қасіретті жылдардың азабы туралы әңгімелеп, бүгінгі ұрпақ рухтарына тағзым ететінін айтты.

Салтанатты рәсімде ғалым, драматург, жазушы, журналист Қошмұхамбет Кемеңгеровтың шөбересі - ақын Қайырбек Кемеңгер сөз сөйлеп, өз отбасының тарихы туралы айтты. Оның әжесі де АЛЖИР-де Отанын сатқанның әйелі ретінде тұтқында отырған.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде гүл қою рәсіміне қатысу үшін АЛЖИР тұтқыны Валентин Грюнбергтің немересі Вера Грюнберг-Иванникова Мәскеуден келді.


Ол өз әжесінің басынан кешкендерін айтты. Әжесі ұзақ сегіз жыл бойы сүйікті жары мен балаларынан жырақ лагерьде болып, даланың ауыр жұмысын істеген.

Валентина Грюнберг АЛЖИР-де Юлия Грюнбергтің әйелі ретінде түскен (В. Грюнберг Иванникованың атасы, ұлты эстон). Ол Ресейдегі жауапты шаруашылық шептерінде, сондай-ақ Харбин (Қытай), Жапония, Мәскеу қаласында жұмыс істеді.

1938 жылы атасын тұтқынға алып, ату жазасына кесіп, Мәскеудегі қайғы-қасіретті жер – Коммунаркадағы көпшілік бейітке жерленген.

«Тағдыр оған тосынсый жасады деп айтуға болады. Мұнда ол өзінің туған апасы Капитолина Николаевнамен кездейсоқ кездесті»,деді Вера Грюнберг-Иванникова.

Ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мемориалды-мұражай кешенін ашқаны үшін алғыс айтты, кешен сол ауыр жылдардағы жазықсыз жандардың азабын еске түсіреді.

Сонымен қатар ол музей қызметкерлеріне осы естеліктерді сақтап, оны басқаларға таныстырып және таратуға мүмкіндік беретіндері әрі жемісті еңбектері үшін алғысын білдірді.

Іс-шараның соңында кешенге келушілер мұражай экспонаттарымен танысып, өткеннің қайғылы көрінісін бейнелейтін арнайы орындарды көре алды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: