Жансерік Орынбаев: Қазір ауыл дәрігері де шетелге барып, тәжірибе жинап келіп жатыр

21 Тамыз, 12:30 571

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығын жақсарту, медицина саласын дамытуға қатысты нақты міндет жүктеді. «Халықтың денсаулығы, иммуниеті мықты болуы үшін медицина саласына барынша қолдау көрсетілетіні – Мемлекет басшысының стратегиялық жоспары», – дейді ақ қалатты абзал жандар. Қазіргі кезде ауыл медицинасы да аяқтан тұра бастады. Аудандық ауруханаға жаңа медициналық құрылғылар, жедел жәрдем көліктері беріліп, ауыл тұрғындарын медициналық қамтуда оң өзгерістер анық көрініп отыр.

Осы оңды өзгерістер жайында Түркістан облысы Ордабасы аудандық орталық ауруханасының басшысының орынбасары, хирург Жансерік Орынбаев El.kz ақпараттық агенттігіне егжей-тегжейлі айтып берді:

El.kz: Медицина саласына мемлекет жақсы көмек беріп жатыр. Көп назар аудара бастады. Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесі қалай жетілдіріліп жатыр?

Жансерік Орынбаев: Иә, шынында да ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесіне жақсы көмек беріліп жатыр. Әсіресе, 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры енгеннен бері жағдай түзеліп келеді. Денсаулық саласына халық, жұмыс беруші және жеке кәсіпкерлер тарапынан ақша аударылып жатыр. Медицина мекемелеріне сол аталған қордан және мемлекет тарапынан ақша түсетін болды. Соның есебінен аудандық ауруханаларға компьютерлік томография аппараттары қойылып жатыр. Биылғы жылы ауруханамызға магниттік-резонанстық томография қойылады. Ал компьютерлік томография екі жыл бұрын қойылды.

Қазіргі кезде ауданаралық ауруханалар ашылып жатыр. Мысалы, Түркістан облысында үш-төрт ауданаралық ауруханалар ашылды. Оларға ангиограф аппараттары орнатылып жатыр. Бұрындары жүрекке стенд қою, коронаграфия секілді оталарды жасау үшін бүкіл облыс тұрғындары тек облыстық ауруханаларға қатынайтын еді. Қазіргі кезде мұндай оталарды өзіміздің аудандық ауруханаларда жасауға мүмкіндік туды.

Қазір кардиография, коронаграфия, стенд қою және тағы басқа жүрекке жасалатын шағын оталар аудандық ауруханаларда-ақ жасалады. Сонымен қатар, травматологиялық оталар жасауға көмектесетін С-дуга сияқты аппараттар қойылды. Осыдан аз уақыт бұрын науқастар гипс салмай, сүйектің ішіне бекіткіш таяқша (блокирующий стержень) қою үшін облыстық ауруханаға баратын еді. Қазір мұндай оталарды да жасау біздің құзырымызда.

El.kz: Сонда ауылдық жерлерде де түрлі медициналық аппараттар қойылып, дәрігерлердің қолы ұзарып, емдеу ісі жүйелі жолға қойылды деп есептейсіз бе?

Жансерік Орынбаев: Иә, бұрын қолымызда заманауи медициналық аппараттар болмаған соң, амалсыздан бәрін облысқа жіберетінбіз. Онда өте көп науқастар жиналып, ұзын-сонар кезек пайда болатын. Науқаспен бірге баратын туыстары қаншама? Яғни, қазір халықтың уақыты да, қаржысы да үнемделіп жатыр.

El.kz: Сонда қазір науқастар шалғайдағы орталыққа барып, кезек күтпей,  өз ауылында немесе іргедегі аудан орталығына барып, сапалы емге қол жеткізіп жатыр дейсіз бе?

Жансерік Орынбаев: Барлық аудандарда ондай мүмкіндік жоқ та шығар. Десе де, жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Мәселен, Арыс, Бәйдібек, Отырар, Ордабасы аудандарына ортақ аппараттар Темірлан қаласындағы ауданаралық ауруханасында орналасқан. Ал Шардара, Жетісай, Сарыағаш аудандарына ортақ ауданаралық аурухана Сарыағаш қаласында орналасқан. Сол сияқты Сайрам мен Түркістанда ауданаралық ауруханалар бар. Ал компьютерлік томография аппараттары барлық аудандық ауруханаларда бар. Қазіргі кезде жол көлік апаттары көп болғандықтан, ми шайқалуы, түрлі жарақаттар саны да ұлғайды. Компьютерлік томография аппаратының рентгенмен салыстырғанда құндылығы жоғары. Себебі, мұнда ең ұсақ жарықшақтар (трещина) мен сынықтарды анық көруге мүмкіндік береді.

El.kz: Қазіргі кезде облыстық орталықтардағы ауруханалар мен аудандық ауруханалардың дамуы бірыңғай деңгейге жетті ме? Яғни, медициналық емдеу әлеуеті теңесті ме?

Жансерік Орынбаев:  Иә, солай деуге болады. Алайда, облыстық ауруханаларға талап күшейіп жатыр. Мұнда өзінің нюанстары баршылық. Мысалы, облыстық ауруханаларда ғана жасалатын жоғары технологиялық медициналық көмек (ВМП) арқылы жүзеге асатын оталар бар. Оларға қазір шетелде ғана жасалатын оталарды жасауды қолға алуды тапсырып отыр.

El.kz: Ал ауылдық жерлердегі медициналық пунктерде қандай өзгерістер бар?

Жансерік Орынбаев: Бұрындары медпункт жеке үй немесе сәйкес келмейтін жайларда орналасса, қазір соңғы 10 жылда түгел арнайы жасақталған ғимараттар берілген. Қазір біздің аудандағы соңғы ауылдық медпункт салынып жатыр. Сол құрылыс аяқталса, аудан бойынша бірыңғай типтік медпунктермен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бір дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Сол екеуі бітсе, ауданымыз толығымен жаңа типтегі ғимараттармен қамтылады.

Бұрынғы медпунктер 2 бөлмеден ғана тұрса, қазіргі жаңа типтегі ғимараттар 8 бөлмеден тұрады. Олар стандартқа сай жасалған. Мұнда өзінің ем қабылдау бөлмесі, сынық таңатын бөлмесі, науқас қабылдайтын бөлмесі бар.

El.kz: Қазір дәрігерлер, жас мамандар ауылға, аудан орталықтарына барып жатыр ма? 

Жансерік Орынбаев:  Жасыратыны жоқ, маман тапшылығы бар. Әсіресе, акушер-гинеколог, реанимотолог, педиатр, УЗИ түсіретін мамандар жетіспейді. Алайда, салыстырмалы түрде оңтүстікте маман тапшылығы халық саны көп болғандықтан көп байқалмайды. Ал солтүстік жақта халық саны аз болғандықтан мамандар қажеттілігі туындап отыр.

Қаладағы қолайлы жағдайға байланысты мамандардың көбі ауылға келгісі келмейді. Мәселен, қалада дәрігер бір-екі тұрғын үйді ғана араласа, ауылдық жерде учаскелік дәрігер екі ауылды аралауға тура келеді.

El.kz: Медицина қызметкерлері жетіспей жатса, жастарға дәрігер мамандығын насихаттау керек шығар. Дәрігер болғысы келетін жастар көп пе?  

Жансерік Орынбаев: Көбіне дәрігерлік қызметті отбасылық дәстүр ретінде жалғастырады. Қазір дәрігер болу үшін 5-7 жыл оқу аздық етеді. 9 жыл оқып келген маманның өзі мардымды айлық алмайды. Ол да жастардың бұл мамандықты таңдауларына әсер етеді.

El.kz: Сонда, оларға ұзақ оқу, жалақының аздығы қиындық туғызады ма?

Жансерік Орынбаев: Тек ұзақ оқу емес, айлықтың басқа салалармен салыстырғандағы аздығы да ықпал етеді. Мәселен, енді ғана жұмысқа орналасқан дәрігердің жалақысы – 150 мыңның шамасында.

El.kz: Қазір жалақы жайы қалай? Өсіп жатыр ма?

Жансерік Орынбаев: Жалақы 2018 жылға дейін аз болған. 2018 жылдан бастап жарты жыл сайын қосылып отырды. Ал қазір орташа айлық мөлшері де жақсарды. Былтырғы жылға дейін қосылып келді. Қазір тоқтады.

El.kz: Медицина саласының қызығы, жауапкершілігі туралы айтып берсеңіз. Өзіңіз бұл мамандықты қалай қабылдайсыз?

Жансерік Орынбаев: Мектепте оқып жүргенде «Мамандық таңдау» деген сабақ болатын, сол кезден бастап дәрігерлік мамандықты ұнаттым. Негізі, әр адамның мамандығы өзіне ұнауы тиіс. Сол мамандыққа бейімі болуы керек. Ал ата-ананың немесе өзгенің таңдауымен адам дәрігер бола алмайды. Дәрігер болғысы келген адам біреуге қамқор болғысы келеді, біреуге жақсылық жасағысы келеді. Сондай жаннан жақсы дәрігер шығады. Дәрігер мамандығын сүймеген адам түбінде бұл салада жұмыс жасамай, тастап кетеді немесе жақсы маман болмайды. Жұмыстағы жайттардан айтсам, отадан да әртүрлі көңіл-күймен шығасың. Егер бір науқастың отасы сәтті жасалса, іштей қуанып шығасың. Ал егер мысалы, бір сырқаттың амалсыз аяғын кесу керек болып, ота жасайтын болсаң, тұнжырап шығасың.

El.kz: Бізде «Дені сау ұлт», «Әрбір азамат үшін сапалы қолжетімді денсаулық сақтау» жобалары жасалып жатыр. Осы жобалар туралы не айтасыз? Қандай пайдасы бар?

Жансерік Орынбаев: Қазір біраз жаңашылдықты Еуропадан алып жүрміз. Мәселен, бұрынғыдай карталар қағаз түрінде емес, электронды жүйеге көшті. Медициналық ақпараттық жүйелер барлық жерде қосылған. Алайда оның да кемшін тұстары бар. Мысалы, денсаулық министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өзгеріс енгізіледі деген болатын. Бірақ әлі ештеңе өзгермеді, қаралып жатыр. Айталық, жоспарлы емдеуге жатқызудың талдау тізімі қысқартылады немесе тапсыру уақыты ұзартылуы керек делінген.

Мәселен, науқас порталмен емделуге дейін дәрігерге қаралу керек. Ол үшін алдымен талдаулар тапсырады. Портал ашылуға дейін 15-20 күндей уақыт кетеді. Ал науқас тапсырған талдаулар 10 күнге ғана жарамды. Сондықтан жоспарлы емделу үшін алдыңғы талдау жарамсыз болып, қайтадан талдаудан өтеді. Сол себепті талдаулардың уақытын ұзартуды қарастыру керек деген еді.

Ал талдау тізіміндегі кейбірі мүлде қажет емес. Оларды алып тастау қажеттігі айтылған. Ауылдық жердегі ақпараттық медициналық жүйелердің жеткілікті түрде дамымағаны да қолайсыздық тудырады. Науқас алдымен жалпы тәжірибедегі дәрігерге барып, сол арқылы қажетті маманға тіркелетін. Ал егер Damumed-ті қолдана білсе, тікелей қажетті маманға өзі тіркеле алады. Ол қосымшаны үлкен кісілерге ұялы телефондарына басып бергенімен, оны қолдана білмейді. Егер балалары көмектесе алмаса, олар бұрынғыша өздері келіп, тіркеу орнына жазылып, кезекке тұрады. Онлайн кезекке тұру мүмкіндігін меңгерсе, бәріне өте тиімді болар еді.

Мұнда дәрігерге кезекті де қоюға болады. Қажетті маманның бос уақытын да көре аласыз. Ал бізде кезекті қолдан жасайды. Айталық,  сағат 4-ке жазылған науқас басқа шаруасы шығып, сағат 2-де қабылдауға келіп алады. Солай басқа адамның кезегін бұзып, өздері бүлдіріп жатады. Егер нақты уақытында келсе, 20 минут дәрігер қабылдап, қажетті шараларын жасар еді.

El.kz: Денсаулық саласында тағы қандай іс-шаралар жасалып жатыр? Емдеу тәсілінде қандай жаңашылдықтар еніп жатыр?

Жансерік Орынбаев: Қазіргі кезде облыс, республика деңгейінде мамандарды шетелде оқытып, білімін жетілдіру қарқынды жүріп жатыр. Бұрын жүрек немесе бүйректі ауыстыру тек шетелде немесе Астанада жасалатын. Ал қазір бұл оталар бүкіл облыста жасалады. Тіпті бауырды да ауыстыру отасы жасалып жатыр. Шетелден тәжірибе алмасып келген мамандар басқаларды үйретуде. Олар тек Ресей емес, Түркия, Израиль, АҚШ-қа да барып, тәжірибеден өткен. Біздің аудандық ауруханада да АҚШ-та бір ай оқып, тәжірибе алмасып келген хирург, гинеколог сияқты мамандарымыз бар. 

El.kz: Демек, облыс қана емес, ауылдық дәрігерлер де шетелге барып, тәжірибе алмасуына мүмкіндігі бар ма? Бұл ауыл медицинасын дамытуға қаншалықты ықпал етеді?

Жансерік Орынбаев: Әрине! Қазіргі кезде аудандық ауруханаларда дәрігер отаның кез келген бір түрін жасаймын десе, өзіне сенімді болса, қажетті құжаттар тізімін міндетті әлеуеттік мемлекеттік сақтандыру қорына өткізеді. Егер қор құжаттарды растаса, облыс, республика көлемінде жасалатын оталар сол аудандық ауруханада жасауға қажетті аппараттармен қамтамасыз етеді. Бұған дәрігердің біліктілігі, білімі жеткілікті болуы тиіс. Қазіргі аудандық ауруханалардың жағдайын осыдан 10-20 жыл бұрынғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Қазіргі қажетті жабдықтар өте жақсы деңгейде жасақталған.

El.kz: Әңгімеңізге көп рахмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: