Жансая Әбдімәлік карьерасын аяқтауға қатысты пікір білдірді

4 Сәуір, 11:41 1107

Қазақстандық танымал шахматшы Жансая Әбдімәлік карьерасын аяқтауға қатысты және командалас әріптесі Бибісара Асаубаевамен қарым-қатынасы жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл турнирлерге қатыспаймын деп шештім, маусымда өнер көрсетпеймін. Дегенмен карьерамды аяқтау туралы нақты шешім қабылдаған жоқпын, - деді Әбдімәлік.

Жансая бұған дейін 2023 жылғы қыркүйекте жарысқа қатысқан. Ол кезде Әбдімәлік Асаубаевамен бірге Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында бақ сынады. Жекелей сында Бибісара алғашқы бестікке енсе, Жансая жетінші орынға тұрақтады.

Осыдан бірер күн бұрын Асаубаеваға KazChess Awards марапаттау рәсімінде қомақты қаржы табысталды. Осы орайда Жансая 20 жастағы әріптесімен қарым-қатынасы жайлы сұраққа да жауап берді.

Бибісарамен араласпаймыз, бұған дейінгі қарым-қатынасымыз қалай болса, сол күйі қалды, - деді ол.

Әбдімәлік 2014 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанса, 2017 жылы халықаралық шебер, 2021 жылы гроссмейстер атағына қол жеткізді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: