Жансүгір батыр

28 Шілде 2014, 09:20

Жансүгір батыр – Қойлы Атығай Баубек батырдың баласы. Баубек бабамыз шамамен 1690 жылдары туып, 1760 жылдары дүние салған.

Жансүгір батыр – Қойлы Атығай Баубек батырдың баласы. Баубек бабамыз шамамен 1690 жылдары туып, 1760 жылдары дүние салған. Қалмақтармен жойқын  соғыста  атақты Қожаберген жырау, кейінірек Бөгенбай батырдың жасақтарының мыңбасшысы болса керек. Баубек батыр қартайған шағында бәйбішесі Мысықтан Жансүгірді көреді.

Жансүгірдің батырлық атағы 17­18 жасар кезінде шығады. Үш жүздің баласына жан­жақтан жау анталап, түстіктен Қоқан қоқаңдап, теріскейден орыстың назары ауа бастаған кез. Осындай бір кезде Баубектің ескі досы Қараман батыр жасағымен келіп: «Мына жорыққа сарбаздарыңа бас етіп кімді жібересің?» – деп алдынан өтеді. Баубек ұлы Жансүгірді атапты. Содан бұл жасақ құба қалмақпен болған шайқастарда үлкен жеңістерге жетеді. Жансүгір батырлығымен көзге түседі. Басына бақ қонып, абыройы аспандай бастайды. Жансүгірдің жанында өзімен аталас Төлебайдан тараған Мыр­ затай, Жиестен Сарыбай сияқты үзеңгілес серіктері болады. Бұл батырлар елін де, жерін де жауға бермей, тек бірлікті, татулықты ойлаған.

Жансүгір  батырдың  туған,  өлген  жылдарынан  ешқандай нақты деректер жоқ. Оның өмір сүрген кезеңі шамамен 1700 жылдардың соңғы ширегіне сай келеді. Атығай ұранды жалпақ елдің жауға бастар ұраншысы Андықожа, Баубек батырлар  екен.  Екеуі  – бір­біріне  немерелес,  аталас  жандар. Бұлардан кейінгі қол бастар батыр Жансүгір болады. Атығай ішіндегі Жиес елінен шыққан Сарыбай батырмен тізелес жаугершілікке бірлесіп аттанады екен, әрі екеуі – жан аяспас достар. Кейін заман тыныштала бастаған кезде Сарыбай батыр:

«Жәке, өзіміз болсақ қартайдық. Ұрпағымызға бір қоныс тауып тұрақтайтын орын керек қой. Кейінгі ұрпаққа мұра болып қалар жерді қалай бөлеміз?» – дегенде Жансүгір: «Жиес атаның балалары, оңтүстігің – Азат, батысың – Жамантау, солың Назға дейін болсын. Құдайқұл атаның ұрпағы, Асан­қайғы атамыз айтқан «Жүз кетпес, мың бітпес» деген Жолдыөзек бойына қоныстансын», – деп екі елдің тұрағын бөліпті. Жансүгірдің тағы бір жанындағы досы – Нұрым атты ақын кісі. Ол жорыққа шықса да, елде болса да, іргелес қонып, бірге жүріпті. Оның Тереңкөл көлінің құбыла бетіндегі шоқ теректің бауырында мешіті болыпты. Нұрым дүниеден өтерінде өзін жерлейтін жерді айтып осы араны көрсетеді.

Нұрым ақынның негізі – естек. ХVІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың бас кезінде Есіл бойына келіп орнаған естектерді қуып тастағанда қазаққа үйленген бір естек ағайын қалып қойыпты. Содан туған Нұрым, қазақтың жиені, жас күнінен батырдың жанында айырылмас дос болып өскен. Алғашқы жастық жалын, лапылдаған жігер көңілдерін көкке өрлеткен кездерінде Әлмембет Мырзабай батыр, Жансүгір батыр, Нұрым ақын үшеуі Кенесары Қасымұлы қол жинап жатыр дегенді естіп, соған барып қосылады. Онда бірер жыл болып, әлдебір себептермен елге оралып, ел басқару ісіне кірісіп, Жансүгір би дәрежесіне дейін көтерілген.

Кейін Жансүгір батыр өлерінің алдында өсиет етіп, өзін досының жанына жерлетіпті.

Қызыл империяның идеологиясы солқылдай бастаған кезде ел ес жиып, өткенімізді еске ала бастағанда ұрпақтар Сексен Исаұлы, Ескендір Мырзатайұлы ақсақалдар орны жоғалмасын деп қолдан құйып, бір белгі қойыпты. Ол сол қалпы әлі тұр.

Алқаағаш ауылының тұрғыны Молдахмет Сұрағановтың айтуынша: «Жансүгір Баубекұлының туған және қайтқан жылдары туралы нақты дерек жоқ. 1800 жылдардың басында туып, 1880 жылдары кезінде дүниеден өткен болуы керек. Олай дейтінім – біздің Қойлыатығай тұрғындары Есіл өзені бойынан орыс отаршыларынан қуғын көріп «Жолдыөзек» (елдің қазіргі мекені) жеріне көшіп келген соң, 1888 жылы менің әкем Сұрағанның әкесі Әбдірақым 43 жасында қайтыс болып, осы маңайдағы жалғыз зират – Жансүгір мен Нұрым ақынның жанына жерленіпті» (Молдахмет Сұрағанов. Ауылым – алтын бесігім. – Қызылжар, 2010. – 62-бет).

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: