Жанкісі жырау

28 Шілде 2014, 09:19

Жанкісі Көшекұлы 1736 ұлу жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Гүлтөбе­Маманай деген жерінде дүниеге келеді.

Жанкісі Көшекұлы 1736 ұлу жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Гүлтөбе­Маманай деген жерінде дүниеге келеді. Сол туған жерінде 1817 сиыр жылы қайтыс болады. Руы – Орта жүз Ашамайлы Керей ішіндегі Көшебенің Таузар тайпасынан. Жанкісінің әкесі Көшек Асқапұлы (1695­1783) да 1723­1758  жылдар  арасындағы  жат ел басқыншылығына қарсы азаттық соғысқа қатысып, қол бастап батыр, сардар атағын алған адам. Ол жөнінде атақты Қожаберген жырау Толыбай сыншы ұлы (1663­1762) өзінің 1723  жылғы  «Ақтабан  шұбырынды»  оқиғасына  шығарған «Елім­ай» дастанында:

 

Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер,

Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер.

Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек

Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер, – деп жырлайды. Бұл жырдан соғысқа Жанкісі мен Көшектен басқа батырдың атасы Асқаптың да қатысқанын көріп отырмыз. Көшек батырдың соғыстағы ерлігін Қожабергеннен басқа Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Бұқар, Жанақ (үлкен Жанақ), Көтеш есімді ақындар да жырға қосқаны белгілі.

Қожаберген, Дәстем сал, Сегіз сері, Жанақ сияқты Жанкісінің әкесі Көшек батыр да Қарабас би тұқымынан ертеде аты елге белгілі көп ақын­жыраулар шыққан екен. Көшек батырдың өзі Кіші жүзге күйеу екен, ол белгілі Сырым Датұлының апасы Ақбота сұлуға үйленген. Біз  сөз  етіп  отырған Көшектің көп баласының бірі Жанкісі осы Ақботадан туған. Жанкісі Көшекұлының өмірі өте қиыншылықпен өтеді. Өйткені, ол қалмақпен жаугершілік тұста өмір сүрген. Жоңғар басқыншылары тізе бүккеннен кейін ол Бұқара шаһарындағы медреседе оқып білім алады. Ақындық, жыршылық өнермен айналысады. Жоңғар мен Еділ бойы қалмақтарының шапқыншылығына қарсы азаттық соғысына белсене қатысқан жауынгер ақын екен. Жанкісі сонымен  бірге әлгі айтқан соғыста Қожекеұлы Бөгенбай батырдың (1698­ 1759) жасағында болып, талай­талай жорыққа қатысқан және халықты бостандық жолындағы күреске шақырып, үгітшілік қызмет атқарған. Ол өзінің тұсында шығарған бір өлеңінде:

 

Мен Таузарда Жанкісі,

Жырыма құмар әр кісі.

Ұран сап атқа мінгенде

Соңыма ерген бар кісі.

 

Жау келгенде жасқанбау –

Батырлықтың белгісі.

Мирас болған біздерге

Бабалардың үлгісі, – деп жырлайды. Жанкісі жырау Көшекұлы жас жігіт кезінде өз аталасы Орта жүз Ашамайлы Керей Бақсары батыр Райжанұлы (1683­1778) ордабасының мыңбасшысы болып, Еділ­Жайық бойын қалмақ басқыншыларынан азат ету жорығына қатысады.

Жорықтан еліне жеңіспен оралған кезінде Ырғыз өзені бойында түрікпендер шауып кеткен бірнеше ауылдың үстінен шығады. Шапқыншылыққа ұшыраған  ауылды көрген ақын осы жолы өзінің «Бақсары батыр» атты дастанын шығарды.

Жанкісі Көшекұлының Бөгенбай батырға арнаған шығармаларымен  қоса  Қожаберген  жыраудың  інісі  Бердіқожа Тобышұлына арнаған «Бердіқожа батыр» атты белгілі дастаны  бар.  Жанкісі  ақынның  бұдан  өзге  де  «Абылай  хан», «Тұрсынбай батыр», «Тайлақ мерген», «Ер Сырым», «Батыр Жайнақ», «Ер Ақпанбек», «Азат батыр» атты жыр­қиссалары, өзінің кім екені жайында өлеңі және басқа жыр мұралары ел аузында көп сақталған. Бұлардың дені, әсіресе Қызылжар, Омбы өңіріндегі Қорған, Түмен, Свердловск облыстарындағы қазақтар арасында кеңінен тарағанын айта кетуіміз керек.

Жанкісінің әкесі Көшек батыр атақонысы Гүлтөбе­Маманайда 1763 жылы қаза болғанына бір жыл толған Қожаберген бабасына арнап ас береді. Ол асқа Абылай хан, Бұқар жырау, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш жыраулар қатысады. Жанкісі ақын осы аста Қожаберген бабасына арнап ұзақ жоқтау жыр шығарған.

Бір айта кететін нәрсе, аты елге кеңінен танымал ауыз әдебиеті дүлдүлдерінің бірі осы Жанкісі  шығармаларының әлі күнге дейін жиналып, толық зерттелмей келе жатқаны. Жанкісінің Мақпуза есімді әйелінен Салғара, Зілғара, Шопан, Орхан, Бұрхан атты бес ұл туады. Осы бесеуі де найзагер, мерген, палуан болғандықтан оларды арқа елі «Жанкісінің бес қасқасы» деп атаған. Бұлардың ішінен Жанкісінің үлкен ұлы Салғараның атақты ақын, композитор болғаны жұртқа белгілі. Оның «Жиырма бес», «Тоқсан бес» атты өлеңдері қазақ елінің тұс­тұсына кеңінен тараған. Осы Жанкісі Көшекұлының өзге балаларының да өнерлі болғанын ел аузындағы деректер дәлелдейді.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу: