Жанкелді ШЫМШЫҚОВ: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі үлкен маңызға ие деп есептеймін»

12 Сәуір 2016, 11:13

Адамзат тарихындағы түрлі қақтығыстардың түпкі себебі — өмір сүруге, тіршілік етуге қажетті игіліктерге таласу. Экономиканың өзі осы игіліктер мен ресурстардың шектеулі, ал адамзаттың қажеттілігінің шексіздігінен туындайды.

Жанкелді ШЫМШЫҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор: 

Адамзат тарихындағы түрлі қақтығыстардың түпкі себебі — өмір сүруге, тіршілік етуге қажетті игіліктерге таласу. Экономиканың өзі осы игіліктер мен ресурстардың шектеулі, ал адамзаттың қажеттілігінің шексіздігінен туындайды. Табиғат, жер ресурсы, капитал ресурсы, еңбек және кәсіпкерлік ресурстары қоғам мен оның мүшелерінің қажеттіліктерін өтеуге қауқары жетпегендіктен көрші мемлекетке көз алартып, соғыс ашады. Жер бетіндегі шикізатты алпауыт мемлекеттер арасында әділетсіз бөлісу — аяғына енді тұрып келе жатқан елдердің дамуын кешеуілдетіп тұр. Дүниежүзілік қарым-қатынастарда экономикалық мүдделер теңдемелік ұстаныммен шешілмейінше — соғыссыз әлем мүмкін емес. Соғыс болмауы үшін — саяси, экономикалық теңдік қажет. Бұл жағдайды терең түсінген Елбасымыз «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде тереңінен талқылайды. Әуелі дүниежүзінде экономикалық тұрақтылық пен біркелкілікке қол жеткізу қажет. Бұл халықаралық келісімдердің басты мақсаты.  

Батыс экономистерінің бір қызық теориясы бар. Оның астарында біраз шындық жатыр. Кезінде Наполеон Бонапарт бүкіл Солтүстік Африканы жаулап алды. Француздар, испандықтар, португалдар қара нәсілділерді құл қылып сатып, көп қорлық көрсетті. Байқасаңыз осының арқасында қазір еуропаның тұрмысы ол мемлекеттерден үш есе артық. «Кезінде ата-бабаларының көрсеткен қорлығына жас ұрпақ жауап беруге тиіс» деген ұстаныммен қазіргі уақытта қаншама босқын еуропаға келіп тұрақтап жатыр. Бұл жағдай соғыстың салдары қаншалықты терең болуы мүмкін екенін айқын көрсетеді.

Кез-келген саяси оқиғаны келіссөз арқылы шешуге болады. Демек, біздің елдің саяси аренада ұстанған бағытымыз дұрыс. Бұл тұрғыдан алғанда Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі үлкен маңызға ие, тарихи оқиға деп есептеймін.   

Бөлісу: