Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегіне қатысты тағы бір жайт анықталды

4 Қараша, 13:49 449

WBO Жәнібек Әлімханұлы (16-0, 11 КО) мен Хамза Шираз (21-0, 17 КО) командалары арасындағы келіссөздер мерзімін тағы ұзартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса, бұған дейін ұйым екі тараптың келісу мерзімін 23 қазаннан 4 қарашаға дейін созған, ал бүгін 11 қарашаға дейін тағы ұзартқаны белгілі болды.

Әлімханұлы американдық Top Rank-тың, ал Шираз британиялық Queensbury Promotions-тің қарамағында жаттығады, ал бұл екі компания – бизнес-серіктестер.

Queensbury бұған дейін Шираздың жекпе-жегіне қатысты келіссөздер жүргізбеген тәрізді, себебі олар соңғы апталарда бірқатар боксшының келісімшарттарын ұзартумен айналысты, олардың арасында Хамза да бар. Одан қалды ұйым ТВ-серіктесін өзгертіп, бұдан былай DAZN-мен жұмыс істейтін болды.

WBO регламенті бойынша, егер тараптар келісе алмаса, онда айқас тағдыры промоутерлік саудада шешіледі. Әлімханұлы мен Шираздың жағдайында ең төмен баға 200 мың доллар болмақ.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: