Жаңғақтың қандай пайдасы бар?

12 Қаңтар 2017, 15:10 18926

Таптырмас дәрумен

Қазан айының соңына қарай пісіп-жетіле бастайтын жемістің бірі – грек жаңғағы. Тұқымы Грекиядан әкелінгендіктен осылай аталып кетсе керек. Ғалымдардың пікірінше, күнделікті рационға жержаңғақ, кешью және бразилиялық жаңғақтарды қосу арқылы жүрек дертіне шалдығу қаупін  30% төмендетуге болады.

Жаңғақ бүйректі қуаттандырып, өкпені тазалап, ішекті дымқылдандырады және дене әлсіздігіне, бел сыздап ауырғанда, бас айналып, құлақ шыңылдағанда да пайдалы. Ол үшін жаңғақ дәнінен 600 грамм, қара бұршақтан 300 грамм талқандап, балға араластырып, күніне 2 реттен ішеді.

Қазіргідей күн суыта бастаған кезде балалардың тамағы жыбырлап, жөтелетіні бар. Осындайда жаңғақтан «дәрі» жасап жіберсеңіз жақсы. 500 грамм ұнтақталған грек жаңғағының дәні мен 300 грамм бал, 100 грамм алоэ және 4 лимонның шырынын сығу керек. Осыларды жақсылап араластырып, күніне үш рет тамақтан жарты сағат бұрын балаға шай қасықпен беріп тұрсаңыз жөтелді қуады, бронхиттің бетін қайтарады. Сонымен қоса ағзаны «жаулаған» суықтан да арылады.

Мамандардың айтуынша, жаңғақ дәнінің құрамында 55-77% май, 18-21% белок, 5-6% көмірсутегі, В1 витамині мен А провитамині бар. Одан бөлек 1500-1200 микрограмм С витамині болады. Жаңғақтың суықтаудан болатын кеселдерді келмеске қуатыны осы витаминдерінің арқасында.

Жаңғақ ми қызметін күшейтетін қасиетке ие. Күнде таңертең ашқарынға 1-2 дана жаңғақ жеп жүрген адам алғыр, зейінді болады деседі. Грек жаңғағының майын қабынуға қарсы, атеросклероз бен жүректің ишемиялық ауруларына, тіпті қатерлі ісікке қарсы қолдануға болады. Ағзаны қалпына келтіруден алдына «жан» салмайтын бұл майды көптеген операциялар мен дерттерден кейін қолданса, тіпті керемет. Терідегі алуан түрлі жара, күйік, тартылып, қабықтанбай жүрген үлкен жаралар мен терінің жарылуы кезінде де жаңғақты езіп, майын жағуға болады. Ал ұнтақталған дәнін балмен теңдей мөлшерде араластырып, күніне 3-4 рет, 25-30 грамнан жеп жүрсе балалардың иммунитетін көтеріп, күш-қуат береді. Ол жүкті әйелдерге, қаны аз адамдарға да өте пайдалы. Бұл қоспаны гипертония, анемия, атеросклероз, бауыр, бүйрек, асқазан, жүрек-қан тамырлары ауруларына, сондай-ақ еңбек пен ақыл-ой қабілетін арттыруға да қолдануға болады.

Негізі жаңғақтың өзі ғана емес, жапырағы, жас тамыры, тіпті дән арасын бөліп тұрған жұқа «қабырғасы» да денсаулықты түзеуде таптырмас тұнба бола алады. Дегенмен осының бәрі де балмен араластырып жегенге жетпейді.

Мысалы, кептіріліп, ұнтақталған жаңғақ дәнінің бір қасығын жарты литр суға салып, 1-2 минут­ қайнатып, бір тәулік тұндырып, күніне 30 грамнан үш рет үзіліссіз 2-3 ай ішіп жүрген адам қант диабетінен айығатын көрінеді.

Соңғы зерттеулер күніне жаңғақтың бір порциясын пайдалану - жүрек ауруларына шалдығу қаупін едәуір қысқартатынын көрсетіп отыр. Сондай-ақ, жаңғақтар онкологиялық аурулардың алдын алуда да 10% пайдасы бар.

Зерттеушілердің пайымдауынша, жаңғақтың құрамындағы пайдалы заттар организмді холестериннен арылтуға септеседі, яғни түрлі дерттердің пайда болу қаупін бәсеңдетеді.  Сарапшылар жаңғақтарды көбірек пайдалануға кеңес береді.

Грек жаңғағы – көп жылдық жемісті өсімдік. Орта Азия мен Кавказда өседі. Сәуір айының ортасында гүлдеп, жемісі қыркүйекте піседі. Халық медицинасында оның тамырын, дәнін, қабығын, жапырағын көптеген ауруға ем етіп ертеден пайдаланып келеді.

Бөлісу: