Жанға батар жарақат

3 Шілде 2019, 12:16 14321

Ол асыққаннан және сабыр сақтамағаннан әртүрлі кездейсоқ апаттар мен залалдардан пайда болады

Жаз маусымында көптеген адамдар отбасы және достарымен табиғат аясына демалуға асығады. Әрине, демалысты көңілді өткізген жақсы. Бірақ, үйде және емдеу орталықтарынан алыс жерлерде күтпеген жерден жарақат алып қалатын сәттер де кездеседі. Сол үшін түрлі жарақаттардан сақтану жолдары мен алғашқы көмек шараларын білген дұрыс. Осыған байланысты, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КЕАҚ) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы мен «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ)» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (РМК) мамандарын сөзге тартқан едік.

 

Көбіне жабық жарақат кездеседі. Ал ашық жарақат барлық жарақаттың ішінде  10-15%, кейде 20 пайызын ғана қамтиды. Әрбір сынық пен жарақаттың өзіндік белгілері бар. Ең бірінші көңіл аударатын нәрсе – ауыру сезімі.

Жарақат алған жер – ауырады, сырқырайды. Мөлшерден тыс жарақат қатты болса, жараның болған жері және сынған жер орнынан ығысып кетіп, көзге қатты көрініп тұрады. Адамның қол-аяғы сынып, қисайып та кетеді. Қисайғанын көрсеңіз шығып немесе сынып кеткен, сондай-ақ орнынан ығысқаны деп ойлай беріңіз. Кейде науқастар дәрігерге тездетіп барамыз дейді де, балаларды ересектер ауруханасына немесе ересектерді балалар ауруханасына әкеліп, уақытын өткізіп алып науқасты әбігерге түсіріп жатады.  Мұндай жағдайорын алмас үшін жедел жәрдем көмегі, бұрынғы 03 немесе қазіргі 103 нөміріне телефон шалғаны дұрыс.  Сабыр сақтау қажет! Асығам деп жүріп, жағдайды одан сайын ушықтырып алмау керек.

Жарақаттардың алдын алу, сақтану үшін қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған жөн. Жарақат бөлімшесінде түрлі науқастарға көмек көрсететін дәрігерлер, әсіресе, асығыстық салдарынан, жол ережелерін сақтамаудан тұрғындардың аяқ асты ауыр халде ауруханаға түсетін жағдайлары өте көп.

 

Осыған байланысты, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова мынадай қарапайым қағидаларды ескеруге кеңес береді:

«Жарақат асыққаннан және сабыр сақтамағаннан болады»

«Көптеген адам асығып жүреді. Жүгіріп, аяқтары қайырылып та жатады.  Әйелдерге кеңес: биік өкше кию керек. Бірақ оның киетін мерзімі мен өлшемі бар. Ортопедиялық биік өкше аяқ киім 2 см-ден биік болмауы керек. Өкшесі жоқ аяқ киімді кимеген абзал. Кемінде 0,5 см, 1 см немесе 2 см өкше болуы қажет. Сәнқойлықты бірінші орынға қоятын көп әйелдер биік өкше киіп құлап, қол-аяқтарын сындырып жатады. Егер де аяқ-киім дұрыс таңдалмаса, осындай жағдайларға душар болып жатады. Көрдіңіз бе қалай?

Жарақаттардың арасында кең таралып келе жатқан өндірістік және жол бойында орын алған жарақаттар бар. Соның барлығы асыққаннан және сабыр сақтамағаннан болады».

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетованың айтуынша, 2019 жылы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ және «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» РМК 3 млрд теңгеден астам сомаға келісімшарт жасады. Одан бөлек жарақат бекетінде  науқастарға шұғыл түрде көрсетілетін медициналық, консультативтік-диагностикалық қызметтерге 65 млн. аса теңге қаржы бөлінген.

Ал табиғат аясындағы демалыс, серуен кезінде және далалықтағы жұмыстар уақытында денеге кене жабысты делік. Мұндайда не істеген дұрыс?

 

Кене шақса...

«Кене шаққан адам кейде кенені өзі алып тастайды, бірақ кененің басы мен тырнақтары адам денесінде қалып қояды. Солай болмас үшін дәрігерге, жарақат пункттеріне барған дұрыс. Бірінші көмек: кене шаққан жерді қозғамай, кененің үстіне май тамызу керек. Кенеге ауа бармайды да, кене тұншығып өледі. Сосын қозғамай, май тамызған күйінде дәрігерге көрінген абзал. Кененің шаққан ең ауыр асқынуы – кене энцефалиті. Оның емделуі өте ауыр. Сондықтан, мұндай жағдайда міндетті түрде дәрігерге көріну қажет», - дейді  Ж.Үмбетова.

Мамандардың айтуынша, кене энцефалиті туралы ақпарат жалпы республика тұрғындары үшін сақтандыру бар. Сондай-ақ, көптеген науқас дәрігерге кене шаққанда кезде сабырын тауысып, абыржып келеді. Аумақтағы кенелерден энцефалит жұқпайды десе де, кене шаққан адам жарақат бөліміне келуі қажет. Кенені алып, жарақаттың айналасын өңдеп, сүртіп, тазалап береді. Сосын ары қарай санитарлық-эпидемиологиялық станса лабораториясына жіберіп, тексереді.

Медицина ғылымдарының кандидаты, «Травматология және ортопедия» ҒЗИ №5 жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Нағмет Қапанұлы Мұрсалов жарақатқа байланысты мынадай ойымен бөлісті:

«Жалпы зақымдану жарақаттары көп болады. Мәселен, құлағаннан кейін аяқ-қолдар сыну, шығып кету, сіңірлердің созылуы мен аяқ- қолдар, кеуде мен ішкі органдарды өткір заттардың кесіп кетуі. Қазіргі таңда, өкінішке орай жыртылған жарақаттар мен күйік жарақаттары көптеп кездеседі. Адамдар асығыс жүріп не ішімдік ішіп, жол ережелерін сақтамау салдарынан жиі орын алатын жол апатынан ауыр жарақаттар алып жатады. Кейде жарақаттар жабық жағдайда болады. Мұндайда ең алдымен сабыр сақтау керек».

Елдімекен және емдеу орындарынан алыс жерлерде жарақаттанған жағдайда көрсетілуі тиіс алғашқы көмекке байланысты медицина ғылымдарының кандидаты, №5 жарақат бөлімшесінің меңгерушісі  Нағмет Мұрсалов былай дейді:

«Алғашқы көмек – ауырғанды басу. Екінші көмек – ауырған жерді байлап, таңып тастау. Мысалы қолы, иығы, шынтақ сүйек және шыбық сүйектері сынған жағдайда «орамал байлам» әдісімен  қолын байлап, мойнына асып қою қажет. Аяғы сынып жатса, аяғына шендеуіш (шина) салу керек. Aлыс жерлерде тұратын науқастарда медициналық шендеуіш табылмаса, қолда бар заттан шендеуіш жасауға болады. Мәселен, ағаштың тақтайшалар немесе бірнеше қабат картон салып қоюға болады. Сондай-ақ, қол-аяқты орап, таңып тастау қажет. Сосын медициналық мекемеге алып барып, рентген жасап көру керек. Сынық па, шыққан ба немесе әлдебір жерлерде жарақат бар-жоғын қарап, анықтап және тексеріп, жарақатына қарай  дәрігердің кәсіби көмегі көрсетілген дұрыс».

 

Қандай да бір жарақатқа суық басу қажет

Дәрігер осы қағиданы есімізге салады. Жарақаттанған науқас алдымен жарақат бекетіне жіберілетіндіктен маман алғашқы көмек кезінде, әсіресе, қан тоқтамаған жағдайда қателік жібермеуді де ескертеді. Олар:

Сіңірдің созылуы, сүйектердің сынуы, т.б. жарақаттар. Бұлардың бәріне суық басу керек. Қол-аяқты, бармақты қимылдатпай, орап тастау қажет. Үй жағдайында жарақатқа суық басып, бар болса ауырсынуды басатын дәрі ішіп, сосын дәрігерге қаралу керек.

– Егер қанаған, кесілген жер болса, сабыр сақтау қажет. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, дәке орамымен қысып, байлап тастау керек. Кейбіреулер резеңке таңғыш (жгут) салады, ол  дұрыс емес. Резеңке таңғышты артерия қан тамырынан қан тоқтамағанда салу керек. Артерия жарақаттанғанда қан бір метр жерге дейін атқылайды. Сондайда ғана резеңке таңғыш салу керек. Егер жай кесіп кеткен жарақаттар болса, дәкемен қысып байлап тастаса, сол жеткілікті. Сосын дәрігерге, жарақат бөліміне келеді. Біз жәрдем береміз.     

- Ал күйген жағдайда, ең бірінші, таза сумен шайып таңғыш салу керек. Күйгенде йод, зеленка дегенді пайдалануға болмайды. Олар өздері күйдіріп жібереді. Тек қана сутегі тотығы (перекись водорода), фурацилин сияқты ерітінділерді пайдаланып,  күйген жерді тазалауға болады. Сосын қайтадан бинтпен орап тастау керек.

Жаз мезгілінде ыстық өту және түрлі жәндіктер шағу жарақаттарына шағымданатындар саны артатыны белгілі. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Әрине, бастысы абыржымау керек. Сонан соң дәрігер кеңесін тыңдау қажет. Ата-бабаларымыз қолданған қорғану тәсілдерін мысалға ала отырып Нағмет Қапанұлы көпшілік ескере бермейтін мынадай жәйттарға көңіл аударды:

- Бірінші кезекте, ыстық өтпес үшін қалың киіну керек. Адам қалың, қабат-қабат киінгенде, ауа өтпей, ішіндегі өзінің температурасын ұстап тұрады. Салқын күйінде киінді ме, сол салқын күйінде, қабат киіммен ыстықтамай жүре береді. Қарап отырсаңыз, жұрттың бәрі мұны дұрыс емес деп ойлайды. Керісінше, ыстықтағанда шешіне бастайды ғой. Шешіне бастайды да, дене күнге күйіп кетеді одан сайын. Күннен, ыстықтан соққы алады. Осылай болмас үшін киімді шешпей, керісінше қалың киіну қажет. Шындығында да солай!

 

Жылқының иісі бар жерге жылан жақындамайды

Қазір жәндіктер шақпас үшін антипеспиранттар шашады. Иісі жәндіктерді қорқытады. Жәндіктер жақындамайды. Сондай-ақ, масаға қарсы денеге жағып алатын дәрілер де бар. Соларды қолданған дұрыс болады. Мысалы, қазақтар жыланнан қорғану үшін үйді айнала жылқының тезегін шашып жатқан. Жылқының иісі бар жерге жылан жақындамайды. Жыландарды жылқы аяғымен таптап тастайды. Сол үшін жылан жылқыдан қорқады. Жылқы бар жерге және жылқының тезегі болған жерге жылан келмейді. Жылқының тезегінен құмырсқалар да қашады.

Сыртқы жарақаттардың енді бір түрі – күйік жарақаттары. Күйіп қалған жағдайда қалай әрекет ету керектігі жайында жарақат бөлімінің меңгерушісі Н.Қапанұлы өз ойын білдірді:

«Соңғы кездері күйіп қалу, әсіресе, кішкентай балалардың арасында көп кездесіп жүр. Ол енді біздің әлеуметтік қамсыздандырудың нашарлығынан. Мысалы, көп үйлерде жылы су тағы басқа жағдайлары жоқ. Суға түсу үшін суды ысытады. Сол ыстық суға бала ойнап жүріп түсіп кетеді не төгіп алады, шәйнекті төңкеріп алады. Шәйнек, шелек, қазан секілді ыстық заттар баланың қолы жетпейтін жерге қойылмағандықтан және техникалық қауіпсіздік шаралары сақталмағаннан болатын жарақаттар. Медициналық көмек жағына келсек, күйгеннен кейін күйген жерді жуып-шаюдың керегі жоқ. Біріншіден, күйікті салқындату керек. Ыстық температураға қарсы салқын температураны қолдану қажет. Салқын су, стерильденген болуы міндетті емес. Тоңазытқышта салқын зат болса, сол салқын затты басу керек. Екіншіден, ауырғанды басатын дәрі беріп, сосын жедел жәрдем шақырып, ауруханаға баруға қажет. Сондай-ақ, күйік жарақатын емдейтін дәрігерге  көрінген дұрыс».

 

Сапарға шыққан жолаушының дәрі дәрмек қобдишасында қандай дәрілік заттар болуы керек?

«Жарақаттарға қолданылатыны: ауырсынуды басатын дәрілер, стерилденген дәке және йод.  Ескерте кететін бір жәйт, йодты жарақаттың өзіне тигізуге болмайды. Тек айналасын ғана тазалап, сүрту қажет. Сонан соң дәкемен орап, медициналық жәрдем беру орнына барған жөн. Онда тігетін жері болса тігіп, шығып кеткен және сынған сүйектерді орнына келтіріп таңады. Сондай-ақ, жараланған жерлерді жуып, тазартып, таңғыш қояды. Сіреспеге (столбнякқа) қарсы екпе жасайды, яғни кәсіби көмек көрсетіледі», - дейді маман-дәрігер Нағмет Мұрсалов.

Бастысы, жарақаттан абай болыңыз! Жарақаттана қалып, жаныңызда ешнәрсе табылмаса сабырлы болыңыз. Суық нәрсе басыңыз және дәрігер кеңесіне жүгініңіз!

(Суреттер автордың жеке мұрағатынан және aшық ғaлaмтop көзiнeн алынды)

Руслан БЕГЕН
Бөлісу: