«Жанды суреттен» көркемфильмге дейін...

26 Қараша 2021, 13:22 6416

Қазақстандағы кино өндірісінің қалыптасу тарихы

Кино – бұқараға кең тараған өнердің ең озық түрі. Қазақстанда бұл саланың дамуы өткен ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Қазақстанда 1917 жылы барлығы 20 киноқондырғы ғана болған. Бұлар Алматы (Верный), Семей, Ақтөбе қалаларында орналасқан. Алматыда алғашқы кинотеатр 1910 жылдары ашылған, оны Омбыдан ақша іздеп, баюды көздеп келген белгісіз Фабри деген адам ашып, «Марс» деп атапты. Ол Стекольников деген байдың үйін жалдап алған. Осы үйде 1910 жылы 22 маусымда алматылық тұрғындар алғаш рет кино көрді. Бұл туралы Б.Масатов «Қазақ киносы тарихынан» жинағында кеңінен айтып өтеді.


 

1919 жылы 27 тамызда кино өнерін дамыту жөніндегі РСФСР-дың халық комиссарлар кеңесінің декреті қол қойылды. Бұл декрет кеңестік заман киноматографиясының іргетасы қалануына басты көмек болды. Кеңес өкіметінің алғашқы күні-ақ «Көсемдер» киноөнерінің, кең халықтық мінез-құлқын көрсете келіп, оның еңбекші бұқараның мәдени деңгейін көтеруде және бұқараға болашақта идеялық тұрғыдан зор маңызы бар екендігін атап көрсетті. 1922 жылы В.И.Ленин А.В.Луначарскиймен кеңесінде еліміздің кино өнерінің маңызы туралы «барлық өнердің ішінде біз үшін ең маңыздысы — кино» деп атап өтті. Басқарушы ортаның үлкен қамқорлығы арқасында кеңестік киноматография социалистік мәдениеттің негізгі саласына айналды. Кино біздің елімізде ең көп тараған, халықтың сүйікті өнерінің бірі болып, бұқараны шексіз қуантты. Кино идеялық қарсыластарымызбен күресе отырып үлкен шыңдалу белесінен өтті. Тәрбиелік танымдық маңызы бар кино басқару орталығы тарапынан үлкен қолдау тауып оның жұмысын әрмен қарай дамытуға жағдай жасады. Жоғарыдағы берілген ең маңызды өнер атауы киноөнерінің қоғамдағы орның рөлін бүгінгі ХХІ ғасыр нарық заманында да жоғалтқан жоқ.

 

Кеңес өкіметінің алғашқы күндерінен бастап-ақ шет аймақ халықтарының өміріне кино жаппай дерлік ене бастады. Осы кездерде одақтық республикаларда ұлттық киноматография даму жолына бет алды (Украина, Грузия, Арменияда). Кино өнері өзінің алғашқы күнінен бастап-ақ түрі ұлттық, мазмұны кеңестік өнер ретінде даму жолына түскен. Ұлттық кино өнерлерінің дамуына орыс киноматография шеберлерінің қолдауы зор рөл атқарды. Осы кезде Орта Азия мен Қазақстанның кинофикациясы қалыптасу дәуіріне өткен. 1924 жылы болған ВКП(б) ның ХІІ съезінің шешімі бойынша кинофикацияны ұйымдастыру, оның материалдық базасын жасау және әрмен қарай дамыту туралы көптеген құжаттар қабылданды, міндеттер қойылды. Орта Азия республикалары ішінде Өзбекстанда кинематография саласы жылдам дами бастады. 1926 жылы Орта Азия мәдениеті тарихында Ташкент қаласында көркемсуретті фильмдердің киностудиялары ашылып, алғашқы тырнақ алды фильмдері түсірілді.

 

Орыс кино өнері қайраткерлерінің көмегімен 1925 жылы Қазақстанда алғашқы рет Қызылорда қаласында (бұл кезде Қазақстанның астанасы) өткен кеңестік Қазақстанның бесінші съезінің жұмысын бейнелейтін деректі кинохрониканың кадрлері түсірілді. Бұл түсірілген кадрлерді Мәскеуде Госвоенкино студиясының лабораторияларында өңдеген. Ол тұста Қазақстанда кино қоятын аппараттар саусақпен санарлықтай ғана еді, олар Ақтөбеде, Қызылордада, Темір қалаларында және Шымкентте орнатылған.  

 

1927 жылы болған ВКП(б)-ның XV съезінің шешімдері бойынша партия киноны одан әрмен дамыту жөнінде талаптар қойды. Кино еңбекші бұқараның үгітшісі ғана емес, бір жағынан мемлекетке табыс келтіретін сала екендігіне баса көңіл аударды. 1928 жылы Қазақ АССР-ның астанасы Қызылорда қаласынан Алматыға көшті. Қазақстанның жаңа астанасына Мәскеуден «Шығыс кино» (ВостокКино) қызметкерлері республикамызда қазақ бөлімін ашты. 1927 жылдың 1 қаңтарында республикада 92 мылқау кино қондырғы қызмет жасаған. Кинофильмдер Қазақстан тұрғындарын күнбе-күн қызықтырып, көрермендер санын көбейтті. Елімізде бірінші бесжылдық кезінде (1928-1932) киноқондырғылар саны 3,8 есе өсті. 1931 жылы бірінші дыбысты көркем суретті фильм («Өмірге жол») өндіріске енді. Кеңес киноматографиясы үшін болашаққа жаңа жол бастау алды. Ал Қазақстанда алғашқы дыбысты кинотеатр 1933 жылы тамызда ашылды. 1936 жылы Қазақстанда 477-ге жуық дыбысты киноқондырғылар болды.

Біртіндеп киножүйесін ұйымдастыру, басқару органдары өмірге келді. 1938 жылдың 22 наурызынан бастап республикада Қазақстан үкіметі жанынан кинофикация комитеті құрылды. Қазақтың ұлттық мәдениетінің әр салалары: әдебиет, музыка, театр бірімен-бірі қоян-қолтық, ұштаса дамыды. Қазақ халқының көркем өнері өзінің дамуы барысында кәсіби шығармашылық шыңдарын меңгеруде елеулі табыстарға жетті. Кино өнері талантты актерлері мен суретшілері, жазушылары мен композиторлары бар, мәдениетті елде ғана болады, дамиды, өріс алады. Мінеки, осындай мәдениетті қазақ елінде ұлттық кино өнерінің іргетасы қаланды. РСФСР үкіметі бұл іске түбегейлі көмек көрсету үшін 30-шы жылдардың аяғында «Шығыс кино» тресін ұйымдастырды. Оның негізгі міндеті — Орта Азия мен Қазақстан халықтарының өмірінен көркем және деректі фильмдер жасау. Сондай-ақ ұлттық кино өнері үшін өз кадрлерін әзірлеу болды. «Күншығыс киноның» Алматыдағы бөлімі өз жұмысын «Алматы және оның төңірегі», «Жайлауда» деген деректі фильмдер шығарудан бастады. Түркістан-Сібір темір жолының құрылысына арналған «Турксиб» фильмі өзінің мазмұны жағынан анағұрлым маңызды фильм болды. Орыс киoнөнерінің шығармалары санатындағы бұл фильмдер қазақ кино өнерінің тууына себепкер болып, зор әсер етті. Жас киноның өзіндік стилінің, шығармашылық бейнесінің қалыптасуына үлкен жәрдемі болды. Мәселен, Қазақ халқының өмірінен алынып «Күншығыс кино» түсірген дыбыссыз фильмдердің бірі «Жұт». Бұл «көркемөнердің ең көпшіл түрі – кино» екенін шын мәнісіндегі мәдениетке жаңа ғана бет алған қазақ жұртшылығының ұғына қоймаған «жанды суретті» (киноны) жай көргені болмаса, оның жасалуы жағынан мүлде бейхабар шағы. Сондықтан қазақ өмірінен тұңғыш жасалған «Жұт» фильмінің сәтсіз болып шыққаны да таңданарлық нәрсе емес.  Отызыншы жылдардың басында «Күншығыс кино» тресі Қазақстан өңіріне «Дала әндері», «Жұт», «Қаратау құпиясы» т.б. бірнеше көркем суретті флльдер жасалып өндіріске қойылуға берілді. Бірақ бұл фильмдер қазақ халқы өмірінің кейбір фактілерін көркемдеп суреттеуге талпынғанымен, кино өнеріміздің өзіндік дәстүрін туғыза алмады. Қазақ кино өнері өзінің туу тарихын 1938 жылы шыққан «Амангелді» фильмінен бастайды. Бұл қазақ көркемөнерінің тарихындағы жаңа үрдіс, ұлы өзгеріс.

 

Кино өнерінің қалыпты дамуына бірқатар алғышарттар керек. Фильм коллективтік еңбекпен жасалады. Оған барлық өнер саласының өкілдері, сценаристер, режиссерлар, актерлар, операторлардың талантты тобымен қатар толып жатқан түрлі техника мамандарының да қатысуы шарт. Қазақ киносының алғашқы шығармалары туған кезде бізде жергілікті мамандар да, материалдық-техникалық база да болған жоқ, сонда бізге алғаш көрші орыс өнері өкілдерінің көмекке келгендігін жасырып, жаба салуға болмайды. Қазақ кино өнерінің тұңғышы «Амангелді» тумастан бұрын оған Қазақстанда көп жылдар бойы әзірлік жүргізілді. Халықтың мәдени дәстүрлерін, тарихын, өнерін, тұрмыс өзгешеліктерін экранда көрсету мүмкіндіктері іздестірілді. Осындай мүмкіндіктердің кілтін тапқанда, орайы келгенде ғана 1938 жылы «Ленфильм» «Амангелді» фильмін экранға шығарды. Режиссері М.Левин, сценариін атақты қазақ жазушылары Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов, В.Иванов жазған еді. Фильмге даңқты сахна шеберлері, КСРО-ның халық артисі Қалибек Қуанышбаев, Қазақстанның халық артистері Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейтов және де бұлардың өкшесін басып келе жатқан тамаша өнерлі жастар қатынасты. Амангелді рөлін ойнаған – Қазақ КСР-ның халық артисі Елубай Өмірзақов нағыз батыр бейнесін көрермендер алдына тартып, нанымды ойынымен халықты таңқалдырды. Тарихи тұлғаны дәл сомдады. Ең елеулі кезең – қазақ әйелдері тұңғыш рет басты рөлді орындап экранға шықты. Қазақстанның халық артисі Шара Амангелдінің жауынгер жары Балым рөлін ойдағыдай орындап, көрермендер алғысын алды. «Амангелді» картинасы түсіріле бастаған кезде бірсыпыра қазақ жастары сұрыпталып алынып, киноматография саласына оқуға, қызметке жіберіле бастаған еді. Тап сол уақытта Е.Тынышбаев пен Хакім Дәулетбеков «Мосфильмде» қызметте, Ф.Әбсәләмов т.б. Мәскеудегі бүкілодақтық киноматография институтында оқып жүрген-ді. Қазақ киносының қарлығашы атанған халқының құрметіне бөленген «Қазақстанның көркемөнеріне еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған. Қазақ кеңес киносының іргетасын өз қорымен қаласқан шебер Хакім Дәулетбековтің зор еңбегі сонау 1930 жылдары басталған.

 

1936 жылдан бастап қазақ киноөнерінде Қазақ КСР-ның өнеріне еңбегі сіңген қайраткерлері, режиссерлер Ораз Әбішев және Хакім Дәулетбековтер жұмыс жасады. Алғашқы киножурналдар қазіргі Киножурналдармен салыстырғанда тақырыбы құндылығы, мазмұндылығы жағынан төмен дәрежеде болды. Соғысқа дейін «Машинист қазақ», «Қазақ әйелі интеллигент» т.б. фильмдер жарыққа шықты. Бұл уақытта осы тақырыптар өте маңызды еді. Олар — қазақ халқының қалыптасуын, көшпелі халықтың индустриялық мамандарын өзінің ұлттық интеллигенттерін мақтан етерлік фильмдер. 1938 жылы Нью-Йорктегі кеңес көрмесіне арнап Балқаш мысқорытушыларының комбинаты туралы, «Жамбыл ата» басқа да фильмдер жарық көрді. Қазақ республикасы шетелге таныстырыла бастады. Қазақстан өкімет басшыларының шешімі бойынша 1940 жылдан бастап кинохроника жанынан көркем фильмдерді қазақ тіліне аударатын (дублирование) шеберхана ашылды. Отан соғысы басталғанша «Чапаев», Ленинге байланысты т.б. фильмдер аударма жолымен қазақ тілінде сөйледі. Мұнда да, осы салада белсенді еңбек еткен Қазақ КСР-ның халық артисі — Елубай Өмірзақов болды. Отан соғысына дейінгі республиканың кино қорларында барлығы 1954 фильм көшірмелері жинақталып сақталған. Соғыс жағдайында мәдениет қайраткерлерінің алдына жаңа жауапты міндеттер туды. Олар фашист соғыс құмарларына қарсы халық ызасын туғызып еңбекші бұқараны жауға қарсы бір адамдай жұмылуға шақырды. Соғыстың алғаш күнінен бастап-ақ майданға біздің үздік кинооператорлар жіберіле бастады. Киностудияларда әскери киноновеллалар мен киножинақтар «Біздің алдымызда жеңіс» деген атпен одақтастар экрандарында көрсетіле бастады.

 

Соғыстың алғашқы жылдарында Алматыда, Ақтөбеде, Семей т.б. қалаларда Мәскеу, Ленинград, Харьков театрының өнер шеберлері қазақтың ұлттық театрының дамуы ісіне өз үлестерін қосты. Олар да өз ретінде қазақтың сахна шеберлерінің тәжірибесін үйренді. Кеңестік киноөнер Алматыға келмей тұрғанда, Алматы киностудиясында небәрі жеті адам еңбек ететін. Оның өзі кәсіби мамандар емес, әкімшілік қызметкерлері еді. Бұл ұжымға бір бөлме ғана белінген болатын. Соғыс жылдарында «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудиялары Алматыға қоныс аударды. Олардың қайта эвакуациялануына байланысты Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесі 1944 жылы 20 наурызда «Қазақстанда көркем суретті кинематографияны онан әрі дамыту шаралары туралы» қаулы алды.

 

Қазақстанның орталық комитеті Мәскеу мен Ленинградтан келген киноматографистерден қазақ киноөнерінің қалыптасуына көмек беруін өтінді. Бұл өтініш дереу іске асты. ЦОКС штабына қазақ актерлері, суретшілері, музыканттары, әдебиетшілері, журналистері алынды. Ол қазақтың өнерлі жастары үшін үлкен мектеп. Ал әйгілі орыс режиссерлары қазақ халқы туралы фильмдер түсіре бастады. «Жауынгер ұлы» және «Алып туралы ән» фильмі - ұлттық киноөнердің нық тұруына себепші болды. Екінші фильмі Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың көзсіз ерлігіне арналды. Орыс режиссері В.Строевтың ой- қиялынан туса да, фильмінен қазақы үрдіс байқалып тұрды. Оның сыры неде десеңіз, режиссер фильмнің өне бойына қазақтың халық әні «Қаракесекті» арқау етеді. Шеберліктің шыңы да, ұлттық өнерді түсіну де осы. Осыдан кейін-ақ, «Ақ Раушан» алғашқы қазақ кинокомедиясын Е.Арон өмірге әкелді. Бұл туындыдан С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Ш.Айманов, С.Телғараев, Н.Таrалова, т.б. қазақ актерлерінің биік деңгейдегі актерлық шеберлігі көрінді.

 

1943 жылы қыркүйек айларында Алматы маңында «Мосфильм» киностудиясы «Иван Грозный» фильмін түсірді. Фильмде сұсты патша Иван Грозныйдың Қазанға тарихи жорықтары бейнеленген. Қазақ даласы орыстың XVII ғасырларын суреттейтін панорамаға айналды. Жинақтап айтқанда, мұнда негізінен XVII ғасырдағы орыстар мен татарлар арасындағы бақталастық қиымл-қозғалыстар суреттеледі. «Иван Грозный» фильмін түсіру барысында 18 вагон ағаш жұмсалды. Мыңдаған метр мата, «Жасанды Қазан» қаласын өртеуге тонналаған бензин, керосин әкелінді. Қазақ жерінде осындай үлкен тарихты баяндайтын туындылар жарық көрді. Иван Грозный рөлін Н.Черкасов ойнады, қоюшы С.Эйзенштейн, режиссері С.Свешник. Фильм бүгінде кино өнерінің алтын қазынасында сақтаулы.

 

Соғыс жылдары жауынгерлерді мәдени жағынан қамтамасыз етуді қолға алып Қазақстаннан тоғыз көркем бригадалар жіберілді. Осы тұста 1944 жылы Қазақстанның кино өнерінің қайраткерлері жауынгерлерге арнап, 1944 жылы «Жауынгер баласы», «Дала батырлары» атты қысқа метражды фильм шығарды. 1944 жылдары қазақтың ұлы ақыны Абайдың өмірін бейнелейтін «Абай әні» фильмін түсіру жұмысына кірісті. Фильмді қоюшы одақтық кино шеберлерінің бірі – Г.Рошаль. 1945 жылы тамызда Абайдың туғанына 100 жыл толды. Осы даңқты күнге республикамыз дайындалып жатқанда, қазақ халқымен бірге бұл мерекені барлық кеңес халқы да тойлады. Ақын туралы киноны мерекеге тарту еткен, сыйлаған қазақ киностудиясы болды.

 

«Абай әні» фильмі өзінің көлемі және мазмұны мен көркемдігі жағынан озық туынды еді. 1953 жылғы «Жамбыл» фильмі экранға шыққанға дейін біздегі киностудия «Қазақстан» киножурналын және фильмдерді қазақ тіліне аударумен ғана шектелді. 1953 жылы киностудия одақтық экранға «Жамбыл» атты тұңғыш түрлі-түсті көркем фильмді жасап, көрермендерге ұсынды.

 

Фильмде ақынның өмірі мен өнерін көрсету негізінде, қазақ жерінде болған оңды өзгерістер, көрші халықтармен тығыз байланысқа шығуы айқын көрсетілген. КСРО халық әртісі Шәкен Айманов өзінің биік талантын осы Жамбылдың мәңгі өшпес образын жасау арқылы көпшілік көрермендерге танытты. Бұл фильмді түсіруге режиссер көмекшісі міндетінде жүрген М.Бегалин жақсы қырынан танылып, кейін талантты режиссерлердің біріне айналды. Біздің киностудиядан шыққан осы «Жамбыл» фильмі кейін шет елдерде де көрсетіліп, зор табысқа ие болды. «Жамбыл» фильмі туралы Венгрияның газеті «Сабаднеп» - «Кино көркемөнердің мүмкіншілігін пайдаланып, халық жаршысы – ақынға деген ескерткіш жасаған» деп жазды.

 

Көркем және түрлі-түсті «Жамбыл» фильмін жасап шығару киностудияның техникалық базасына үлкен талаптар қойды және оны қайта құру, кадрлар құрамын нығайту жөнінде бірқатар негізгі мәселелердің шешілуін тездетті. Бұлардың барлығы да қазақ кино өнері тарихының даму дәуірі. Қазақ кино өнерінің одан әрмен дамуы, қазақ фольклорының ізімен жазылған «Махаббат туралы дастан» театр спектальдерін экранға түсіруден басталды. Көпшілік қауым театр сахнасында қойылып жүрген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жазушы Ғабит Мүсіреповтың қаламынан қайта өтіп киносценарийге айналды, режиссерлер Ш.Айманов пен К.Гаккельдің қоюы бойынша 1953-54 жылдары одақтық кино экранға шықты. Осы жылдары «Махаббат туралы дастан» атты көркем туынды, «Мазасыз көктем», «Колхоз балалары туралы», «Қанатты сыйлық», тың жердегі еңбекшілер туралы «Біз осында тұрамыз» және бір аудан қызметкерлерінің мансапқорлығы туралы «Жақыповтың мансабы» фильмдері жарыққа шықты. «Қанатты сыйлық» фильмі – қазақ киноөнерінің іргетасы қаланғаннан бергі тұңғыш рет балаларға арналып шығарылды. Осылайша, балалар фильмі де қазақ киноөнерінің бір саласына айналды. 1958-60 жылдары қазақ киноөнерінің тарихи тақырыптарға жазылған фильмдер пайда бола бастады. Олардың бірі – республиканың көрнекті жазушысы С.Мұқановтың «Ботакөз» романы бойынша Солтүстік Қазақстандағы революциялық қозғалыс пен онда жаңа өкімет орнатылуы туралы туынды. Фильмді республика жұртшылығы өте жылы қарсы алды. Тек Қазақстанның өзінде ғана бұл фильмді екі жарым миллионнан астам адам көрді. Фильмнің негізгі рөлдерін Нұрмұхан Жантөрин (Қодар), Шолпан Жандарбекова (Баян), Серке Қожамқұлов (Қарабай) ойдағыдай орындап шықты. Киноның сценариін жазған, экранға шығарған режиссер және басты рөлдердегі әртістерді қосқанда барлығы бес адамның кейін екеуі Еңбек Ері, екеуі КСРО халық әртісі атағын алса, ал Нұрмұхан Жантөрин Одақтың бірнеше кинофильмдеріне түсуге қатысып көрермендерден жоғары баға алды. Осы жылдары малшылардың еңбегін көрсету үшін фильмде мультипликация әдісі қолданған. Фильмдер түсіретін бір ғана павильоны бола тұрса да, киностудия 1954 жылдан бастап жылына үш, төрт көркем суретті фильм шығарды. Мұндай бұрын-соңды болмаған карқынға көшуге сценарий, дайындау жұмысының едәуір жақсартылғаны, киностудияның жаңа техникамен жабдықталып, жас шығармашыл кадрлар қатарының өскендігі мүмкіндік берді. Міне, осы байланыстар күн санап өсіп отырды, мұның кепілі ретінде, 1954 жылы өндіріске беріліп, 1955 жылдың орта шенінде экранға «Дала қызы» және «Өжет қыз» т.б. көркем фильм шықты. Бұл фильмдер көрермендерінен әділ баға алды. «Дала қызы» фильмі феодалдық әйел теңсіздігінен құтылып, ғылым және қоғам қайраткері болуға қолы жеткен қазақ әйелі Нұржамал Болатованың бақытты өміржолын баяндайды. Малшылар тұрмысынан алынған түрлі-түсті «Өжет қыз» атты бірінші кинокомедияда (сценарисі Ш.Құсайынов, В.Абызов, режиссері С.Боголюбов) жылқышы қыз рөлін жас киноактриса Лола Әбдікәрімова, автоклуб меңгерушісін М.Сүртібаев жақсы ойнады. Музыкалық фильмді жасауда танымал композиторлардың бірі В.Соловьев-Седой көп еңбек етті. Міне, осы «Өжет қыз» фильмі телеэкрандарда бүгінде де жиі көрсетіліп келеді. Өмірі ұзақ болғай!

 

1955-1956 жылдары қазақ киностудиясы тұрмыс тақырыптарына батыл бет бұрып, екі жылдың ішінде экрандарға төрт толық метражды, екі қысқа метражды көркем фильмдер жасап шығарды. Мұның ішінде тың жерде құрылған совхозға жаңадан қоныстанушылар туралы (авторлары Н.Филиппов, М.Хасенса, Е.Арон) кино бар. Бұл фильмнің тұңғыш кадрлерінен 1913 жылдың басында оқудан қайтқан Алексей Кулаковты қарсы алған бай жанұя шаңырағындағы сауық-сайранды көреміз.

 

«Шоқан Уәлиханов» фильмі — қазақ халқының аса ғұлама тұңғыш ғалымы және ағартушысы туралы, қазақ және орыс халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерінің достығы жайлы (авторлары –  С.Ермолинский, М.Блейман, режиссері – М.Бегалин). Бұл фильмде қазақ экранында бұрын-соңды кездеспеген өмір, жаңа кейіпкерлер бар. Екінші Александр патша, оның айналасындағы нөкерлер, княздар мен генералдар тұлғасын жасау, әдет-ғұрып сақтау, патша сарайының атмосферасын беру көп ізденуді, зерттеуді қалады, сонымен қатар ХІХ ғасырдағы ілгері ойлы орыс қауымының көрнекті өкілдері Н.Г.Чернышевский, петрашевшіл Дуровтардың өмірін беру де оңайға түспеді. Бір-біріне қарама-қарсы осындай екі қауыммен бірдей араласып өскен Шоқан А.Майков, Ф.И.Достаевский, Г.П.Потанин сияқты белгілі ақын, жазушы, ғалымдармен сырлас, достас болған. Еуропалық мәдениетті бойына мол сіңірген және өзінің ұлттық намысын жоғары ұстаған Шоқан тұлғасын жасау қазақ кино өнерінің толысып қалғандығының айғағындай. Кино желісінде қазақ халқының атақты ұлы, ғалым-этнограф және белгілі жиһангер Шоқан Уәлиханов Петербург ғалымдарының көңілін өзіне аударады, мәртебелі ортадан құрмет табады. Дегенмен де, жеке басының жетістігі қазақ ғалымын онша тыныштандыра қоймайды, қайта жаңа табыстарға жетелеп, қанаттандыра түседі. 1958 жылы шыққан «Біздің сүйікті дәрігеріміз» – қазақ өнер қайраткерлерінің қатысуымен жасалған бүгінде де жиі көрсетіліп отыратын кинокомедия (авторы – Я.Зискинд, режиссері – Ш.Айманов). Соңғы 1958-60 жылдары шыққан 11 кинокартинаның сегізі уақыт тақырыптарына арналған. Олар «Тыныштық», «Ертіс жағалауында», «Менің ұлым» т.б. фильмдер.

 

1958 жылғы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші өнер он күндігі қарсаңында қазақ киностудиясы «Біздің сүйікті дәрігер», «Ботакөз», «Шоқан Уәлиханов» фильмдерін шығарды. Бұл фильмдер қазақ халқының өткен өміріндегі тарихи кезеңдерді бейнелейді. «Шоқан Уәлиханов» фильмі қазақ халқының патша заманындағы бақытсыз өмірін, отаршылардан көрген қорлығын көрсетсе, «Ботакөз» және «Жамбыл» фильмдерінде Қазақстанда Кеңес өкіметінің кескілескен күреспен орнауы, уақытында халқымыздың үлкен бақытқа ие болғанына және мұндай туындыны жарыққа шығарған режиссерлердің жұмысына осы саланың қайраткерлері өте орынды баға берді. Онкүндік кезінде қазақ фильмдерінің Мәскеуде болған талқылауында кино өнерінің көрнекті шеберлерінің бірі Сергей Герасимов «Қазақ киноматографиясы туысқан республикалар кино өнерінің (бұл жерде КСРО айтылады) ең тәуір дегендерімен алдыңғы сапта келеді» – деп бағалады Осы онкүндік кезінде Шоқан бейнесін үздік образ жасағаны үшін Н.Жантөринге диплом берді, ол заманында жоғары сый болатын. 1960 жылы республиканың қырық жылдық мерекесіне «Қазақфильм»: «Бір ауданда», «Тыныштық» фильмдерін шығарды.

 

Кино майдандағы қызметкерлердің 1963 жылы қаңтарда бірінші съезі ашылды. Съезд біздің республиканың мәдени өміріндегі үлкен жаңалық еді. Мұнда қазақ кино өнерін онан әрмен дамыту туралы байыпты әңгімелер қозғалды. Съезде кинодраматургия, сценарий мәселелеріне көбірек тоқталды. Жақсы сценарисіз жақсы фильм жарық көруі мүмкін еместігі талассыз. Жиынға дейінгі 1956-62 жылдарда «Қазақфильм» киностудиясына түскен 55 сценарийдің тек қана он үшi кино түсіруге жарайтындай еді. 1964 жылы «Қазақфильм» студиясы балаларға арнап «Менің атым Қожа» фильмін шығарды (сценарий авторы – Б.Соқпақбаев, режиссері – А.Қарсақбаев). 1948 жылы селолық киноқондырғылар саны соғыстан бұрынғы дәрежеден анағұрлым артып, барлық дыбыссыз киножүйелер дыбысты киноқондырғылармен ауыстырылды. 1952 жылы еңбекшілердің кино көруі соғыстан бұрынғы дәрежеден асып түсті, ал 1956 жылы олардың қатары 70 миллионға жеткен. Бұл соғыстан бұрынғы 1940 жылмен салыстырғанда 2,8 есе жоғары. Революциядан бұрын Қазақстанда сегіз ғана киномеханик болса, бірде-бір инженер, техник болған емес. Соғыстан бұрынғы жылы 636 киномеханик, 2 инженер, 6 техник болса, ал 1956 жылы киномекемелердегі киномеханик саны 1967-ге көтерілді. 1956 жылы 414 киномеханик даярланды, оның ішінде 99 қазақ жастары. Киноқызметкерлерінің қатарын көбейтуде 1939 жылы ашылған Алматының киномеханиктер мектебі мен кинотехникумының рөлі зор. 1953-63 жылдары Алматы кинотехникумы 1012 кинотехник даярлады. Алматы, Қарағанды кинотехниктер мектебін 5606 киномеханик бітірген. Қазақстанда кино қарқынды дами бастады. 1955-1965 жылдары республиканың киноқондырғылар саны 3,5 есе өсті. Елімізде кино жүйесі санының өсуімен байланысты кинотеатрлар саны да көбейді.

 

Орыс әдебиеті мен өнерінің Қазақстандағы онкүндігі қарсаңында Алматыда 1600 орындық панорамалы кинотеатр ашылды. Бұл театр тың жердегі егін орағының құрметіне «Целинный» деп аталды. Кинотеатр техниканың ең соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Қазақстан кинематография қорында 250-ден астам фильм бар екен. 2000-2001 жылдары жылына 2 кино ғана түсірілсе, 2002 жылы бұл сан 9-ға, 2003-те 13-ке, 2004-те 15-ке, 2005-те 7 фильмге жетіпті.

 

Еліміздің «Қазақфильм» киностудиясы кинолардың 80 пайызын қазақ тілінде түсіріп жүр. Бұл ұлттық рухтың жаңғыруы. Қазақ киноөнерін жасаушы ұлт кадрларының қатары да толысты. Республиканың қино өнерінің дамуымен байланысты қазақ әдебиетінде жаңа жанр- кинодраматургия туды. Бұл жанрды өркендетуде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Құсайынов, В.Абызов, Ә.Тәжібаев тағы басқалар елеулі еңбек етіп әдеби сценарийлер берді. Қазақ кино өнерін өркендетуге үлкен еңбек еткен режиссерлар – Ш.Айманов, М.Бегалин С.Ходжиков, А.Қарсақбаев, Қ. Әбусейітов, суретші – С.Романов, операторлар – А.Ашрапов, Д. Тналиналар болды. Бұлар жасаған соны образдар одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзі экрандарынан көпшілікке ұсынылды.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: